Пікір • 23 Қаңтар, 2024

Қоғамдық сананы жаңартудың маңызы

79 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл ұлт ұйытқысы – Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтеді. Еліміз қазір жауапты трансформация – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру кезеңінде тұр. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайға қоғамдық диа­лог­тің біртұтас институционалдық моделін қа­лыптастыруды, жалпыұлттық құн­ды­лық­тар, руханият, бірлік, жаңа әлеу­мет­тік этика, жаңарған менталитет бастамаларын жүзеге асыруды жүктегені белгілі.

Қоғамдық сананы жаңартудың маңызы

Елдегі саяси-экономикалық реформалардың идеологиялық өзгерістермен бірге жүруі – жалпы қоғамдық жаңғырудың негізі. Қазір әлемде халықаралық жағдай күн са­йын құбылып жат­қанына куә болып отырмыз. Әр ел өз мүд­десін жо­ғары қоя­тыны түсінікті. Сондықтан да әр­қай­сы­сы өз өктем­дігін, өз ұстанымын тек саясат, эко­номикада емес, руханиятта да өз талабына икемдеуге тырысып жатқанын көкі­регі ояу, көзі­қарақты көпшілік біліп отыр. Өрке­ниет­тер, идея­лар мен ұстанымдар қақтығысы ке­зінде өске­лең ұрпақтың адаспауы, қоғамның ұлт­тық құн­дылықтарды дұрыс бағамдауы аса ма­ңызды. Ұлт­тық құрылтайдың қоғамды ұйыс­ты­ру мис­сия­сы­ның түп негізі – осы.

Еліміз сапалы деңгейде біртұтас болуы қажет. Бұл жерде, әрине, сенім – шешуші фактор. Билік пен халықтың өзара байланысы мен сенімін күшейту бағытында елде қолға алынған институционалды өзгерістер оң нәтижесін бере бастады.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­масы билік пен қоғам арасындағы диалог пен консенсус арқылы өзара байланыстың жаңа үлгісін қалыптастырып келеді. Дегенмен жылдар бойы қа­лыптасқан «әдетті» жеңу екі жақ үшін де оңай болмаса да, кейінгі жылдардағы өзгерістерді көрмеу мүмкін емес.

«Ұлттық Құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз», деді Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.

2023 жылдың екінші жартысында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ұлттық құндылықтар жүйесін қайта жаңғырту мәселелеріне ойысты. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Ұлттық құ­рыл­тай­дың екінші отырысында Түркістанда сөйлеген сөзінен басталды. Жиында Президент негізгі идео­логиялар тізбесі: тәуелсіздік пен отан­сүй­гіштік, бірлік пен тұрақтылық, әділеттілік пен ынтымақ, заң және тәртіп, сенім және жауап­кер­шілік, мәдени білім және кәсібилік, ең­бекті атап айтты.

Мемлекет басшысының бастамасымен ежелгі заманнан бүгінге дейінгі көптомдық тарихтың  әзірленуі – өскелең ұрпаққа мемлекетіміздің терең тамырын таныту, ұлтты ұйыстырып, ел мүддесін бағамдату. Жастардың қызығушылығын ояту мақсатында отандық кітап өндірісіне, әдеби шығармашылыққа қолдау көрсетіп, осы бағытта арнайы заңнамалық өзгерістердің қолға алынуы да – Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің жүйелі шешім табуының көрінісі.

Ұлттық құрылтайдағы бастаманың бірі – креативті индустрияны дамыту арқылы ұлттық бол­мысымызды айшықтау, әлемге отандық жаңа брендтерді таныту. Қазір креативті индустрияға қатысты арнайы заң жобасы талқыланып жатыр. Сенаттағы заңды талқылау жұмысына азаматтық қоғам өкілдерінің белсене араласуы, қоғам мен биліктің бірлесе жұмыс істеуі қуантады.

Ал «Quryltai» мобильді қосымшасы іске қо­сылғалы платформа арқылы азаматтар көкей­інде жүрген мәселелерге қатысты ойлары мен ұсыныс­та­рын жолдап, мемлекеттік шешім қабылдауда қо­ғамға қозғау салды.

«Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарындағы арнайы бағдарламалар да қоғамдағы өткір мәселелер мен аймақ тұрғындарын алаңдатқан тақырыптарды көтеріп, Ұлттық құрылтай мүшелері мен билік өкілдерінің халықпен бірлесе ортақ шешім іздеуіне мүмкіндік беріп отыр.

Заң мен тәртіпті сақтау, әйелдер мен бала­лар­дың құқын қорғау, тұрмыстық зорлық-зом­былықпен күресу, бұзақылық пен мәде­ниет­сіздікке қарсы тұру мәселелері бойынша біраз қоғамдық талқылау өтті. Бұл қоғамда жеке және қоғамдық мәдениеттің жаңа нормаларын қа­лыптастыру мен сақтау сұра­ны­сының артып келе жатқанын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, билік те, азаматтық қоғам өкілдері де заңды өзгерту немесе жаңа институттар құру жеткіліксіз екенін түй­сінді. Әрине, қоғамдық сана эволюциясын алып, жеделдету мүмкін емес. Бұл – біртіндеп, табиғи түрде жүретін үдеріс.

Сондықтан «еститін мемлекет» қағидаттары билік пен қоғам арасындағы диалог пен консенсус арқылы өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін қалыптастырды деп айта аламыз. Міне, дәл осы қағидаттар президенттік реформалардың негізін құрады. Өңірлер мен сала өкілдерінен құралған Ұлттық құрылтай аясында билік пен қоғамның өзара іс-қимылының бірегей тетігіне айналды. Бірлікті сақтау, жасампаздықты дамыту және жаңа әлеуметтік этиканы қалыптастыру – қазір күн тәртібінде тұрған басты мәселелер.

 

Бибигүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты