Қоғам • 04 Ақпан, 2024

Перзенттік парызын өтемеген балалар ата-аналарына алимент төлейді

90 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жылы Алматыда 1,5 мыңға жуық безбүйрек әке-шеше балаларына алимент төлеуден жалтарғандықтан, сот орындау­шыларына алимент өндіріп алу туралы 22 415 атқарушылық іс жүргізуге тура келген. Оның ішінде ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін 159 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Перзенттік парызын өтемеген балалар ата-аналарына алимент төлейді

Өкінішке қарай, Алматы қалалық Әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаева алименттік борышкерлер өз балаларын асыраудан бас тартып қана қоймай, нақты қаржылық мүмкіндіктері бола тұра, табыс­тары мен мүліктерін жасыратынын айта келе, Ішкі істер органдарына борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 133 ұсыныс жолданып, 1 328 борышкерге қарыздарына байланысты республикадан шығуға уақытша тыйым салынғанын мәлімдеді. Дегенмен департаментте жұмыссыз борышкер­лерді жұмысқа орналастыру, кәмелет­ке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіріп алу жөніндегі жұмыстар атқарылып жатыр.

«Бірақ борышкердің тұрақты табысы мен мүлкі болмағандықтан, алимент өндіріп алуда туындайтын қиындықтар бар. Сондықтан біз жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментімен бірге бос орындар жәрмеңкелерін өткізіп, нәтижесінде 780 борышкер жұмысқа орналастырылды», дейді Б.Кесебаева.

Сол сияқты Алматыда алименттен де басқа әлеуметтік маңызы бар санаттағы істер бойынша, яғни жалақы, зейнетақы, жәрдемақы өндіріп алуға байланысты 23 615 атқарушылық іс жүргізілген. 2023 жылы департамент 230 борышкерге қатысты әкімшілік құқық бұзғаны туралы хаттамалар толтырып, борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 137 ұсыныс жолдаған. Қазіргі таңда Алматыда 24 мемлекеттік, 288 жеке сот орындаушысы қызмет атқарып отырса, олар жыл басынан бері 731 051 атқарушылық іс жүргізген.

Сонымен алимент төлеуден жалтарғандар мәселесі қалай ше­шілмек деген сауалға келсек, Ал­маты қалалық Әділет депар­таментінің басшысы: «Алимент өндіріп алу – өте өзекті мәселе. Алдымен бұл заң жүзінде атқары­лады және мұны әлеуметтік мәселе дер едім. Өйткені әрбір ата-ана некеде тұрса да, тұрмаса да, кәмелетке толмаған балаларын бағып-қағып, өсіру үшін бірге әрекет жасауы керек. Өкі­нішке қарай, негізінен іс жүзінде керісінше болып жатады. Сот орындаушылары алимент өндіріп алу үшін бірқатар шара қабылдауға мәжбүр. Біріншісі – алимент өндіріп алуды қамтамасыз етіп, оны әрі қарай жүзеге асыру үшін борышкерлердің ақшалай шоттарын бұғаттап, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін алып қою. Алимент бойынша өте үлкен қарызға батқан фактілер жеткілікті. Оған қоса кәмелет­ке толмаған балаларын асырау үшін алимент төлемейтін борышкерлерді әкімшілік, қыл­мыстық жауапкершілікке тарту да бар. Кез келген мәселені адам­гершілік тұрғыда шешуге бол­ғанымен, қылмыстық жаза та­ғайы­ндау кезінде судьялар мен заң­герлер арасында дау туын­даған жағдайда, кәмелетке тол­ма­ған балалардың мүдделері бірінші орында тұрады. Ал ересек адам қандай жағдайда болса да, жұмысқа орналасып, табыс та­уып, балаларын асырауға міндетті», дейді.

Сол сияқты еңбекке қабілетті, кәмелеттік жасқа жеткен балалары өздерінің қауқарсыз, мұқтаж ата-аналарын асырауға, қамқорлық танытуға міндетті. Егер балалар өзара келісім бойынша өз еріктерімен еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағудан бас тартса, онда әке-шешесі алимент талап ету үшін сотқа жүгіне алады. Алматы қалалық заң кеңесшілері палатасының төрағасы Гүлнар Бердібекова есейіп, әке-шеше­леріне қарамай кеткен балаларынан алимент өндіруге мәжбүр болатын қарттарға қатысты жағ­дайларды баяндады.

«Алимент алу балалар тек ата-аналарына ғана емес, ата-аналары балаларының үстінен (бір балаға да, өзінен туған барлық балаларына да) арыздана алады. Бірақ алимент тек осы балаларды өсіріп, тәрбиелеген және ата-ана құқығынан айырылмаған әке-шешелерге ғана берілуі мүмкін. Ал ата-ана құқығынан айырылғандар қартайған кезінде балаларына арыздану мүмкіндігінен айырылады. Жуырда бізде бір жағдай болды, атасы мен әжесі немересіне арызданды, өйткені олардың қызы ұзақ уақыт хабар-ошарсыз кеткендіктен, қартайған атасы мен әжесі немересінен алимент өндіруге шағымданды. Бұл да заңмен қарастырылған. Егер олар мәмілеге келе алмаса, онда сот органдары арқылы олар құзырлы орындарға жүгіне алады және алимент төлеуге шешім шығарылады. Ал немересіне ата-әжесін күтіп-ба­ғуға алимент төлеуге тура ке­ле­ді», деді Алматы қалалық заң кеңес­шілері палатасының төрағасы.

Қазақстанда туған-туыстарды асырау жөніндегі заңдық міндеті ең алдымен отбасы мүшелеріне жүктелген.

 

АЛМАТЫ