Қоғам • 26 Қаңтар, 2024

Вейп бейберекетіне жол берілмейді

145 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Вейпке бөккен ортаның болашағы тұтас қоғамды алаңдатып отыр. Үдере ушыққан бұл келеңсіз үрдісті тек заңмен тоқтатудан басқа амал да жоқ. Күрделі мәселенің шешімі Парламентте айтылды. Осы аптада Мәжілісте қабылданған заң жобасына сәйкес вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға, таратуға тыйым салынады. Бұл заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.

Вейп бейберекетіне жол берілмейді

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Адам денсаулығына, әсіресе, жасөспірімдердің келешегіне кесірін тигізетін заттардың барлығының ар жағында мүдделер шайқасы жүретіні мәлім. Мәселен, кейінгі жылдары электронды темекі төңірегіндегі тартыс толастамай тұр. Кейінгі кездері жасөспірімдер арасында электронды темекі шегу белең алып барады. Ал оны табу да, сатып алу да қиын емес, аттап бассаң, алдыңнан шығады. Мұның кәдімгідей үлкен мәселеге айналғанын «Вейпсіз жастар» әлеуметтік жобасы аясында «Қазақстанның балалар қоры» ҚҚ жүргізген сауалнама айғақтады. Мәселен, 21 жасқа дейінгілер апта сайын вейп сатып алатын болса, бұл көрсеткіш Алматыда – 80,5%, Астанада – 83,3%, Өскеменде 15,4%-ды құрап отыр.

Осы арада мәселенің келе­сі бір қырына тоқтала кеткен жөн. Өйткені «вейпке қар­сы шығушылар темекі өнді­рушілердің мүддесін көздейді» деген пайым ғана емес, елімізде бұл тиімсіз тыйым ретінде қабылданып, оған қарсы петиция 100 мыңдай қол жинағанын ұмытпау керек. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа қазан айында Парламент алдында неліктен вейпингке тыйым салуды ұсына­тынын түсіндіруге тура келді.

Қысқасы, қарсы тараптың уәжін алға тартпас бұрын «Вейп­сіз жастар» әлеуметтік жобасы 2023 жылдың көктемінде вейп пайдалануды шектеу мақса­тында басталып, оны Ішкі істер және Денсаулық сақтау ми­нистрліктері, Оқу-ағарту ми­нистрлігінің Балалардың құ­қық­тарын қорғау комитеті қол­дады. Сонымен қатар сарап­шы­лардың да мақұлдауына ие бол­ды.

«Балалар мен жасөспі­рім­дер­дің вейпингіне қатысты қауіп-қатерге қарсы тұру үшін нақ­ты жүйелі әрекеттер қа­жет. Жоба аясындағы жұмыс бір­не­ше бағытты қамтыды: сау­да нүктелерімен ақпараттық жұ­мыс; Ішкі істер органдары­мен бірге қолданыстағы заңна­ма­ның сақталуына қатысты вейп-дүкендерге мониторинг; жасөс­пірімдерге, ата-аналар мен мұ­ғалімдерге арналған білім бағ­дарламалары, ақпараттық нау­қан», дейді «Қазақстан балалар қоры» ҚҚ директоры, Халық­аралық балалар қорлары қауымдастығының вице-прези­денті Эльвира Ватлина.

Жоба аясында ішкі істер органдарымен бірге вейп-шоптарға 36 рейд жүргізіліп, 21 жасқа дейінгі адамдарға вейп сату туралы талаптарды бұзғаны үшін 14 әкімшілік хаттама жасалған.

«Жасөспірімдер вейпингіне көзді жұмып қарау, мәселе ре­тінде елемеу қоғам үшін қым­батқа түсуі мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Осы қауіпті құбылыспен күресу үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет, жалғыз тыйым салу бұл іске көмектеспейді». Меніңше, вейптерге тыйым салудан өзге, сатылымдарға мемлекет және қоғам тарапынан бақылау жүйе­сін жолға қою қажет. Өйт­кені тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, тыйым салу осы тауар­лар­дың «қара нарығының» қалыптасуына әкеліп, вейптер сөре астынан, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сатыла береді», дейді Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі, заң ғылымдарының докторы Қуат Рахымбердин.

Мәселен, Алматыдағы «Вейп­­сіз жастар» жобасының үй­лес­тірушісі Марат Сайбеков 21 жасқа толмағандар арасында вейптерге қолжетімділік мәсе­лесі бүкіл елімізге тән дейді: «Біздің қала вейп-дүкендерге толып тұр әрі саңырауқұлақ сияқты көбейіп келеді. Шағын орта бизнесіне тексеруге қатысты мораторийдің күшін жоюы мәселені түбегейлі шешпейді. Сол себепті  пайдаға құныққан сатушыларды анықтау үшін құқық қорғау органдарымен бірге вейпшоптарға рейдтерді жалғастырамыз».

