Саясат • 28 Қаңтар, 2024

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

79 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәжікстанға ресми сапармен барып, осы елдің Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөз жүргізді.

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Фото: kaz.inform.kz

Сыртқы саяси салалардың басшылары жоғары деңгейдегі ор­нықты және сенімді саяси диалог­тің арқасында Қазақстан мен Тәжік­стан арасындағы қатынастар өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне шығарылғанын атап өтті.

«Тәжікстан – сенімді страте­гия­лық серіктесіміз және одақтасымыз. Қазақстанда бауырлас тәжік халқына ерекше жылылықпен қарайды және көпқырлы ынтымақтастықты ны­­ғайтуға бағытталған», деді М.Нұртілеу.

Тараптар қазақ-тәжік ынтымақ­тас­тығының кең ауқымды мәсе­лелерін талқылады. Сауда-эконо­ми­калық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Перспективалы жо­баларды ілгерілету бойынша бір­лескен жұмысты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

М.Нұртілеу сауда, энергетика, тау-кен және уран өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және логис­тика салаларында өзара тиімді ын­тымақтастықты дамытуда қол жет­кізілген прогресті атап өтті.

Қазақстан Тәжікстанның ірі сау­да серіктестерінің «үштігіне» кіре­ді. Кейінгі жылдары екіжақты тауар айналымы миллиард доллардан асқан. М.Нұртілеу Қазақстан экспортты шамамен 190 млн доллар сомаға ұлғайтуға дайын екенін хабарлады. Соның ішінде теміржол локомотивтері мен вагондарын, рельс арқалық өнімдерін, ұнды жеткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ кооперациялық байланыстарды дамыту үшін барлық қажетті жағдай­ларды жасау қарастырылған.

Цифрлық технологиялар ынты­мақ­­тастықтың жаңа драйверіне айналды. Өткен жылдың желтоқсан айын­да Қазақстан «KazAID» агенттігі арқылы тәжік тарапына 2,8 миллион долларға eGov платформасының IT өнімдерін берді. Тараптар осы бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі ілгерілетуге уағдаласты. Жақын арада Қазақстанның озық IT-мек­теп­­терінде 100 тәжік маманын оқы­ту жоспарланып отыр. Өз ке­зе­гінде Тәжікстанның Сыртқы іс­тер министрі С.Мухриддин одақ­тастық қатынастарды терең­детуге бейілділігін білдіріп, сауда-эконо­ми­калық бағыт тәжік-қазақ өзара іс-қимылының маңызды сег­менті екенін атап өтті.

Келіссөздер барысында сыртқы саяси салаларының басшылары ха­лықаралық және өңірлік күн тәр­ті­бі мәселелері бойынша ортақ мәмі­леге келді. Тараптар көпжақты құ­ры­лым­дар, оның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ИЫҰ, АҚИҰ, ХАҚҚ және тағы басқа ұйымдар шеңберінде өзара қолдау көрсетуді жалғастырады.

Министрлер өңірлік кооперация­ны дамытуға, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ны­ғайту жөніндегі бірлескен күш-жігерге, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кезде­сулері мен Халықаралық Арал­ды құтқару қоры аясындағы өзара іс-қимылға егжей-тегжей тоқ­талды.

Екіжақты күн тәртібінің маңызды бөлігі – мәдени-гуманитарлық сала. Білім, ғылым, мәдениет, медицина және спорт саласындағы өзара іс-қимылды арттыру бойынша ұсыныстар алмасты. Тараптар биыл Тәжікстанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарларын белгіледі. Қазақстандық та­рап «KazAID» агенттігі жақын арада Орталық Азия елдерінен келген жас дипломаттар үшін білім беру курстарын және медицина қыз­мет­керлері үшін тағылымдамалар ұйым­дастыратынын хабарлады.

Министр М.Нұртілеу Душанбеде Тәжікстанның ірі компанияларының бас­шы­ларымен жеке кездесу өткі­зіп, қазақ серіктестерімен, оның ішін­де бірлескен кәсіпорындар құ­ру арқылы белсенді өзара іс-қи­мыл жасасуға шақырды. Сапар ая­сында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Исмоил Сомони ескерт­кі­шіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Тәжікстанның Ұлттық мұражайына барып қайтты.

Ресми сапардың екінші күні Мұрат Нұртілеу бастаған Сыртқы істер министрлігінің делегациясы Қаза тапқан қазақстандық жауын­герлердің монументіне гүл шоқ­тарын қойды.

Қазақстандық батырларды еске алу іс-шарасына тәжік тарапының өкілдері, оның ішінде Тәжікстанның МҰҚК Шекара әскерлерінің арда­герлері мен зейнеткерлері кеңе­сінің төрағасы генерал-лейтенант Сафарали Сайфуллоев, сондай-ақ елор­далық мэрия басшылығы қа­тысты.

Қазақстанның Сыртқы саяси саласының басшысы Душанбе қала­сының басшылығына мону­ментке ұқыпты қарағаны үшін алғыс айтып, азаматтарымыздың ер­лік­терін есте сақтауда одан әрі ынты­мақ­тастыққа үміт білдірді.