Медицина • 18 Қаңтар, 2024

Гипоспадия қандай кесел?

73 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығында ерекше әрі күрделі санаттағы хирургиялық операциялар жүргізілді. Осылайша, тоғыз бірдей бала кезегімен операция үстеліне жатқызылып, келешегіне кесірін тигізер кеселдерінен құтылды.

Гипоспадия қандай кесел?

Тағдыр басқа салған соң, та­лай отбасы шетелде қымбат опе­рация жасату үшін кейде қа­­ра­­жат жинауға көмек сұрап, шара­­сыздықтан қайырымдылық ұйым­­дарына жүгініп жататынын көріп жүрміз. Осы мәселеде қолы ұзын қайырымдылық қор­ларының септігімен елімізде ха­лықаралық шеберлік дәрістерін өткізіп, гипоспадия (несеп-жыныс жүйесі кеселі) диагнозы қойыл­ған балаларға бір мезетте опе­рациялар жасауға шешім қабыл­данды.

Осынау операцияларды атқа­ру үшін лондондық профессор Им­ран Муштак Алматыға арнайы шақыртылып, оған Астана, Алматы, Қарағанды мен көршілес Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен шеберліктерін шың­дау­ға келген балалар хирургтері көмектесті. Балалар шұғыл меди­циналық көмек көрсету орта­лығында балалар урологтері­не арналған шеберлік сабағы өтіп, балаларға несеп-жыныс жолдарына демонстрациялық реконструктивтік пластикалық операциялар жасалды. Әріп­тестерімен бірге кішкентай па­циент­терге бірегей операция­лар­ды жүргізген урология­лық хи­рургтердің бірі доктор Им­ран Муштак – Лондон­да­ғы шағын инвазивті уроло­гия­­лық хирургияның бастауын­да тұрған әрі бүгінгі таң­да Ұлы­британиядағы жетек­ші лапа­роскопиялық хирургтері­нің қатарында.

 «Гипоспадия синдромы жиі кездеседі, оны тек хирургия­лық жолмен ғана емдеуге болады. Егер операция ерте бастан жасалмаса, баланың есеюі қиынға соғады, кіші дәретке баратын кезде қиналады. Осындай диаг­­нозы бар жасөспірімдердің ересек өмірге өтуі оңай емес. Мұндай операция бірден нәти­же берме­генімен, баланың ортаға бейім­делуіне жақсы жағ­дай тудырып, болашағына да әсер етеді», дейді профессор Имран Муштак.

Ал сауабы мол әлеуметтік жо­ба­ны сәтімен жүзеге асыруға «Мейірім» қоғамдық қоры ұйыт­қы болды.

«Алматы қаласы Балалар же­дел медициналық жәрдем орта­лығында тамаша урология бөлімі, жоғары кәсіби дәрігерлер бар. Біздің міндетіміз Қазақстанға медициналық технологиялар әкелу болды. «Балаларға өмір сыйла» жобасы диагнозы Қа­зақ­станда қазірге шипасы та­был­маған балаларға көмек көрсе­теді. Кейінгі жылдары шетел­дік мамандар мен біздің ауру­ханалардағы қазақстандық дәрігерлердің қатысуымен осындай операцияларды жасауға күш салып жатырмыз. Бұл бізге медициналық технологияларды әкелуге ғана емес, ең басты­сы осындай отбасыларға көмек­тесуге мүмкіндік бере­ді. Өйткені бала шетелдік клиникаларға барғанда оның операция бөлме­сі, жансақтау бөліміндегі емін, дәрі-дәрмек пен басқа да ме­ди­циналық қызметтердің бәрін өзіміз төлейміз. Ал операция­ны осында жасағанда, тегін медициналық көмектің кепілден­дірілген көлемі аясында балалар біздің ауруханаларға жатқы­зылады, бұл емделу құнын айтар­лықтай төмендетеді», деді «Мейірім» ерікті қоғамы» ҚҚ директоры Аружан Саин.

Айтқандай, операция жа­сал­ған ең кішісі 2,7 жасар, үлкені 16 жастағы науқастарды «Мейі­рім» ерікті қоғамымен бірге Ал­маты қаласы Балалар жедел меди­ци­налық көмек көрсету орталы­ғының дәрігерлері таң­дады. Қазір операция жасалған баланың бәрі палатаға ауысты­рылған әрі жағдайлары да бірқа­лыпты.

«Операция кезінде пластика­лық түзету әдісін қолдана отырып, тері ауыстырдық. Тері жа­мы­лғылары құлақтың артынан алы­нып, ұл балаларға зәр жо­лы­ның анатомиялық дұрыс қа­лыбы жасалады. Біз еліміздің ешбір отандық ауруханасында жасалмаған операцияларды таңдадық, Қазақстанның әр өңірінен балалар алдырылды. Қазірге пациенттер орталықта, мамандардың бақылауында болады. Мұндай кезде науқас үшін операциядан кейінгі күтім, алғашқы оңалту мен дина­ми­калық бақылау жүргізу өте маңызды. Алдағы күндері біз осымен айналысамыз», дейді Алматы Балалар жедел меди­циналық көмек көрсету орталығы урология бөлімінің меңгерушісі Азамат Раев.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024