Аймақтар • 25 Қаңтар, 2024

Жаһандық жолайрықтағы орталық

66 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз үшін шекаралық аймақтарды тиімді пайдалану маңызды. Ал Жетісу өңірі бұл бағытта экономикалық үлкен қақпаға айналып отыр. Оған дәлел – «Nurzholy Customs Service» халықаралық көлік-логистикалық орталығы. Бұл кешен мемлекетіміздің нарықтағы әлеуетін арттырып, сауда-саттық саласында салмақты рөл атқарады. Әрі екі ел ара­сындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түспек.

Жаһандық жолайрықтағы орталық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қа­зақ­станның экономикалық бағ­дары» атты Жолдауында «Көлік­тік-логистикалық әлеует­ті то­лыққанды іске асыру стра­тегия­лық маңызға ие. Қазақстан сол­түстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыра­тын жаһандық жолайрықта ор­на­­ласқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сон­дықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастай­тын басты күштің біріне айналуға тиіс», деп атап өткен еді. Бұдан біз облысымыздағы «Дос­тық-Мойынты» бағытында ірі теміржол жобаларын жүзеге асырып, Достық шекаралық темір­жол бекетінде «құрғақ» порт салудың өзектілігі жоғары екенін аңғарамыз. Бұл тек Жетісудың ғана емес, еліміздің экономикалық белсенділігін көрсетеді.

Міне, осы мақсат шеңберінде Алакөл ауданына қарасты Достық ауылында «Nurzholy Customs Service» халықаралық көлік-ло­гистикалық орталығы ашылды. Бұл – Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының ең алғашқы шекараларының бірі. Жобаның көздеген мүддесі қойма шаруашылығы, халықаралық және жергілікті логистика саласында ел нарығында сапалы және бәсекеге қабілетті қызметтерді ілгерілету. Мұны аталған нысан­ның ашылу рәсіміне арнайы келген Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров та айтты.

впр

«Еліміздің көлік-логис­тика­лық әлеуетін арттыруға Мем­лекет басшысы ерекше көңіл бөлуде. «Достық-Мойынты» бағытында теміржол құрылысын сапалы аяқтау – бүгінгі күннің басты тақырыбы. Жоба жүзеге асқанда Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар тасымалы екі жарым есеге артатын болады. Халықаралық көлік-логистикалық орталықтың еліміздің экономикалық дамуына

тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Болашақта Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тауар­лық алыс-берісті бірнеше есеге арттырамыз деген жоспары­мыз бар. Қазіргі таңда жаңадан ашылған әмбебап кешен Қытай мен Қазақ­стан арасындағы сауда-саттықтың жұмысын жандандырады. Ең бас­тысы, әрбір істің берекесін халық көруге тиіс. Қазақстанның әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ете отырып, өңірлік және халық­аралық көлік қатынасында маңыз­ды рөл атқарады деп сенеміз», деді М.Қалиақпаров.

Оның айтуынша, ауқымды жобаға 2,8 млрд теңге инвес­тиция тартылып, 120 адам тұ­рақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Одан кейін Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев жобаның жақсы жүзеге асқанын айтып, халық­аралық көлік-логистикалық орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.

Халықаралық көлік логис­тикалық орталығының бір ерек­шелігі – жеткізу тізбегін же­ңілдету және тұтынушының логис­тикалық шығындарын азай­ту үшін қойма жұмысы кросс-докинг (автокөліктен автокөлікке артық тиеу) техноло­гиясы ар­қы­лы жүзеге асады. Яғни Қы­тай­дан келген жүк отандық ав­токөліктерге жылдам тиелетін болады. Жобаны еліміздің Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті «Nurzholy customs service» ЖШС-мен бірлесіп жү­зеге асырып отыр.

Кешеннің уақытша сақ­тау қоймасы аумағында кедендік рәсімдеу орталығын ұйымдастырумен және орналас­тырумен іске асырады. «Достық» кеден бекетінен өтетін жүк көлік­терінің саны тәулігіне 200-ден 600-ге дейін  ұлғайтылып, тәуліктік жүк айналымын 4 мыңнан 12 мың тоннаға дейін арттыруға үлкен мүмкіндік бе­реді. Бұл дегеніңіз – бір жыл ішінде жүк айналымын 12 мың тоннадан 3 млн тоннаға дейін арттыруға қауқарлы деген сөз.

Қойма іші заманауи талап­тарға сәйкес барлық қажетті әрі сапалы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Атап айтсақ, күзет, бейнебақылау камералары, өрт сөндіру жүйелері және т.б әртүрлі тауарды өңдеуге арналған заманауи инфрақұрылымдармен жабдықтары бар.

Шынында, жер бетіндегі халықтың тұтынушылық сұра­нысы көбейіп, өндіретін өнім көлемі еселеп артқан сайын соншама жүкті тасымалдау мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Адам баласы мыңдаған тонна тауарды бір нүктеден екінші нүк­теге жеткізу мақсатында жаңа технологияның соңғы мүм­кіндіктерін пайдалануда. Хал­қы тығыз орналасқан қалалар мен елді мекендер маңайында жо­лайрықтарымен қоса ірі қоймалар пайда бола бастады. Бұл ретте көлік тасымалы жолдарының ауқымды, кең салалы болуы елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік берері анық.

 

Жетісу облысы