Тұлға • 24 Қаңтар, 2024

Қазына жинаған жампоз

81 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен жылдың ауыртпашылығымен қоса қуанышы да жеткілікті болды. Қымбатшылық қысқан елдің еңсесі Республика күні қарсаңында бір көтеріліп қалды. Бұрыннан еленбей жүрген, еленсе де сыртқақпай жүрген біраз азамат мемлекеттік марапат алды. Қарағандыны елең еткізген басты оқиға – облыс мәслихатының депутаттар корпусы жазушы, журналист, қоғам қайраткері Төрехан Әкімжанұлы Майбасты облыстың құрметті азаматы атағына лайықты деп таныды.

Қазына жинаған жампоз

Қарағандыдан талай марғасқа шық­қан. Бірақ олардың бәрі мұндай атақ алған жоқ. Тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубә­кіров, кәсіпқой бокстан әлем чемпио­ны Геннадий Головкин, ғалым, бар саналы ғұмырын обыр деген озбырмен алысуға арнаған, жүздеген адамның өмірін ұзартуға тікелей атсалысқан профессор Ғани Мұсылманбеков...

Енді осындай ел таныған, жұрт сый­лаған азаматтардың қатарында Төрехан Майбас та бар.

Сексенге қарай аяқ басқан Төре­хан­­ның өмірбаянын тізбектеп шығу­дың қажеті шамалы болар. Жазушының шығар­машылығын жете білмеген адам­ның өзі оның әлдебір жазбасын оқыса бол­ды, ар жағынан мұрты қылтиып тұр­ған жаз­мышының жарасымды бір сәтін байқа­мауы мүмкін емес.

Қарағанды университеті филология факультеті 125 шәкіртінің ішінен оза шапқан жүйрік деп эпитетшілесем, оным шын­дыққа жанаса қоймас еді.

«Көптің бірі еді» деп мәймөңкелесем, тағы болмайды.

...Топтас Қасқырбай досымыздың өлең­дері облыстық «Орталық Қазақ­стан­ға» әредік жарияланып тұрады. Қуанып қаламыз. Араға апта салмай қаламақысы келеді. Ол күні біз үшін той. Қыздарды дәмханаға апарып тойдырамыз. Жігіттер де бір жасап қалады.

Сонда әлгі ақынымыз дандайсы­майды.

Елдің әр қиырынан келіп оқып жүр­ген жігіттер санаулы-ақ. Нұрмұхан, Қанат, Ермек, Әштай, Қасқырбай, Төрехан. Орыс бөлімінен, басқа факультеттерден Ерден Қажыбеков, Дима Нұржубалин сияқты шығармашылыққа ден қойып жүрген жігіттер де қатарымызға қосылады.

Бір күні... Қолы босай қалса, қағаздан бас көтермейтін Төкең айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Ол кезде атақты ақын-жазушы­лар­­дың қолы жете бермейтін «Жалын» жур­налында «Арқада – зауза» деген топ­та­масы жарқ ете түссін. Оның болашақ эт­но­граф екені осы топтамасынан ай­қын кө­рінген еді. Өйткені оның өлеңдері­нен қазақылықтың қаны тамып тұрған-ды. Жиырма жасында мұндай өлеңдер жазу екінің бірінің қолынан келеді деп айту қиын. Сол ақынымызды сол жиырма жасында жоғалтып та үлгердік.

Жиырма жасында, 1974 жылы ол Фа­ри­за апа­йы­мыздың қол­дауы арқасында жас жазу­шылар мәслихатына қатысып, прозаик болып оралды. Оның прозасына Оралхан Бөкей ағамыздың өзі батасын берсін.

Ол бірден сол «Керат» де­ген әңгіме­сі­мен прозаик бо­лып танылды. Алайда сол кез­дегі ұстанған сая­са­тымыз­бен қабыс­па­ған­дықтан, ол әңгі­ме­сі жарық көре қой­мады. Есе­сі­не қа­рағандылық студент­тер әңгімені қолмен көшіріп, кезектесіп оқысын.

Ақ өлең жазып, Назым Хик­метті қазақ­шалап жүр­ген Төреханымыздан терең пәл­сапалы прозаны ешкім күт­пеген.

Ымырт байлана отыр­ған­нан түні бойы, таң ат­қан­ша көзінің майын текке тауыс­па­ған екен.

Сол әңгімесі отыз жылдан кейін «Қазақ әдебиеті» га­зеті ұйымдастырған рес­пуб­ликалық байқауда бас бәйгені алды.