«Жастар арасында шылым­қор­лық мәселесін жалпы жұрт болып бірікпесек, оны ауыздықтау мүмкін емес. Вейптерді сатуға толық тыйым салудан да басқа, балалар вейпингі проблемасы­мен жүйелі күресу және вейп­­терді сатуға тыйым салуды ба­қылау үшін үкіметтік емес ұйым­дарды, мемлекеттік құзыр­лы мекемелерді, бұл жағдайға бейжай қарамайтын азаматтарды тарту қажет болады», дейді Астана қаласындағы Адам құ­қық­тары және заңды­лықты сақ­тау жөніндегі Қазақ­стан ха­лық­аралық бюросы фи­лиа­лының заңгері Артур Алхастов.

Ал енді «вейпке қарсы шы­ғушылар темекі өндіруші­лердің мүддесін көздейді» дейтін тарап не дейді?

Еліміздің вейпингке толық тыйым салғысы келетіні мә­лім болғанда, оған қарсы петиция­ға ұйытқы болған Tastau.qaz қоғамдық қозғалысының өкілі Татьяна Фоминованың пікірін­ше, вейптерге тыйым салу бас­тамашыларының табанды ұмты­лысы темекі өндірушілердің мүддесін көздейді. Өйткені егер ересек темекі шегушілерде таңдау болмаса, олар темекі түтінімен улануды жалғастыруға мәжбүр болмақ. Т.Фоминованың айтуынша, елде жасөспірімдерге электронды темекі сатуды шек­теудің тиімді тетіктері қарас­тырылған. Бар-жоғы осы тетік­тің дұрыс жұмыс істеуін қада­ғалап отырса, болғаны. Өйт­кені бұл өнім бастапқыдан-ақ жасөспірімдер мен жастарға бағытталмаған. Ол тек темекіге балама ретінде ересек темекі шегушілерге арналған. Сон­дықтан ЕАЭО бойынша көрші­лердің тәжірибесін ескере келе кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі сату қадаға­ланатындай, вейп сатуға бақы­лау­ды күшейту керек, ал тыйым салу бірқатар себепке байланыс­ты жұмыс істемейтін көрінеді.

«Вейптерге тыйым салу контра­банданың, сапасы күмән­ді өнімдер саудасының өсуі­не, сондай-ақ никотинді өнім­дер өндірісін, тасымалдануы мен сатылуын бақылаудан шыға­рады. Тиімсіз тыйымдарға қарсы петициямыздың 100 мың қол жинауы кездейсоқ емес екенін атап өткім келеді. Бұл – қоғамның саяз тыйым шараларынан шаршағанын көрсететін алғашқы әлеуметтік маңызды петициялардың бірі. Вейптерге тыйым салудың бастамашылары темекі өндірушілердің мүддесі үшін жұмыс істейтіні анық. Вейперлердің басым көпшілігі айналып келгенде темекіге қайта оралатыны түсінікті. Бір ғана мысал келтірейін: былтыр билік түтінсіз қыздырылған темекіге акцизді көтерген кезде, тек бір өндірушіде темекі сатылымы бірден 25%-ға, ал екіншісінде 30%-ға өсті. Осы өндірушілер вейптерге салынатын тыйымды тағатсыздана күтіп отырғанын айтпаса да белгілі», деп Т.Фоминованың байбалам салғаны есімізде.

Сол сияқты KazSpirits қауым­дастығының басшысы Дмитрий Жуков Қазақстандағы кәсіби қауымдастықтар бірнеше жылдан бері вейптерді сатуды заң­намалық деңгейде қа­таң реттеуді ұсынып келе жатқа­нын, осы арқылы өнімді жасөс­пірімдерге сатуды әлдеқашан тыюға болға­нын алға тартты.

Сонымен, көкейкесті мәселені Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың: «Ересектің аты – ересек. Ал балалар көп нәрсені түсінбейтіндіктен, денсаулығына ненің қауіпті екенін алдын ала саралай алмайтындықтан, оларға қатаң тыйым салу шаралары бар. Денсаулық сақтау министрлігі – жазалаушы немесе бақылаушы орган емес. Вейптерге келсек, оған кальян сияқты тыйым салу тиімді жұ­мыс істемейді. Бүгінгі ғылым вейп­тердің жасөспірімдерге төн­ді­ретін үлкен зардабы бар екенін, өкпесін зақымдайтынын көрсетіп отыр. Вейпте химиялық заттар көп, олардың қайсысы қай ағзаға нендей зиян келтіретіні әлі толық зерттелмеген», деген сөзі­мен қорытындылауға болады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024