Аймақтар • 15 Қаңтар, 2024

Шығыста бірнеше ауыл қар құрсауында қалды

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Толассыз жауған қардың салдарынан Марқакөл ауданындағы бірқатар ауыл тұрғындары аттап баса алмай қалған.

Шығыста бірнеше ауыл қар құрсауында қалды

Фото: ауыл тұрғындарынан

Жергілікті билік өкілдерінен алған ақпаратқа сүйенсек, Қарой, Қарашілік, Төсқайың, Бұғымүйіз және Шанағаты ауылдарына көлік қатынай алмайды. Дәл қазір «ОблШығысЖол» ЖШС қызметкерлері жеті техникамен жолды ашып жатыр. Облыс орталығынан тағы да қосымша техника жолға шыққан.

Қар құрсауы көлік қозғалысын шектеп ғана қоймай, шалғай ауылдағы науқасқа асыққан медицина қызметкерлеріне де қол байлау болғанын айтуымыз керек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, Төсқайың ауылының 71 жастағы тұрғыны ишемиялық инсульт алған. Күн райы бұзылуына байланысты көлік қозғалысы ғана шектелген жоқ, тікұшақтың ұшуына да тыйым салынған-ды. Сондықтан пациентке көмек дер кезінде көрсету мүмкін болмаған.

Дегенмен, бүгін Марқакөл ауданы Төсқайың ауылындағы ауыр науқасқа медициналық көмек көрсету үшін облыстың бас реаниматологы, санавиацияның фельдшері жолға шықты.

«Кеше санавиацияның бас реаниматологы, фельдшері төтенше жағдайлар департаментінің жол талғамайтын көлігімен, барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған кешенмен бірге жолға шыққан-ды. Олар қазір Ұрынхай ауылына жетті, енді ары қарай тағы 65 шақырым жолды еңсеріп, пациенттің ауылына баруға тиіс. Науқасқа барлық көмек сол жерде көрсетіледі. Ары қарай емін қалай алатыны дәрігерлер шешімімен анықталып, ауданарық ауруханаға не облыс орталығына жеткізіледі», деп мәлімдеді салалық басқармада.

Қатардағы көліктерді айтпағанда ТЖД-нің жол талғамайтын көліктері де қалың қардан жүре алмай кідіріп қалған. Соған қарамастан жауапты орындар табиғаттың тосын мінезімен күресіп, жолды қардан аршу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Осы орайда тұрғындар да жағдайға түсіністікпен қарап, қар құрсауында қамалып қалмау үшін жолға шықпағаны абзал.