Саясат • 18 Қаңтар, 2024

Сенаторлар бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады

83 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарап, мақұлдады және депутаттық сауалдарын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады

Фото: Сенат

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісім тараптарға денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздікті қолдауға қатысты халықаралық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беретін ережелерді бекітуге арналған.

Заң ТМД-ға мүше елдердің мемлекеттік санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларын жүргізу кезінде ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етуді көздейді. Бұл, бірінші кезекте, халықаралық медициналық-санитарлық ережелерге сәйкес денсаулық сақтау жүйесінде төтенше жағдайлар туғызуы мүмкін жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға қатысты екенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ Палата отырысында «1999 жылғы 4 маусымдағы Өнертабыстарды құқықтық қорғау саласында мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды. Хаттамаға сәйкес, мәселенің өзекті болмауына байланысты ТМД елдері КСРО кезіндегі өнертабыстардың құпиялылығын қамтамасыз етуді тоқтатады.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» заңды да мақұлдады. Аталған заңның нормалары жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобаларды ілгерілету, әзірлеу және іске асыру, еліміздің аумағында орнықты даму арқылы мемлекеттердің өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған. Бұл тараптардың энергетикалық қауіпсіздік саласындағы мақсаттарына, басымдықтары мен міндеттемелеріне қол жеткізуге, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығарындыларды азайтуға ықпал ететін жобаларға қатысты болмақ.

«Қазіргі таңда әлем елдері жаһандық жылыну мәселесіне баса мән беріп отыр. Біздің елімізде де қоршаған ортаны сақтауға арналған нақты шаралар іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда Дубайда өткен климат жөніндегі саммитте Қазақстан метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылатынын мәлімдеді. Бүгін қаралған арнайы келісім елімізде жаңартылатын энергия саласындағы ірі жобаны іске асыруды көздейді. Жалпы, заңды жүзеге асыру Қазақстанда «жасыл» энергияның үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.

Отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Ольга Булавкина Үкіметті Белоусов кен орнын жою жобасына сараптама жүргізуге шақырды. Себебі жергілікті халық мұндай қадам аймақтың экологиясына және ауыл тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізеді деп шағымданып отыр.

Жанболат Жөргенбаев ірі қара малдың терісін өңдеуге қатысты проблемаларға назар аударып, бұл мәселе ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді алаңдатып отырғанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, аталған түйткілді былғары өндірістерін және жартылай жұқа жүн өңдейтін ірі кәсіпорындар құру арқылы жақсартуға болады.

Ернұр Әйткенов Ертіс өзеніндегі судың азаюына және Қ.Сәтбаев атындағы арнада бөгеттің бұзылуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Депутат Үкіметті осыған орай жедел шаралар қабылдауға шақырды.

Талғат Жүнісов арнаулы білім беру ұйымдарының, оның ішінде оңалту орталықтарының тәрбиешілеріне қосымша ақы төленбейтінін, содан туындайтын мәселелерді тілге тиек етті. Сенатор атап өткендей, өңірлерде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар орталықтары жетіспейді.

Дархан Қыдырәлі шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың жағдайына мониторинг жүргізу мәселесіне Үкіметтің назарын аударды.

Әли Бектаев Наурызды тойлау дәстүрін нығайту үшін идеологиялық негіз қалыптастыруды және оны дәріптеуді ұсынды.

Евгений Больгерт бизнесті өзін-өзі реттеуді жетілдіру қажет екенін айтып, бұл бағытта бірқатар шара ұсынды.