Әлем • 19 Қаңтар, 2024

Тұңғыш түрік азаматы ғарышқа аттанды (видео)

1831 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың жергілікті уақыты бойынша 16:49-да (Түркия уақыты бойынша 00:49) тұңғыш түрік астронавты Альпер Гезеравжы мінген SpaceX ғарыш кемесі NASA-ның Флоридадағы Кеннеди ғарыш орталығынан сәтті ұшырылды, деп хабарлайды Egemen.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Тұңғыш түрік азаматы ғарышқа аттанды (видео)

©Turkish Industry And Technology / ANADOLU AGENCY / Anadolu via AFP / EastNews

Ax-3 миссиясының мүшесі Гезеравжы ғарыш сапарын АҚШ-тың Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығындағы 39А ұшыру кешенінен бастады. Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) апаратын Falcon 9 зымыраны жергілікті уақыт бойынша сағат 16.49-да (Түркия уақытымен 00.49) ұшырылды.

Зымыран бортында Италия, Түркия, Швеция ғарышкерлері бар. Олар Халықаралық ғарыш станциясында биология, медицина, генетика салалары бойынша бірқатар ғылыми тәжірибе жүргізеді.

Миссия командирі − NASA-ның бұрынғы астронавты және қазіргі Axiom бас астронавты Майкл Лопес-Алегрия. Миссияның ұшқышы ретінде Италия әуе күштерінің офицері Уолтер Вилладей таңдалған. Бұл құрамға Түркияның тұңғыш ғарышкері Альпер Гезеравжы мен Еуропа ғарыш агенттігінің (ESA) астронавты швециялық Маркус Вандт та кірді. Олар Халықаралық ғарыш станциясында 2 апта болады. Әр ғарышкер ХҒС бортында өздерінің ұлттық мүдделері үшін ғылыми зерттеулер жүргізеді.

Әуелде лайнер 18 қаңтарға қараған түні ұшырылуы керек болатын. Кейінірек ұшу уақыты өзгерді. SpaceX компаниясының мәліметінше, кемедегі тексерулер мен деректерді қосымша талдау үшін қосымша уақыт қажет болған.