Білім • 18 Қаңтар, 2024

Ғылым және жоғары білім министрлігімен ынтымақтастық нығая береді - Coursera бас директоры

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік экономикалық форумда Coursera бас директоры Джефф Маджонкальда Coursera білім беру платформасындағы Қазақстанның жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігімен ынтымақтастық нығая береді - Coursera бас директоры

Давоста Дүниежүзілік экономикалық форумның 54-ші жыл сайынғы отырысы өтіп жатыр. Іс-шараға 60-тан астам мемлекет және үкімет басшылары, 300-ге жуық министрлер және басқа да саяси көшбасшылар қатысуда.

«The Race to Reskill» талқылауында генеративті жасанды интеллектінің әсері, жұмыс орындарына цифрлық трансформация, адамдар мен мекемелердің қазіргі экономикада өркендеуі үшін қажет дағдылар сияқты тақырыптар талқыланды.

Өз сөзінде Coursera бас директоры Қазақстан туралы Үкімет пен бизнес арасындағы институционалдық ынтымақтастықтың табысты үлгісі ретінде айтып, Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігімен әріптестіктің жетістіктерін бөлісті.

«Біз Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігімен жұмыс істеу барысында Үкімет пен бизнестің, Үкімет пен жоғары оқу орындарының арасындағы ынтымақтастықты көріп отырмыз. Үкімет несие беру жүйесіне қарсы емес, іс жүзінде 25 түрлі мемлекеттік және жеке білім беру бағдарламаларына 1000 лицензия бере отырып, салалық лицензиялық сертификаттарға субсидия бөлу арқылы демеушілік жасайды. Осылайша, университеттер студенттерге қолжетімді оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізе алатын мүмкіндіктерді көруі мақсатында қаржылық кедергіге тап болмас үшін бағдарламаны пилоттық іске қосуға демеушілік жасалады», деп атап өтті Д.Маджонкальда.

Қазір 25 өңірлік жоғары оқу орындарының 47 248 студенті Coursera платформасында 70 112 курстан өтіп, сертификаттар алды. Атап айтқанда, 27 мың курс қазақ тілінде, 2600 курс ағылшын тілінде, 1300-ге жуық курс орыс тілінде өтті. Таңдалған курстар IT, кәсіпкерлік, физика және бизнес салаларын қамтиды. Бүгінгі таңда Coursera-ның 4000-нан астам үздік курсы қазақ тіліне аударылды.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінде ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан азаматтарының жетекші шетелдік профессорлардың курстарына қолжетімділігін кеңейту мақсатында Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Coursera компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.