Қоғам • 12 Қаңтар, 2024

Астанада Ұлттық ұланның гала-концерті өтті

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл сайын еліміздің астанасында құқықтық тәртіп әскерлерінің құрылу күніне орай Ән-би Ансамблі мен ҚР Ұлттық ұланының Үлгілі-көрсетімді оркестрінің гала-концерті өтеді. «Ұлттық ұлан - елдің қорғаны» атты концерт әртістердің ерекше өнерімен және композицияларымен есте қаларлықтай болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада Ұлттық ұланның гала-концерті өтті

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Талантты өнер иелерінің орындауындағы Отанға деген сүйіспеншілік туралы патриоттық әндер халықтың жүрегінен бұрыннан орын алған. Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің әншілері мен бишілерінсіз және ансамбль музыканттарынсыз біздің еліміздегі бірде-бір ірі патриоттық іс-шаралар өткізілмейді.

Әскери тақырыптағы концерттер міндетті түрде шығармашылық ұжымның сахналық қойылымдарымен жалғасуы дәстүрге айналды.

Бүгінгі таңда Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі отандық өнер саласындағы ең үздік кәсіби ұжымдардың бірі ғана емес, сонымен қатар еліміздің күш ведомстволары арасында елордада және еліміздің өңірлерінде гала-концерттермен өнер көрсететін жалғыз әскери-музыкалық ұжым.

Алғашқы минуттардан бастап зал үлкен қошеметпен қарсы алды. Қалыптасқан дәстүр бойынша концерт ұландық оркестрдің орындауындағы мерекелік фанфарлардың үнімен басталды.

«Жасай бер Ұландар» атты алғашқы композиция 32 жыл бойы қоғам мен мемлекеттің қоғамдық қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етіп келе жатқан Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне арналды. Ән-би ансамблінің хор солистеріне Үлгілі-көрсетімді оркестрінің музыканттары кәсіби сүйемелдеді.  

Биылғы жылы концерт көрермендерді танымал отандық әртістер мен еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің жарқын қойылымдарымен ғана емес, әскери қызметшілердің ұйымдастырылған қойылымдарымен де қуантты. Сахнада ұландықтармен бірге отандық эстрада жұлдызы Маржан Арапбаева Юрий Саульскийдің музыкасына «Желаю тебе земля моя» композициясын орындап, өзінің талантымен таңғалдырды. Оның қойылымы концертке қатысқандардың барлығының есінде қалған нағыз көркем шедеврге айналды.

Концерттік бағдарлама тек лирикалық және әскери композицияларды ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы композицияларды да қамтыды, сондай-ақ оркестрдің орындауындағы қазақ күйлерінің әуендері арқылы еліміздің мәдениетінің тарихын білдірді.

Ансамбльдің солисі Денис Яковлевті ерекше атап өткен жөн. Ол «Балқадиша» атты шығарманы орындап, өзінің талантымен  көрермен жүрегінен орын алды.

Залда көрермен ретінде Ішкі істер органдарының, сондай-ақ басқа да өзара іс-қимыл құрылымдарының ардагерлері қатысты. Олардың құрметіне «Ардагерлер» композициясы шырқалды. Көрермендерге Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілерінің қарумен виртуоздық дефиле ұсынды.

Гала-концерт дәстүрлі түрде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашевтің және Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі мен Үлгілі-көрсетімді оркестрінің барлық ұжымының орындауындағы «Елдің қорғаны» әнімен аяқталды.