Қоғам • 21 Қаңтар, 2024

Қайраткер жазбалары

112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Қы­рымбек Көшербаевтың «Ай­налайын, Азаттық!» кі­табының тұсаукесері өтті. Зиялы қауым өкілдері бас қосқан рәсімде облыстық кітапхана директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжа­сов тірліктің ащысы мен тұщы­сы, бейнеті мен зейнеті баяндалған бұл туынды қайраткер өмірінің өнегелі сөзі екендігіне тоқталды.

Қайраткер жазбалары

Кітап мазмұнын саралаған облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов елге қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсеткен қайраткер кітабының қоғамдағы маңызын атап өтті.

– Ел алдындағы қызметтің бас­ты шарты – өткеннің өнеге­сін ұмытпау. Ғұмыры ел тәуелсіз­дігі­мен қатар өрбіп, бес салаға министр, үш өңірге әкім, Ресей мемлекетінде елші, Президент Әкімшілігінің басшысы қыз­метте­рін атқарған Қырымбек Елеуұлын қазақтың қабырғалы қайраткері­не айналдырған да осы ұстаным. От­басындағы тәрбиені тұғыр етіп, биік төрден елдің сөзін сөй­ле­ген тұлғаның айтар ойы біз үшін құнды, – деді Наурызбай Бай­қадамов.

Саяси ғылымдар докторы, қоғам қайраткері Мұрат Бақтияр­ұлы кітап мазмұны жөнінде айта келіп, тәуелсіз ел тарихында орны бар тұлғаның өзін ел қызметіне баулыған ұстаздарына деген құрметіне тәнті екендігін жеткізді.

– Осыдан біраз бұрын Қырым­бек Елеуұлының «Құндылықтар құлдырамасын» деген туындысын тұшына оқығанымыз есте. Бүгін қолымызға тиіп отырған кітап соның заңды жалғасы іспетті. Әсіресе мен үшін бұл кітапта  автордың өзінің ұстаздарына, руханият саласындағы ұлт зиялыларына деген пікірлері қызықты, – деді ғалым.

Жиында баспа жүзін көргеніне көп уақыт өтпеген кітап туралы пікір білдірген Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда универ­сите­тінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова «Айналайын, Азаттық!» естелік-эссесі – қазақ мемуарис­тика жан­­рына қосылған сүбелі үлес екен­дігіне тоқталды.

– Әлемде мемлекет басқарған кісілердің, саясаткерлердің, бел­­гілі мемлекет және қоғам қай­раткерлерінің естелік жазуы – қалып­ты үрдіс. Мұндай дәстүр біздің елде де бар. Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұ­хамед Ахметұлы Қонаевтың «Ақи­қаттан аттауға болмайды», «Өтті дәурен осылай» атты ғұ­мыр­намалық кітабы, белгілі тұлғалар Исатай Әб­дікәрімовтің «Көп екен көргенімнен көрмеге­нім», Асанбай Асқаровтың «Тағ­­­дыр» атты еңбектері ел тари­хының елеулі кезеңдерінен сыр шертеді. Мемлекет және қо­ғам қайраткері Қырымбек Көшер­баевтың қолымызға тиіп отырған «Айналайын, Азаттық!» кітабы да – ғибратты, тағылымды, өнегесі мол туынды – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Жиын соңында Көшербаевтар әулеті атынан Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев тұсаукесер рәсімін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

 

Қызылорда