Саясат • 22 Қаңтар, 2024

Аймақ жобасына қызығып тұр

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордаға Чех Республикасынан бизнес өкілдері келіп, өңірдегі инвестициялық жобалармен танысты. Шетелдіктер Сырдағы балық өнімдерін экспорттау, энергетикалық жобалар мен мұнай-газ құбырлары өндірісіне қызығушылық танытып отыр.

Аймақ жобасына қызығып тұр

ФОТО: aqmeshit-aptalygy.kz

Чех іскерлерімен кездескен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтар жаңа іскерлік байланыстар орнатып, өзара тиім­ді қарым-қатынастарды да­мытуға әрдайым дайын екенін айтты.

Қызылорда – ауыл шаруа­шылығы мен өнеркәсіп саласы дамыған, минералдық ши­кізат ресурстарына бай агро-индус­триялық өңір. Облыс аума­ғында Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінен бөлек балық аулау кәсібі жолға қойылған 201 көл бар. Өңірде жылына мыңдаған тонна өнім өндіретін 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Өткен жылы құны 8,3 млн доллар болатын 3,3 мың тонна балық өнімдері экспортталды. Сыр балығын тұтынатын елдер арасында Еуропа мен ТМД мемлекеттері бар

– Энергетика саласын­дағы соңғы жаңалықтардың бірі – аймақта жиынтық қуаттылығы 89 мегаваттық 9 күн электр стансасы жұмыс істейді. Оның үшеуі шетел инвесторларының қатысуымен жүзеге асып отыр. Сонымен қатар «Акса энерджи» түрік компаниясы Қызылорда қаласында қуат­тылығы 240 ме­гаваттық жылу-электр стансасын салып жатыр. Оның қуаты өңір сұранысын толық қамтиды. Экспортқа бағытталған, өң­дел­ген отандық өнімдерге бір­қатар қолдау шаралары бар. Сырт­қы нарыққа шығару үшін кә­сіп­орындарға жан-жақты сер­вис­тік қолдау көрсетіледі, жол шығындары 80%-ға дейін өте­леді. Сіздерге болашағы бар жобаларды іске асыруда мүм­кіндігінше жан-жақты қолдау көр­сетеміз. Біз­дің өңірге келген сапарыңыз Қызылорда облысы мен Чехия ара­сындағы дос­тық бай­ланыс­ты одан әрі ұлғаятынына сенім­­дімін, – деді облыс басшысы.

Инвесторлар ұсынылған жо­ба­ларға қызығушылық танытып, алдағы уақытта аталған салалар бойынша әріптестік орнатуға ниет білдірді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА