Айбын • 06 Ақпан, 2024

Әскери ұшқыштардың жоғары мектебі

103 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери инс­титуты еліміздің Қарулы күштеріне білікті әскери ұшқыштар мен инженерлер даярлап келеді. Сондай-ақ іргелі оқу орнының Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының мүше мемлекеттерінің авиация мамандарын оқытып келе жатқан Орталық Азиядағы жалғыз оқу орны екенін айта кеткен жөн.

Әскери ұшқыштардың жоғары мектебі

Курсанттар «мемлекеттік авиациядағы әуе кемелерін пайдалану», «мемлекеттік авиациядағы авиациялық техника және технология», «ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және әскери медицина» мамандықтары бойынша білім алады.

Ең алғаш рет 1974 жылы Ақтөбе жоғарғы азаматтық авиациясының ұшу училищесі болып шаңырақ көтерген оқу орнына кеңес одағының барлық жерінен талапкерлер білім алуға келетін. 1996 жылы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің есімін иеленді. Бүгінде осы оқу орнының 400-ге жуық курсанты 16 кафедрада авиация саласының түрлі мамандығына оқып жатыр. Әскери ұшқыш не әскери инженер болу арманымен келген жастар мұнда төрт жыл тегін оқиды. Курсанттар жатақханамен қамтамасыз етілген. Биыл екі жатақхана күрделі жөндеуден өткізілді.

Жақында «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшілері осы оқу орнының тіршілігімен танысып қайттық. Оқу корпустарын аралап, оқытушылармен, курсанттармен пікірлесіп, жаттығу залдарын аралап, жатақханасы мен асханасын көріп қайттық.

 

Әскери кафедралар тынысы

«Аэродинамика және ұшу қауіпсіздігі» кафедрасында курсанттар аэродинамика негіздерін оқиды, ұшуларды, ұшу қауіпсіздігін меңгереді. Бұл жерде ұшу алдындағы жаттығуға арналған тренажерлер бар. Кафедра жетекшісі Юрий Дамаев бізді МИ-8 тікұшағының кабинасы қойылған арнайы оқу залымен таныстырды: «Бұл залда жаттығулар өтеді. Курсанттар кабина ішіндегі жабдықтармен, қозғалтқыштармен жұмыс істеуге үйренеді. Біз олардың зейінін бақылаймыз. Сондай-ақ тікұшақты басқара отырып, іздеу-құтқару және апаттар болған жердегі құтқару жұмыстарына үйренеді. Екінші бөлмеде әуедегі ұрыс жағдайында әскери тапсырманы орындауға машықтанады. Курсанттың әуе кемесін басқара алатыны тәжірибеде көрінеді. Сарыжар ауылында біздің институттың әскери аэродромы бар, курсанттар сол жерде жазғы ұшу тәжірибесінен өтеді», деді Ю.Дамаев.

Институттың әскери-медицина пәндері кафедрасы 2016 жылы ашылды. Қазір бұл жерде 63 курсант әскери медицина, әскери стоматология және әскери фармация мамандықтарына оқып жатыр. Кафедра доценті, медицина қызметінің запастағы полковнигі Амандық Жанжановтың ай­туын­ша, осы кезге дейін кафедрада еліміз­дің Қарулы күштеріне 38 әскери дә­рі­гер дайындалған. «Өткен жылы үш түле­гіміз Санкт-Петербор әскери медицина ака­­демиясының докторантурасына, бір тү­ле­гіміз ҚХР-дың Шанхай медицина институтына нейрохирургия мамандығына оқуға түсті. Былтырдан бастап қыздарды әскери дәрігер мамандығына қабылдай бастадық. Қазір әскери медицина кафедрасының 1, 2, 3-курстарында 63 студент оқыса, оның 18-і қыз. Студенттер М.Оспанов атындағы Ба­тыс Қа­зақстан медицина университетінде бес күн оқып, сенбіде осы кафедрада авиация медицинасы негіздерін, әскери гигиена мен эпидемиология, әскери токсикология, ра­диобиология және жаппай қырып-жою қаруынан қорғану сабақтарын оқиды», дейді А.Жанжанов.

Жалпы, әскери пәндер кафедрасында болашақ офицерлер взвод командирлері деңгейінде дайындалады. Жалпы тактика, әскери топография, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс не­гіздері оқытылып, атыс қаруының бар­лық түрімен дайындық жүргізіледі. Ка­федра оқытушылары еліміздің Қорғаныс ми­нистрлігі аясында барлық командалық-штабтық жаттығуға қатысып жүр.

Әуе қорғанысы институтының қызметкері Андрей Кузнецов Сарыжардағы әскери оқу-жаттығу жөнінде айтып берді. «Былтыр Сарыжар елді мекенінде кіші авиация мамандарын даярлайтын оқу орталығы ашылды. Бұл жерде шағын әскери бөлім орналасқан. Оларға барлық жағдай жасалды, үлкен казарма пайдалануға берілді. Әскери міндетін өтеуге келген жауынгерлер аэродромды күзетеді. Біздің институт оқытушылары оларды ұшақтарды жерден басқаруға оқы­тады. Былайша айтқанда, әуе диспетчері ре­тінде. Әскери қызмет мерзімі аяқталар алдында оларды ұшақтарға қызмет көрсететін авиациялық бөлімшелерге жібереді. Кейбірі әскери міндетін өтеп болғаннан кейін де келісімшарт негізінде жұмыс істеуге қалып қояды», дейді А.Кузнецов.

