Қоғам • 22 Қаңтар, 2024

«Дүйсенбіден бастаймын» синдромы. Жаңа іс бастағысы келген адам неліктен дүйсенбіні таңдайды?

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мойындаңызшы... Өміріңізде бір рет болсын жаңа іс бастауды дүйсенбіге қалдырдыңыз ғой, иә? Апта басы символикалық тұрғыда жаңа істі қолға алуға сұранып тұрғанмен, бұл сөзді жиі жалаулатудың психологиялық-менталдық астары барын да ұмытпаңыз. Заманауи психология ғылымы мұндай әрекеттерді «өмірді кейінге шегеру» синдромына телиді, деп жазады Egemen.kz.

«Дүйсенбіден бастаймын» синдромы. Жаңа іс бастағысы келген адам неліктен дүйсенбіні таңдайды?

Фото: freepik.com

Бір істі тындырып, жаңа әдет қалыптастыруға құлшыныс белсенді болып қос білек түрілгенде «дүйсенбіден бастаймын» сөзі ойыңызда жылт ете қалады. Өзіңізге берілген уәдені уақтылы орындап кетсеңіз бұл әрекеттен қауіп жоқ. Алайда зерттеуші-ғалымдар мұндай әрекет ат төбеліндей ғана адамдар тобына тән екенін жасырмайды.

1997 жылы профессор, психология ғылымдарының докторы Владимир Серкин планетаның Солтүстігінде ғұмыр кешетін тұрғындарының психологиясын зерттеп жүріп көпшіліктің «жақсы күндер әлі алда, қазір қинала тұруым керек» деп ойлайтынын байқайды. Кейін осы түсінікке сай келетін «Өмірді кейінге шегеру синдромы» ұғымын психологтар терминологиясына енгізеді. Олардың көбісі жаңа істі дүйсенбіден бастауды жөн көреді.

Владимир Серкин адамдардың өзін осылай алдаусыратуына бірнеше фактор әсер ететінін анықтаған: 

  • Тұқым қуалау;
  • Қоршаған орта;
  • Отбасында берілген тәрбие;
  • Адамның өзіне сенімінің төмен болуы;
  • Эмоциялық тұрақсыздық.

Ғалым өмір сүруді кейінге ысыру мен дүйсенбіден бастау дертін «спецификалық невроз» деп атаған.

«Дүйсенбіден бастау дерті» алға қойған мақсаты нақтыланбаған, жоспарсыз өмір сүретін адамдарға тән.

Олар тәуекел етпейтін, келешекке, өз күшіне күмәнмен қарайтын адамдар тобы.

Жаңа аптадан іс бастаймын деп бекініп, келесі дүйсенбіге қалдыра беретін адамдарға тән қасиеттердің көш басында - жалқаулық  тұр.

Жалқау адамның алғашқы сипаты - таңертең оятқышты сөндіріп, ұйқыдан тұруды 10-15 минутқа шегере беру әрекеті. 

Эмоциялық күйзелісте жүрген адамдар да ісін дүйсенбіден бастауға бейім тұрады. Дәл қазіргі кезеңмен емес, келер уақытпен өмір сүргенді ұнатады. Осылайша бүгінгі күннің берерін уысынан шығарып алатынын ескермейді. Бұл санатқа жататын адамдар тобында физикалық, менталдық шаршау салдарынан өмір сүруге құлшыныс азайып, салдарынан дүйсенбіден бастау дерті дендейді.

Нақты жоспарсыз жүру, дағды, тірлікті тындыруға қысқа және ұзақ мерзімді уақыт бекітпеу де әр жұмысты дүйсенбіген шегеруге итермелейді.

«Қанағат қарын тойдырады». Алайда осы тұжырымды бағдар етіп бойыңыздағы күшке қазіргіден де биік межені бағындыруға тұсау салып жүруіңіз де мүмкін. Әдетте мұндай адамдар «маған осы да жетеді», «шүкір, табысым өмір сүруге жетіп жатыр» т.с.с сөздерді жиі қолданады.

Мамандар «дүйсенбіден бастаймын» дертін жеңудің жалғыз жолы өзіңмен жұмыс істеу деп түсіндіреді. Өзіңізге талапшыл болыңыз. «Өзіңмен күрес» қашанда жетістікке, жақсы өмірге жетелейді.