Аймақтар • 05 Ақпан, 2024

Қарияларға қамқор орта

119 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаладағы қариялардың қауырт жұмысы жоқ, көпқабатты үйдің ауласынан ұзамайды. Бұл егде тартқан жанның денсаулығына зиян. Неге десеңіз, адам қимылдамаса, қан айналым үдерісі де төмен болады. Ал неғұрлым белсенді тірлік етсе жасы ұзақ, дені сау болмақ. Оның үстіне «қарты бар елдің қазынасы бар» деп қазақ әріден ойлаған. Осы орайда облыс орталығында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жұмысын бастады.

Қарияларға қамқор орта

Суреттерді түсірген – Дмитрий Ерофеев

Талдықорған қаласында көптен күткен «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» есігін айқара ашты. Бұл сәтті зейнетке шыққан жандар асыға күтіп жүр еді. Себебі зейнет жасындағы адамдарды әлеуметтендіру және оларды белсенді мәдени-шығармашылық, спорттық, іскерлік өмірге тартудың негізгі жолы – осы орталық. Бұған қоса олардың физикалық және психо­логиялық саулығына ықпал ету арқылы өмір сүру ұзақтығын арттыруға жәрдем­деседі.

Ең ғажабы, мұндай орталық қалада бұрын да болған, бірақ оның жұмысын жүргізіп, дамыту үшін қоғамдық ұйымдар арасында конкурс ойнатылатын. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, орталық коммуналдық мемлекеттік мекеме форматында қайта ашылып отыр, қазір оның қуаты екі есеге артып, 220 орынға лайықталған.

апр

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, бір ғана облыс орталығында 25 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасы бойынша КММ құру туралы шешім қабылданды.

«Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ басшысы Әсет Оразбекұлының сөзіне қарағанда, орталық келушілердің сұранысы мен қызығушылығына қарай 12 қызмет түрін тегін көрсетіп, 38 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.

«Қаржылық және компьютерлік сауат, ағылшын тілі, қазақ тілі, тоқу және тігін курстарын ұйымдастырдық. Спорт залы бар. Йога, вокал, шахмат-дойбы, үстел теннисі бойынша сабақтар өтеді. Қазір орталыққа ыңғайлы уақытта 210-нан аса адам келеді. Бассейнге бару мәселесі шешіліп жатыр. Алдағы уақытта ашық аспан астында іс-шаралар, саяхаттар өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 16 орындық автобус сатып алынды», дейді А.Оразбекұлы.

Жаңа орталыққа арнайы келген 72 жастағы Гүлзада Бердешева өз әсерімен бөлісіп: «Бізге мұнда бәрі ұнайды. Мен шахматқа, дойбыға, үстел теннисіне қызығамын. Бұл жерде дәл үйдегідей жылылық пен жайлылық бар. Осындай тамаша мекеменің ашылуына атсалысқандардың барлығына алғыс айтамын!», дейді зейнеткер.

Орталықтың тұрақты келушілерінің бірі Светлана Цыплакова да дән риза. «Мен тіл курстарына барғанды ұнатамын. Әсіресе қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сәуле Арнайқызын ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің арқасында мемлекеттік тілді түсініп қана қоймай, жайлап сөйлей бастадық. Маған бұл жерде тоқу, тігін, йога сияқты қызығушылығыма сай келетін үйірмелер ұнайды», деді ол.

Атап өтсек, орталықты дамытуға 2024 жылға 300 млн теңге бөлінген. Бү­гін­гі таңда орталық 16 орынды шағын автобус, тренажерлер, гантельдер, жүгіру жолы, жаттығуға арналған құралдар, қа­бырға тіректері, гимнастикалық доп­тар, үстел теннисі, шахмат, дойбы, то­ғыз­құмалақ ойнауға арналған құрал-жаб­дықтар, тігін машиналары, тоқыма жиын­тықтары, массаждық орындық, жылжымалы проек­торларға арналған экрандар, стерео жүйе, проекторлар, маркер тақ­та­­ла­ры және
басқа да қажеттіліктер сатып алынған.

Құрылыстың жалпы ауданы – 1349,8 шаршы метр. Бірінші қабатта оқу сабақтарын өткізуге арналған орындар, медбике бұрышы, массаждық орындық, ал екінші қабатта спорт залы, вокалдық жаттығу бөлмесі, шахмат, дойбы, теннис ойнауға арналған үстелдер, тігін бұрышы бар. Барлық қызмет тегін көрсетілетін орталыққа Талдықорғанның зейнетке шыққан кез келген тұрғыны бара алады. Келушілер жеке басын куәландыратын құжат пен зейнеткердің жеке куәлігін көрсетуі керек. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Талдықорған қаласындағы Желтоқсан көшесі, 259-үй мекенжайында орналасқан.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024