Жоба • 05 Ақпан, 2024

Оқырманға арналған онлайн жоба

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда көпшіліктің көркем әдебиет оқуға деген ынтасын, кітапқа құштарлығын арттыратын онлайн байқау басталмақ. Облыс әкімдігі қолдап, облыстық кітапхана қолға алып жатқан игі жоба ақпан мен мамыр айының аралығында өтеді және төрт кезеңнен тұрады. Үлкен-кішіні бөле-жармай, кітап оқитын зерделі қауымды толық қамтыған мұндай ауқымды байқаудың өңірде тұңғыш рет өткелі отырғанын айта кеткен жөн.

Оқырманға арналған онлайн жоба

«Байқау онлайн өтеді. Оқылатын кітаптар да, қазылар алқасының құрамы да анықталды. Кітаптардың тізімі сайтта жарияланады. Оқыр­мандар сол сайтқа тір­келген соң, ұсынылған кітапты берілген уақыт ішінде оқып шығады. Одан кейін онлайн тест тапсырады. Ал осы үш кезеңнен өтіп, іріктеліп шыққандар финалдық кезеңде эссе жазады. Қорытынды ке­зең офлайн режімде өтеді. Осы­­лайша, кітап оқитын ор­таны қалыптастырып, көпші­ліктің көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түспек ниет бар», дейді об­лыс­тық кітапхана басшысы Дариға Дүйсебаева.

«Оқы және жең» онлайн байқауын ұйымдастырушылар оқуға ұсынылған кітаптарды оқырмандардың жас ерек­шелігін ескере отырып таң­дағаны көрініп тұр. Мысалы, бірінші кезең­де 10 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға Бердібек Соқ­пақ­баевтың «Ба­лалық шаққа саяхат» повесі, 15-тен 18 жас­қа дейінгі жасөспірім оқыр­манға Баққожа Мұқайдың «Өмірзаясы», ал 19-ға толған және одан жоғары жастағы ересек оқырмандарға Смағұл Елубайдың әйгілі «Ақбоз үй» трагедиясы ұсынылып отыр.

«Осы байқауға дайындық барысында облыс әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы бәрімізді кітапханаға бірнеше рет жинап, оқырманға қандай кітап ұсынамыз деген мәселені әбден пісіріп, пысықтап алдық. Оқырманның жас ерекшелігін, кітаптардың электрондық нұс­қасының болуын ескердік. Әр кітаптың өзіндік жүгі, айтар ойы бар. Таяуда ғана бай­қаудың сайты ашылды. Оған қазірдің өзінде 500-ден астам адам тіркелген. Осы­ған қарағанда, аталған жоба ұлттық әдебиетімізді насихаттап, оқыр­мандарымызды оя­татын сәтті жоба болатын сияқ­ты», дейді қазылар алқасының мүшесі Шынар Төлегенова.

Байқаудың жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаздарға 150 мың теңгеден ақшалай сыйлық беріледі. Жүлдегерлерге 100 мың, 50 мың теңгенің сыйлығы дайын тұр. Мұның сыртында, кәмелетке толмаған 4 озық оқырман еліміздегі ең үздік ба­лалар лагеріне жолдама алады. Ал ересектер үшін Меңдіқарадағы М.Қарабаев атындағы шипажайға 2 жолдама қарастырылған.

 

Қостанай облысы