Қоғам • 31 Қаңтар, 2024

«Қызыңды бөтен үйге қондырма»

437 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң талаптарын қатаңдату, қылмыстың алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізу, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту, осы іске азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарту мәселелері өткір көтерілді. Елімізде осы бағытта құқық қорғау органдары көп жұмыс атқарып жатқанына қарамастан, жасөспірімдер қолымен жасалатын және жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыс түрлері азаймай отыр. Бұл жағынан Ақтөбе облысындағы ахуал қандай?

«Қызыңды бөтен үйге қондырма»

Кәмелетке толмағандардың тәртібі мен тәрбиесіне қатысты облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тер­геу­шісі, полиция­ под­пол­ков­нигі Венера Абдуллинаның да айтары көп.

«Ақтөбе облысында 2022 жылы әйелдер мен балаларға қарсы жыныстық қолсұғушылық бойынша 41 қылмыс, 2023 жылы 33 қылмыс тіркелген. Былтырғы тіркелген 33 қылмыстың 18-і кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу бойынша қозғалды. Былтыр полиция департаментінің өндірі­сін­де жатқан осы сипаттағы 107 қылмыстық істің 20-сы сотқа жолданып, 72-сі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Осы қаңтарда тағы 15 қылмыстық іс өндіріске енді», дейді ол.

Кәмелетке толмаған жасөс­пі­рім­ді күдіктінің жыныс­тық қатынасқа мәж­бүр­леуі дәлел­ден­се, ол бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алайда адам тағдыры ойыншық емес. Бұл жерде күдікті мен жәбірленушінің арасындағы барлық әрекет бүге-шігесіне дейін қарастырылып, антропологиялық-медициналық сараптама тағайындалады. «Бізге түскен барлық қылмысты зерделеу барысында жәбірленуші мен күдіктінің көбінесе әлеуметтік желіде танысатыны анықталады. Назар аударарлық жайт, мұндай кезде 16 жастағы қыздар өздерін 18-20 жастамыз деп таныстырады. Қыл­мыстық істердегі жәбірленушілер негі­зінен колледждердің төменгі курсын­да оқитын қыздар, арасында ауыл мектептерінің оқу­шылары да ұшырасып жатады. Қала мектептерінен жүктілік дерегімен оқи­ғалар тіркелген жоқ. Көбіне ерте жас­тағы жүктілік мектептер мен колледж оқу­шы­ларын медициналық тексерістен өткізу кезінде анықталды. Бізге арыз түскен бойы істі бақылауға алып, тергеу жұмыстарын бастаймыз», дейді Венера Серікбайқызы.

Кәмелет жасына жетпеген қызының жүкті болып қалғанын білген бойы ата-ана полицияға арызданады. Осы санаттағы қылмыстарды зерделеу барысында анықталғаны, жыныстық зорлық-зомбылыққа көбіне толық емес немесе тұрмысы төмен отбасылардың кәмелетке толмаған қыздары көбірек ұшырап жатады. Бұл жерде ата-ананың жеткіншектер тәрбиесіне жеткілікті мән бермейтінін ерекше атап өткен жөн. Қыздары «құр­бым­ның үйінде боламын» деген сылтау­мен жиі үйіне қонбайды, түн ортасына дейін көшеде жүреді. Қылмыстық істердегі жыныстық зорлықтың ортақ бейнесі қандай? Ол орта жастағы, тұрақты жұмысы жоқ, кездейсоқ табыстармен күнелтетін ер адам, білімі орта. Тергеу басқармасында туған нағашысынан жүкті болып қалған қызға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Басында қыздың достасып жүрген жігітінен күдіктенген. Алайда медициналық сараптама қорытындысы қыздың туған нағашы ағасынан жүкті болғанын көрсетті. Халқымыз «Ұлыңды бөтен­ үйден тойдырма, қызың­ды бөтен үйге қондырма» деп текке айтпаған.

Үйіндегі үлкендерден тыйым көр­мейтін жеткіншекке түнгі көшеде жау көп. Жасөс­пірім қыз, не ұл неге үйде отырғысы кел­мейді? Оған неге туған ата-анасы емес, көшедегі күмәнді адамдар жақын? Өйт­кені үйде балаға қолдау жоқ, онымен ашық сөйлеспейді, жақындарының ұрыс-керісі, маскүнем әке баланы үйден без­ді­реді. Әке-шеше баланы көзден таса жібер­мей, шын жанашырлық танытып, үнемі қол­дау көрсетіп отырса, көшеден қызық ізде­мейді.

Венера Абдуллинаның айтуынша, кейінгі уақытта кәмелетке толма­ған­дарға қарсы жыныстық сипаттағы қыл­мыс­тар­дың өр­шуі­не оңаша кино­театр­лар­дың көбеюі де себеп болып отыр. «Пан­де­мия­дан кейін қалада кез келген жерде екі адамдық кинотеатрлар ашу сәнге айналды. Екі адам оңаша бөлмеде бірнеше сағат кино көреді. Бұл жерде ішімдікке де, тамақ­қа да тапсырыс беруге болады. Жас­өспі­рім қыздар түнде осындай жерлер­ге көп барады. Қылмыстық істерде жәбір­лену­ші мен күдіктінің әлеуметтік желі­лер­де­ та­нысып, осындай күдікті орындарда уақыт өткізетіні анықталған», дейді аға тер­геуші.

Жасөспірім тәрбиесінде басты жауап­кер­шілік ата-анасында болмаса бәрі бекер. Кәмелетке толмағандарға қарсы жаса­­латын қылмыс санын азайту үшін әке-шешенің жауапкершілігін күшейту өз алдына, одан басқа шағын және орта кәсіп­­кер­лікке мораторий жарияланған кезде қаптап кеткен интимдік қызмет көр­сетуге бағытталған орындарды қатаң тексеру керек.

 

Ақтөбе облысы