Сол уақыттан бері жарты ғасыр өте шығыпты.

Бірге оқыған жігіт-қыз­дарымыз­дың біразы қайт­пастың кемесіне мініп кет­кен. Жер басып жүргендеріміздің даң­ғыл­мен жүйткіп жүргендеріміз некен-саяқ. Сүрінген соқ­пақты жолдар да болды, өрге қиялап шауып та көрдік, еңіске қарай домалап та көрдік. Сөйтіп жүріп шыққан биіктеріміз де жоқ емес.

Көпшілігіміз оқыған оқуымыздың жемісін шәкірт тәрбиелеп, мұғалім­­дік­тен таптық. Біраз жігіт ғылымға бет бұрды.

Оқшау жолмен жүрген Төрехан болды.

...Сол ХХ ғасырдың 70-жылдары­ның басында социалистік қалыпқа сыйма­ған бозбала саяси көзқарасының трафаретке сәйкес келмегені үшін комсомолдан қуылғанын қатарластарының біреуі білсе, біреуі білмейді. «Жас қазақ» деген ұйым құрмақ болғанда қатарлас жүрген әлдекім КГБ-ға «домалақ арызды» топ еткізген. Оқудан шығарылды.

Төреханның енді жаңа өмірі бас­талды. Шахтерлік өмірі. Ақшатау кен-ба­йы­ту комбинатының шахтасына түсті. Сле­сарь, тіреуші... болып кете барды. Сол жұ­мысына өтінішін өлеңмен жазып кірді дегенге сеніңіз.

Ол өзінің кейіпкері – шахтер ат-Керат жұмыс істеген шахтада жұмыс істеді. Сон­да жүріп талай туындыны дүниеге әкелді. Олар кейінде хикаяттар болып оқырмандар қолына жетті.

Оқуын қайтып орнықтырып, тәмам­даған соң-ақ Төкең баспасөзге келген. «Ақадыр таңы» – «Агадырская новь» деген екі тілде шығатын газет қызметі­нің бар­лық сатысын асықпай жүріп өтті. Сөйтіп жүріп Жезқазған облыс­тық мәслихатына депутат болып сайлан­ды. Партиялық тізіммен емес, сонда бір мандатты округтен «шарға таласып», баламалы негізде біраз кандидатты шаңға көміп кеткен.

Өмірінде мақтан сөздің не екенін білсе де, ондайдан ойы мен тілін аулақ ұстайтын Төрехан өз өткеніндегі жетіс­тіктері туралы ешкімге тіс жарып көр­ме­ген шығар. Отырады. Жазады.

Пернетақтаның астынан шаң көрін­генше, таң бозарып атқанша...

Жезқазған облысы да, Ағадыр ауданы да жабылғанда Қарағандыға бармасқа амалы жоқ еді.

Мұндағы қаламгерлер еңбекқор жігіт­­ті бөтенсіген жоқ. Онда «Орталық Қазақ­станның» бас редакторы – Мағауия Сем­бай. Өзіміздің ортақ досымыз. Мағаш қуа­на отырып Төреханды өзіне орынбасар қыл­ды. Осындайда Вольтердің бір ауыз сөзі еске түседі. Ұлы ойшыл: «Іш пыстыратын жанрдан басқасының бәрі жақсы», деген екен.

Эссеист, публицист, репортер, ел тари­­­хының энциклопедияшы білгірі, шежі­реші, этнограф екенін Төрехан «Орта­лықта» жарқырай көрсетті.

Әдебиетшінің шаруашылығы – әде­биет. Ендеше, ол ересен білімдар болуға міндетті.

Оқыған докторантурасы жоқ болса да, ізденуден жалықпайтын Төреханның біл­мейтіні жоқ. Талай этнографиялық зерттеуге пара­пар дүниелері, «Елқұжат», «Аба­дан», «Айбар», «Жауһар», «Тағы­лым», «Шікіл» кітаптарының негізі жай мақа­ла­ларда басталған. Кітаптың негізі сонда қаланған.

Жарылғап батыр, Сеңкібай батыр, Бодық батыр, Жалаңтөс батыр, Байсейіт би туралы ғылыми-танымдық мақала­лар­дың басын қосып, осы тұлғалар­дың әрқай­сысы жайында кітап бастыруға мұрындық болды. Кітапқа енгені бар, бөлек басылым болып шықпағаны бар, мемлекет қайраткерлері, академиктер, өз замандастары туралы жазбалары жетіп-артылады. Одан кейін де бірнеше кітабы жарық көрді.

