Президент • 22 Қаңтар, 2024

Қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеру керек - Президент

48 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізуді қолдап, биліктің беделін түсіретін қызметкерлер қатарда болмауы керек екенін ескертті, деп жазады Egemen.kz.

Қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеру керек - Президент

Фото: Polisia.kz

«Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек», деді Президент.

Министрліктің кеңейтілген алқа отырысында елдегі ІІМ-нің орта буындағы басшылық құрамның биыл аттестациядан өтетіні нақтыланды.

«Министрлік осы сынақ кезінде табандылық танытуға тиіс. «Бармақ басты, көз қысты» болмауы керек. Алайда аттестация біреуден есе қайтарудың құралы болмауға тиіс. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау. Сонда ғана ахуалды түбегейлі өзгерте аламыз. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты бақылауда ұстайды», деді Мемлекет басшысы.