Білім • 23 Қаңтар, 2024

Педагогикалық менеджмент

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сапалы білім беру – әр мұғалімнің парызы. Оқушыны ғылымға бағыттап, іске қабілетті ету, ізгі құндылықтарға бойлату да сол парыздың ішіне кіреді. Бұл үрдіс мұғалімге үздіксіз дамуды, білімін жан-жақты жетілдіруді талап етеді. Ушинский айтпақшы, «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады». Осы тұста педагогикалық менеджменттің тиімді жұмыс істеу қажеттілігі туады.

Педагогикалық менеджмент

Ғылымға сүйенсек, педагогикалық менеджмент мектеп жұмысын басқару­дың мазмұны мен әдістерін, оқу-тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастырады. Білім берудің парадигмасы мен басқару теориясының дамуына байланысты педагогикалық менеджмент те қайта жаңарып отырады. Бұған мұғалімдердің өзара сабаққа қатысуы кіреді. Яғни жүйе ұстазға сабақ барысында оқушының іс-әрекетін терең ұғындырады. Оқытудың әдіс-тәсілін жетілдіру мақсатында мұғалімнің іс-тәжірибесін талқылау арқылы кері байланыс беру тәсілі де тиімді. Тәжірибелі мұғалімнің оқыту тәсілін бақылаған өзге мұғалім де ұстаздық тынысын аша түседі.

Педагогикалық ұжымда жаңа инновацияларды қалыптастыратын тәжірибе алмасулар жиі болуы керек. Бұл үрдіс жүйелі жүргізілген жағдайда мектептің білім сапасы артады. Негізінен аталған үрдіс 1960 жылдары америкалық университеттерде қарқынды бастау алған. Көп ұзамай мұғалімдердің кәсіби дайындығының бір бөлігіне айналған. Кейін Аустралия, Ұлыбритания, Канада, Ирландия, Финляндия елдерінде тәжірибе алмасу ретінде қолданысқа ие болды. Әрине, бұл үрдіс еліміздің білім беру саласында қолданылып жүр. Дегенмен де мектепте қалай тиімді пайдалануға болады деген ой туады. Осы тұрғыда сабаққа қатысудың жалпы моделі қажет.

Сабаққа қатысудың әртүрлі моделі мен оны жүзеге асыруды басқару мұғалімдердің өзара сабаққа қатысу қажеттілігі мен олардың кәсіби өсуіне әсер етеді. Осының бәрін ұғынып, қажеттілігін сезінген кезде «Қазіргі кезде мұғалімдердің өзара сабаққа қатысуы қаншалықты жүргізіліп жатыр? Мектепте өзара сабаққа қатысуды қалай тиімді ұйымдастыруға болады?» деген сұрақ туындайды. Осы сауалдарды шешу мақсатында «Әріптеспен өткен бір күнім» жобасын тәжірибеге енгізіп, сынап көрдім. Бұл жоба өзіндік санаттар мен жүйеден тұрады. Рефлексивті өзара сабаққа қатысу ұстаздардың кәсіби дамуы­на серпін береді. Мұғалімдер арасында әріптестік қолдау нығая түседі.

 

Мәриям АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,

Абай атындағы №87 мектеп-гимназия директорының орынбасары

 

АСТАНА