Сұхбат • 25 Қаңтар, 2024

Сәкен Полатов: Тәртіп бар жерде нәтиже де болады

167 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында Өзбекстан бокс федерациясының арнайы шақыруымен Ташкентке барған едік. Бокстан республика біріншілігін көрдік. Біршама ой түйдік. Чемпионатта бес қазақ боксшысының жүлдеге ілінгеніне қуандық. Бізді шақырған – Өзбекстан бокс федерациясының вице-президенті Сәкен Полатов. Финалдық айқастардан кейін уақыттың тығыздығына қарамастан, қандасымызбен аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.

Сәкен Полатов: Тәртіп бар жерде нәтиже де болады

– Сәкен Жетібайұлы, әуелі бізді Ташкентке шақырғаныңыз үшін алғыс айтқымыз келеді.

– Өзбекстан – Қазақстан секілді қонақжай мемлекет. Кез келген мейманды құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Бірнеше күндік сапарда көрікті жерлерді аралап, Ташкенттің тарихымен танысасыздар деп сенемін.

– Рахмет, аға. Сіз бокс федерациясына келгелі бері өзбек боксында жақсы өз­герістер болып жатыр. Алдымен қан­дай мәселеге мән бердіңіз?

– Алдымен төрешілердің мәселесін шешуге кірістік. Бұған дейін Өзбекстан чемпионатында жекпе-жектің нәтижесіне күмән тудырған сәттер көп болған еді. Жеке бапкерлер жиі шағымданатын. Содан соң Азия бокс конфедерациясынан үш жұлдызды 12 үздік төрешінің тізімін сұратып, соларды ішкі чемпионатқа шақыра бастадық. Алғашқы жылы 15 төреші қызмет етті. Бес жыл қатарынан осындай жүйемен жұмыс істеп келеміз. Келген төрешілердің жұмысына ешкім араласпайды. Бапкерлер оңаша сөйлесе алмайды. Біздің де олардың шешіміне қатысымыз жоқ. Осындай жұмыстың нәтижесінде төрешілер мәселесін тиімді шештік.

– Сонда жергілікті төрешілердің деңгейі төмен болғаны ма?

– Төрешілердің деңгейі төмен деп айта алмаймыз. Бірақ олардың біреуі бапкер болса, енді біреуі спорт мектебінде қызмет істейді. Көбісі бір-бірімен араласады. Сондықтан бір-біріне жәрдемдесуі мүмкін. Сол үшін осындай қадамға бардық. Бұл дұрыс шешім болды. Сондай-ақ төрешілеріміздің деңгейін көтеру мәселесін де ойластырдық. Өз жұмысын жақсы атқарған және жасы келіп қалған төрешілерді құрмет көрсетіп, зейнетке шығардық. Орнына жастарды көбірек тарттық. IBA өкілдерінің қатысуымен Ташкентте семинар өткіздік. Сол іс-шараға қатысқан төрешілердің барлығына бір жұлдызды атақ берілді. Осындай бастаманың нәтижесінде төрешілеріміз шет тілін меңгеріп, өз жұмысын тиянақты атқарып келеді.

–  Төрешілік демекші, өткен жылы Ташкенттегі  әлем чемпионатында көп жанкүйердің пікірінше, Сәкен Бибосынов жеңілген жоқ. Бибосынов пен Дипак арасындағы жекпе-жекті сіз де көрген боларсыз. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

– Сәкен таза жеңілді. Кездесуді бастан-аяқ көрдім. Сол кезде маған кім хабарласпады дейсіз? Бірақ мен олардың барлығына эмоцияға берілмей, кездесуді қайта қарап шығуын өтіндім. Кейіннен барлығы қайта хабарласып, кешірім сұрады. Сәл кейін Сәкеннің өзі де жеңілгенін әлеуметтік желіде мойын­дапты. Мұндай даулы сәттер бокста көп кездеседі. Мысалы, Ханчжоудағы Азия ойындарында 80 килода жартылай финалда Қытай мен Өзбекстан боксшылары арасындағы жекпе-жекті көрген болсаңыз, мұнда да тура солай болды. Бірақ біз ешкімге өкпе артпаймыз. Бір бас жоғары болмаса, тең жағдайда өткен кездесуде әрқилы ойлар мен пікірлер айтылатыны сөзсіз.

– Осыдан екі жыл бұрын Болгарияда өткен «Странджа» кубогінде Өзбекстан боксшылары 8 боксшымен барып, 6 алтын алып қайтқаны есімізде. Кейіннен «өзбек ағайындар төрешілерді сатып алды» деген пікір айтылды. Жауабын өзіңізден естиікші, осы рас па?

