Сатира • 01 Ақпан, 2024

Белсенділік

61 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Белсенділік

Мен қазақтың маңдайына біткен бірден-бір төл жануары – жылқымын. Олай дейтінім, қазекең ұлан-ғайыр далада өріп жүрген жан-жануар ішінен бізді таңдап қолға үйреткеніне бақандай бес мың жылдың жүзі болыпты. Біз – қазекеңнің мінсе көлігі, сауса сусыны, жесе тамағымыз. Яғни тағдыр-талайымыз біте қайнасып, бірімізсіз біріміздің күніміз жоқ қалыпқа жеткенбіз.

Басымыздан бақайшығымызға дейін бағам­дап, желдей желдіртіп құрмет тұтып, біз жө­нінде небір өлең-дастандар тудырып қадір-қасиетімізді асқақтатқанына ризамыз.

Енді, міне, заман өзгеріп, техниканың дәуірі дүрілдегелі бері біз қағажу қалып, қапалана бастағалы да біраз болған.

Қыжыл қойыртпақталып іштен тынып, тыпыршып жүр едік, Құдай оңдап, елімізге әлемнің түкпір-түкпіріндегі жан-жануар өкілдері жиналып, алқалы басқосу өткізе қалмасы бар ма.

Бұйырып, алқалы топ алдында сөз сөйлеу мәртебесіне ие болдық.

Не керек, шектеулі уақытта шерменде шерімді ағыл-тегіл ағыттым... Сондағы айғырлығыма басып кісінеп алып айтқа­нымның тоқетері мынау болды:

– Ағайындар, осы отырғандардың біразы бір замандарда осы өлкені мекен еткендеріңді естеріңе салайын. Қиын-қыстау заман туып, табиғат осы өлкеде алай-дүлей болғанда әркім бас сауғалап тым-тырақай қаша жөнел­гендеріңді білеміз. Бір-екеуін айтсам, мәселен, жан-жануардың алыбы – пілдің өзі үрім-бұтағын үйіріп, бір-ақ түнде Үндістаннан бір-ақ шықты... Әшейінде ақырып-бақырып айбат шегер арыс­тан тұқымының қайда барып бас сауғалағанын білеміз? Азуы алты қарыс аюеке сіздің сонау солтүстікке сүңгіп кеткеніңізді қалай ұмы­тамыз? Ойпырай, құрт-құмырсқа, жер бауырлап жылжыған жәндік атаулы оңтүстікке опырыла көшкендегі көрініс әлі күнге көз алдымдызда. Түйе жарықтық та маң-маң басып қиыр шетке қырқа асып кете барды-ау...

Қайсыбірін айтайық, осы отырған­дарыңның көбіңнің бір кездердегі жұртың осы елді мекен болған. Оған топан су қапта­ғандағы Нұх пайғамбардың кемесі куә.

Енді, міне, еліміз тәуелсіздік алып, Алла Тағала бұйыртқан байлығымызды меңгеріп асып-таси бастағанда: «Қазақстанның асты-үсті толған байлық, құт-берекелі елді мекен», деп неше түрлі айла-шарғыны ойластырып келіп қалған екенсіздер», деп жылқы емеспіз бе, құлағымызды қайшылап, оң тұяғыммен жер тарпи нағыз «кісіней» сөйлеуге бет бұрып: «Осы елдің етене жануары біздің де қадір-қасиетіміз қалмады. Мәселен, қазы-қартаны – еврейлер, қымызды – немістер, ең аяғы көкпарды көрші ел заңды түрде иеленіп алды», деп төтесінен тартып едім, жиналыстың тізгінін ұстап отырған өзіміздің билік өкілдері: «Уақытыңыз бітті», деп шорт кесіп, оған келіп отырғандар қол соға қосарланып мінберден ит қосып қуып түсірді.

Не істейін, түскен бойда сыртқа шығып бар даусыммен кісінеп, жер тарпи алдыңғы аяғым­ды көкке көтере бұлқынып барып бар екпініммен шаба жөнелдім.

Қанша шапқаным белгісіз, аяқ талып, тізем дірілдеп, омақаса құлаппын.

Ертесінде ес жисам, бір топ «арнайы» өкіл келіп аяғымды матап, борбайымды шұ­қылап жатқан. Сөйтсем, пәтшағарлар сәуірік уақыты бітті деп піштіріп тас­тапты...