 

Курсанттар өмірі

Игілік Тоқтаров авиациялық ұшуларды жерден басқару мамандығы бойынша 3-курста оқиды. Ол 2021 жылы Жетісу облысы Текелі қаласындағы №5 қазақ орта мектебін бітіріп, Ақтөбеге Әуе қорғанысы институтына түскен. «Ағам осы институтты бітірді. Қазір ол Шымкенттегі әскери базада қызмет етеді. Мен де ағам сияқты әскери авиация саласын таңдап, әскери ұшқыш болғым келді. Бірақ осы жердегі медициналық комиссиядан өте алмай, әуе диспетчері мамандығын таңдадым. Өйткені әскери ұшқыштың денсаулығында ешбір кінәрат болмауы керек. Бірінші курста жоғары математика, физика, электромеханика негіздері оқытылады. Сабақ өте қиын. Оқытушылар қатал, бірақ сабақты жақсы түсіндіреді», дейді болашақ әскери диспетчер.

Курсанттардың физикалық дайындығы өте жақсы болуы керек. Бірінші курсқа қа­былданғандар 3 шақырым, 100 метр жыл­дамдыққа жүгіру, кермеге тартылу норма­тив­терін орындайды. Жаттығулар біртіндеп күрделене түсіп, 2-курста акробатикалық жат­тығулар, 3-курста күштік жаттығулар қосылады. Болашақ әскери ұшқыштар мен ин­женерлер 3-курстан бастап еліміздің әскери базаларында тәжірибеден өтеді. Авиациялық ұшуларды жерден басқару маман­дығында оқитын курсанттар Тал­дықорған, Шымкенттегі әскери базаларда тәжірибеден өтеді.

Майдан авиациясы факультетінің 2-курсында оқитын Бексұлтан Сейдахметов шабуылдаушы ұшақты басқару мамандығын меңгеріп жатыр. Жазда Қарағандыдағы әске­ри базада бірмоторлы ұшақты бас­қару тәжірибесінен өтуге барады. Оқудың қиын екенін жасырмайды. Шабуыл­дау­шы ұшақты басқаратындар аэродинамика негіздерін тереңдете оқиды. «Мен Аста­надағы «Дарын» мамандандырылған ли­цейін бітірдім. 9-сыныптан бастап физика-математика бағытын таңдап, қосымша дайын­дықты күшейттім. Мен әскери ұшқыш болғым келді. Әкем – әскери инженер, ол да таңдауыма қарсы болған жоқ. Бұл жерге оқуға түсу өте қиын: кәсіби-психологиялық іріктеу сынақтарынан өту, физикалық дайын­дық талаптары өте қатал болды. Әскери ұшқыш, не майдан авиациясы мамандығын таңдаушылар­дың денсаулығы өте қатты тексеріледі. Денсаулықта кішкентай кінәрат болса, өтпейді», дейді болашақ шабуылдаушы ұшқыш.

20 жастағы Хусрав Шарипов радиоэлектроника жабдықтарының инженері мамандығы бойынша 3-курс курсанты. Ол Тәжікстанның Қорғантөбе қаласынан. Қазіргі кезде Хусравпен бірге Тәжікстаннан үш жігіт оқып жатыр. «2021 жылы Қорғантөбе қала­сындағы орта мектептің 11-сыныбын бі­тірдім. Мектепте оқып жүргенімде әскери қыз­меткер болғым келді. Әуелі Қорған­төбедегі әскери комиссариат­та емтихан тапсырып, өткен соң осында жіберді», дейді ол.

Еліміздің Қорғаныс министрлігіне қарасты осы оқу орны әскери тәртіппен өмір сү­реді. Курсанттар өте жинақы, сабақ ке­зінде де, одан тыс уақытта да бос жүрген еш­кім­ді көрмейсің. Оқу корпустары, бірнеше жа­тақханасы, асханасы, спортзалдары, музей үйі сияқты бөлек-бөлек ғимараттар кейінгі жылдары күрделі жөндеуден өткізіл­ді. Алайда болашақ ұшқыштар мен ұшу­ларды басқаратын инженерлерді техни­ка­лық жабдықтау жағы кемшін болып тұр­ған­дай көрінді. Қорғаныс күштеріне соңғы жа­рақтар, техника керек. Осы жағы еске­ріл­се. Өз Отанының Қарулы күштеріне қыз­мет еткісі келіп, жанталаса сабақ оқып, жат­тығулардан қалмай жүрген жастар көп­ бұл жерде. Жастардың отаншылдығы мен оқы­ту­шыларының өз істеріне деген адалдығы, жо­ға­ры жауапкершілігі бір-бірімен үндесіп жатыр.

 

Ақтөбе облысы