– Біз туралы мұндай пікірді кім­дер­д­ің айтқанын біліп отырмын. Бір­ақ сіздердің сол кездегі апарған бірін­ші, екінші, тіпті үшінші нөмірлі бокс­шыларыңыздың деңгейі төмен болса кімге өкпелейсіздер? Сол кезде бапкерлер тәжірибе жинақтасын деп көп боксшыны апарған да болар. Оны біз білмейміз. Бір білетінім, Өзбекстан адам санын көбейтпей, бар-жоғы мықты деген сегіз боксшыны ғана алып барды. Жалпы, Орталық Азия елдері қонақжай ғой. Соның ішінде Өзбекстан мен Қа­зақстан да бар. Былтыр Ташкентте өт­кен әлем чемпионатында сіздердің бас бап­керлеріңізге шапан жауып, құр­мет көрсеттік. Мырзағали Айтжанов – сый­лауға тұрарлықтай әлемдегі өте білікті маман. Сонымен қатар Қазақстаннан ке­ліп жатқан қаншама мейманға құрмет көрсетіп келеміз. Айтпағымыз, қазақ-өзбек бокс­шылары ынтымақшыл болуы керек. Екі елдің боксшылары тату болса, алын­байтын қамал болмайды. Біраз уақыт бұрын футболдан қос құрама арасында жолдастық кездесу өтті. Біз де солай бірлескен жаттығу ұйым­дас­ты­руымыз қажет. Сонда бәсекелестік жоға­ры болады әрі әлемде қос елдің боксшылары жеңіс тұғырында қатар тұрады.

– Кейінгі кезде Өзбекстанның бокс­шы жастары да халықаралық жарыс­тарда атой салып жүр. Осының сыры неде?

– Біз үшін басты талап – тәртіп. Тәртіп бар жерде нәтиже де болады. Біз ешкімнің де атақ-даңқына қарамаймыз. Чемпиондардың барлығы темірдей тәртіптің арқасында жетістікке жетіп отыр. Сондай-ақ құрама боксшылары мен бапкерлерінде, басшыларда ауызбіршілік бар. Бұл да жетістікке жетуде үлкен рөл атқарады. Қазақстанның да жетістіктеріне жұрт сүйсінеді. Соңғы әлем чемпионатында 4 алтын алу – қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Тек 2013 жылы ғана Алматыда өткен әлем біріншілігінде 4 алтын алдыңыздар. Ал сырт елде өткен әлемдік додада тұңғыш рет осындай олжаға кенелдіңіздер. Бұл да – үлкен жетістік.

– Өзбекстан боксында кубалық маманның жұмыс істейтінін білеміз.

– Иә. Адам барлық уақытта бір та­мақты жей бермейді ғой. Сол секілді боксшылар да тек Толқын бапкердің жаттығуымен шектелмей, өзге де жат­тықтырушылардан нұсқау алғаны дұрыс. 72 жастағы кубалық маман боксшыларға өз білгенін үйретіп жүр. Оның көмегі бізге ауадай қажет. Ол – бізге жаңалық әкелетін маман. Өзбекстанда бұрын бір академия болса, қазір тағы төрт академия құрылып жатыр. Сондай-ақ институт бар. Сол институттың бізге берері мол. Бұған қоса ел президенті Шавкат Мирзиёев те спортқа, оның ішінде боксқа айрықша мән беретінін айтқымыз келеді. Мұндай көзқарас бокстың дамуы­на серпін берері анық.

– Өзбекстан чемпионатында ерлер боксынан бөлек қыздар боксының да қарқын алғанын байқадық. Мысалы, 52 килода екі Азия чемпионы өте ше­берлік байқасты.

– Дұрыс аңғарғансыз. Шүкір, қазір қыздар боксы жақсы дамып келе­ді. 2016 жылға дейін сол кездегі бокс феде­рациясының басшылығы қыздар боксын онша қолдаған жоқ. Бірақ Өз­бек­с­тан қолдамайды екен деп әлем­де қыздар боксы тоқтап қалмай­ды ғой. Рио Олимпиадасында – 3, То­кио Олим­пиадасында – 6, Париж Олим­пиадасында 7 салмақ бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынып жатыр. Демек біз де көштен қалмай, қыздарға тиісті деңгейде көңіл бөлуге тиіспіз. Кейбір салмақта бәсекелестік өте жоғары екенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Бұрын бір салмақта 5-6 боксшы ғана бақ сынайтын еді, қазір чемпиондықтан үміттілердің санының өзі біршама. Мақсатымыз – Париж Олимпиадасында жүлде алу. Ал 2028 жылғы Олимпиадада чемпион шығарсақ дейміз.

– Ерлер арасында Өзбекстан чемпионаты да тартысты өтті. Сіздер күтпеген сенсация тіркелді ме?

– Ел чемпионатына 250 боксшы қатысты. 2022 жылы одан да көп болған. Бірінші кезекте спортшылардың денсаулығына мән береміз. Бұл жолы боксшылар көп жарақат алмас үшін чемпионат алдында әр өңір өз спортшылары арасында іріктеу жүргізді. Әйтпесе, әу баста 350 боксшыны қатыстырамыз деп ойлаған едік. Бұл біріншілікте чемпион болғандардың басым бөлігі – жастар. Біз 24-25 жасқа келгендерді «ардагер» деп есептейміз. Естеріңізде болса, 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында өткен Азия чемпионатында тоғыз боксшымыз чемпио­н атанған еді. Солардың көбі биыл Өз­бекстан чемпионатында топ жарды. Негізгі құрамның орнын басатын жас­тар көбейіп келе жатқаны қуантады.

– Әңгімеңізге рахмет. Туыстық туы асқақтай берсін!

 

Әңгімелескен –

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»

 

АСТАНА – ТАШКЕНТ – АСТАНА