Жануарлар • 21 Қаңтар, 2024

Үстірттегі ақ қасқыр

749 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір-екі жыл бұрын Маңғыстау даласынан қызыл қасқыр кезіккен еді. Биыл «Қызылсай» саябағының қызметкерлері бейнекамерасына Бейнеу ауданындағы Үстірттің Батыс шыңының солтүстік шетінде орналасқан «Манашы» жергілікті маңызы бар мемлекеттік кешенді табиғи қорығы аумағынан ақ қасқыр ілікті. Мұндай оқиға аймақта өте сирек кездесетіндіктен, желі арқылы жария болған жаңалыққа жұрт елең ете қалды.

Үстірттегі ақ қасқыр

– Азия барысының және өзге де жабайы жануарлардың фотосуреттері Қазақстандағы жабайы мысықтарды зерттеу және қорғау жөніндегі ұзақ­мерзімді халықаралық жобаны іске асыру мақсатында «Қызылсай» сая­бағы қызметкерлерінен алынған. Жоба 2023 жылдың мамыр айында National Geographic гранты мен Segré қорының қолдауымен және Conservation x Labs қатысуымен бас­­талған. Жобаны іске асыруға қазақ­стандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы қатысады, – дейді Қазақ­стандағы жабайы мысықтарды зерттеу және қорғау жөніндегі жоба командасының қатысушысы Марк Пестов.

М.Пестов қасқырдың әртүрлі та­биғи аймақтарда – арктикалық тун­дралардан тропикалық ормандар мен шөлді аймақтарда да өмір сүретінін атап өтті. Бүкіл диапазонда қасқырдың көптеген түрі бар. Олар түс ерекшеліктерімен және мөлшерімен ерекшеленеді.

– Мәселен, Еуразияның солтүс­тігінде арктикалық немесе тундра қасқыры өмір сүреді. Ол, әсіресе, үлкен көлемімен және терісінің ақ түсімен ерекшеленеді. Әдетте қас­қырдың жүнінде сұр түс басым болады. Алайда аталған жануар генетикалық ерекшелігіне сай ақтан қызғылтқа, сұрдан қараға түсі өзгере алады. Мұн­дай өзгергіштік қасқырдың бүкіл диа­па­зонында кез­деседі. Бір тұқымды қас­қырлар әртүрлі түсте болып тууы мүмкін. Яғни кәдімгі сұр қасқырларда кейде ақ, қызыл-сұр немесе қара түсті қас­қырлар пайда болуы мүмкін. Бірақ бұл өте сирек кездеседі, – дейді сарапшы.

Маманның айтуынша, Қазақ­станның бүкіл аумағында, оның ішінде Маңғыстау облысында қазіргі уақытта қасқырлардың жалғыз түрі – қарапайым қасқыр мекендейді. Шартты түрде елімізде қасқырдың 4 кіші түрі, оның ішінде батыс және Ор­талық Қазақстанда дала қасқыры кездеседі, алайда Қазақстанда қасқыр­дың нақты түрішілік жүйелілігі жет­кілікті зерттелмеген.

– Ақ қасқырдың Маңғыстау об­лысының аумағында кездесуі кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында айтылғандай, аса қатыгездікпен ерек­шеленетін қасқырлардың қандай да бір жаңа түрінің немесе кіші түр­лерінің пайда болуын білдірмейді. Бұл – Қазақстан үшін қасқырдың ерекше түсінің пайда болуына әкел­ген гендердің сирек кездесетін үйле­сімінің көрінісі ғана. Екі жыл бұрын Маңғыстау облысында «қызыл қас­қырдың» кездескені жөнінде де айтуға болады. Нағыз қызыл қасқыр – орталық және Оңтүстік Азия тауларында тұратын ит тұқымдасының жеке түрі. Қазақстанда ХХ ғасырдың ортасына дейін Қызыл қасқырдың кездесуі тек Тянь-Шань тауларында ғана тіркелген. Қазіргі уақытта қасқырдың аталған түрі Қазақстан аумағында жоғалып кетті деп саналады. Әрине, Маңғыстау өңірінде де жоқ, – дейді М.Пестов.

Ол фотосуреттегі ақ қасқыр альбинос емес екенін баса айтты. Өйткені оның мұрны мен көздері әдеттегі түске ие (альбиноста олар қызғылт болады). Жүндері ақ түсті, бірақ альбиносқа жатпайтын мұндай дара қасқырларды ғалымдар лейцист деп атайды.

Бір қызығы, ақ қасқыр түскен камера тұзағына бір минуттан соң сұр түсті қасқыр ұсталған.

– Бұл жануарлардың бір ұядан шыққаны анық. Яғни аталған жағдай бір ұядағы қасқырлардың әртүрлі түсте кездесетінін дәлелдейді. Айт­пақшы, назар аударсаңыз, екінші қас­қырдың артқы және оң аяғы жоқ. Бұл – аңның қақпанға түскенінің белгісі. Қасқыр өмірін құтқару үшін табанын тістеп, қашып кете алады, – дейді маман.

Аяғы жоқ жануар жабайы аңды қуып жете алмайды. Сондықтан үй жануар­ларына шабуыл жасауға мәж­бүр бо­лады. Адамдар тұзақ құру арқылы жырт­­қышты өздері ызаландырып алады.

– Бұған дейін Маңғыстау облы­сында біз қарақұйрықтар мен уриал­дардың суару шұңқырларына үлкен мөлшердегі тұзақтарды орнату фак­тілерімен бірнеше рет бетпе-бет кел­дік. Бұл, әдетте, «қас­қыр­лармен кү­ресу» деген сылтаумен жасалады. «Қас­­­­қырға» тұзақ орнатқан кезде бас­­қа да ерекше қорғалатын «Қызыл кітап» жануарлары, мысалы, қарақал, бал қоңызы және бүркіт зардап шегуі мүмкін. Қазақстан аңшылары мен балықшылар қоғамының мамандары мен мүшелерінің қатысуымен, ең болмағанда, жыртқыштардың барыс, қар барысы, қарақал, сабаншы, барқыт мысық, түркістан сілеусіні, т.б. «Қы­зыл кітапқа» енген түрлері мекен­дейтін жерлерде үлкен мөлшердегі тұ­­зақ­тарды пайдалануға толық тыйы­м салу қажет деп санаймыз, – деді М.Пестов.

 

Маңғыстау облысы