Төкең бір дүниені ойына алса, тоқ­тамайтын жазушы. Тақырыбын қаз­ба­лап, түбіне жеткенше маза таппайтын азамат.

Ескі сөзді іздегіштігі өз алдына, қа­зақ­­тың салты мен әдет-ғұрпын айтып қана қоя салмайды. Оның шығу тегін оқыр­­манына саралап отырып, тарих қойнауына тереңдетіп батырып барып, осы күнге алып шығады.

Қазақтың Ақселеуімен бірге қызмет істеген, маңғаз да салиқалы сөзін күнде естіп жүрген ағамызға бойымыздың үйре­­ніп алғаны соншалық, ол кісіні мәңгі өмір сүреді деп ойлаған болуымыз керек, еш­қайсымыз бір ауыз сөз жазбадық. Қара­ғандыға әредік жолы түскенде Төре­ханды іздетіп тауып алып, сағаттап әңгіме-дүкен құратынын енді біліп жүрміз.

Алдыңғы жылы Атасуда Ақаңа ескерт­кіш орнатып, энциклопедияшы-ғалым, ұлттың жоқтаушысының мерейтойына арналып ғылыми конференция өтті. Қарағандыдан Төкең, осы жолдардың авторы теледидар жұмысынан тісі сар­ғай­ған кәнігі жорналшы Әли Тойжігіт­­тің көлігімен шықтық. Індет­тің жаңа біт­кен кезі. Төкең досымыз covid деген­нің құша­ғынан зорға босап шықса да, сыр­қатынан онша айыға қоймаған.

Үйден шығарда машинаның жүк сал­ғы­шына зілдей-зілдей қағаз қорап­тар­ды арттық.

«Бұл не?» деп біз сұрамадық, «бұл анау...» деп ол үндемеді.

Конференцияда ұстазы, досы туралы лебіз білдірген Төрехан Майбастың сөзі жұртты тебірентіп жіберді. «Жаңаарқа Ұлытауға қараса, жиналғандардың көп­­шілігі Қарағанды мен Астанадан келіп отырса, осы өңірлердің әкім­дері тізе қосып ортамызда отырса, тақия­мызға тар келер ме еді? Ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының мерейтойы Қоста­най­да атаусыз қалды. Әкім-қара­лар ондағы өртті желеу қылып отыр. Өрте­ніп жатқан жер емес, қазақ­тың рухы! Та­мыры...» дегенге саятын адам­ның сай-сүйе­гін сыр­қырататын талай сөз кетті.

Машинамызға артып алған жәшік­тердің сырын сонда білдік. Ауырып жүріп, компьютерден екі апта бойы бас көтермей, Ақселеумен әр кездес­кен әңгі­мелерін тақырыптарға бөліп, «Құр­малдық» деген атаумен 20 бас­па табақтан астам кітап жа­зып, өз қара­жатына бастырып үлгерген екен.

Тойды ұйымдастырушыларға бұл ­ақ­па­рат жеткенімен, селт еткен ешкімді байқамадық...

Дос деген сөз – киелі лексика.

Ой өрісі тоғысып жататын, көңілдері ортақ, қызығы мен шыжығы бір адамдар ғана дос бола алады.

Антикалық дәуірдің бір ойшылы «До­сың­ның кім екенін танысам, сенің кім екеніңді білгенім» деп текке айтпаса керек. Осы пәлсапаны қазақ «Көп жаман туысың болғанша, бір жақсы досың болсын» деп, тіпті дамыта түскен.

Достыққа адал, еліне деген пейілі мен жүрегі аппақ, маңайына көңілі мен тілегі пәк Төрехан дос – осындай азамат.

Кейіпкері Кераттың шахтерлік эста­фе­тасын Төреханымыз лайықты жалғас­тырды. Осыдан екі жыл бұрын ол «ІІІ дәрежелі еңбек даңқы» орденімен мара­патталды. Жұрт тағы да таңғал­ған. Шах­­терлерге, мұнайшыларға, құры­лыс­шы­ларға, өндіріс майталмандарына ғана бері­летін орденнің журналиске берілуі қалай?

Жоқ, Төрехан – шын мәнінде ха­лық­тың қазынасын қопарған азамат. Онысын дәлелдеп берді.

Жердің астында да, жердің үстінде де...

 

Нұрхан МЫҢБАЙ,

ардагер журналист