Саясат • 07 Ақпан, 2024

Келісіммен біткен іс келелі

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірге инвестиция тарту – өте өзекті мәселе. Қазір Жетісудың «бас ауруы» да осы болып тұр. Облыстық экономикасын дамыту үшін сырттан бизнес өкілдерін тартып, оларды қолда бар игіліктерге қызықтыру қажет. Аграрлы өңір туризм саласының әлеуетін арттыру үшін де жанталасып жатыр. Осы бағытта облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының делегациясымен кездесті.

Келісіммен біткен іс келелі

Талдықорғанда өткен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

«Жалпы, біздің өңірде 5 негізгі стра­тегиялық бағыт бойынша, атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логис­тика, туризм, жер қойнауын пайдалану және баламалы энергетика салаларына жаңа инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Жетісу облысында ең алдымен, су, жел және күн энергиясы бағы­тын­дағы жаңартылған энергия көздерінің ай­тар­лықтай әлеуеті бар екенін атап өт­кім келеді. Өңірдің қолайлы табиғи-кли­маттық жағдайы туристік саланы дамы­туға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жеті­су­дың топырағы құнарлы, суы мол, сон­­дықтан ауыл шаруашылығын белсен­ді дамы­тып келеміз, қазір біз ылғал үнем­­дейтін технологияларға баса назар аудара бастадық. Бизнесті дамытуға, ин­вес­­ти­циялар тартуға қажетті жағдай жа­сай­мыз. Америкалық инвесторларды ын­ты­мақ­тастыққа шақырамын», деді Б.Исабаев.

АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркін қатысушыларға өзінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Сэмюэль Фонтела мен Бас консулдың көмек­шісі Зульфира Садықжанованы таныс­тырды. Сонымен қатар ол өңірдегі баламалы энергетиканы, әсіресе күн энер­гетикасын дамыту мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты, сондай-ақ облыс әкімдігінің теңгеріміне бұрын берілген «Қорғас» ХШЫО мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА қызметіне қатысты өз­дерін қызық­тырған мәселелер жайлы сұрады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту саласына да қызығушылық танытты. Жазда Алакөл ауданында жыл сайын өтетін «Lepsi» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысуға ниет білдірді. Бас консулдың бұл ұсынысына облыс әкімі қолдау білдіретінін айтты.

Кездесу соңында қос тарап алдағы уақытта сауда-экономикалық және мә­дени-гуманитарлық байланыстарға да­йын екендіктерін білдірді.

Жоғарыда айтқанымыздай, туризм­ді дамыту – Жетісу өңіріндегі басым бағыттардың бірі. Осы ретте облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Қытайға барып, Шыңжаң-Ұйғыр автоно­миялық ауданында туристік нысандар бойынша симпозиумға қатысты.

Аталған іс-шарада Қытай-Қазақстан туризмінің келешегі туралы талқыланды. Екі мемлекет те туристік ресурстарға бай және даму үшін үлкен әлеуетке ие. Еліміз өңдеу мен игеруде бірегей экологиялық ресурстарға бай. Сондай-ақ қаржылық салымдар бойынша табысты іске асырылуы мүмкін көптеген жоба бар. Алайда Қытай-Қазақстан туризмін дамытуда кедергілер кездеседі. Сол себепті халықаралық іс-шарада оларды шешу жолдарының мүмкіндіктері қарастырылды.

Екі ел арасында визасыз режім қол­даны­лады. Онда азаматтардың мем­лекет­тер аумағында болу мерзімі 30 күннен аспауы керек. Қазір екі ел үшін де туристік сала бойынша туындаған мәселе көп. Шекарада туристік маршрут жоқ. Туристердің өтуі жалпы арнайы жүру орны арқылы жүзеге асырылады, бұл өз кезегінде маршруттардың өтуін қиындатады. Сондықтан да туристер үшін жеке көлік түрі қажет. Осы ретте кедендік бақылаудан жедел өту үшін туристік компаниялардан тізімдерді алдын ала беру туралы ұсыныс енгізілді.

Бұл мәселемен қатар электронды ком­мер­ция бөлігінде туындайтын қиындық­тар да талқыланды. Қазір елдің көптеген аза­маты онлайн тауарлар сатып алады. Бірақ тауарлардың транзиті қиын. Елдер­дің шекараларында кідіріс бар. Қауіп­сіздік тексерулерінен өту, тауарды бөлу, «Қазпошта» арқылы пошта-логистикалық қыз­меттерден өту көп уақыт алады. Жеке ком­паниялар тауарларды бөлек тасымалдай ал­майды. Электронды коммерцияның дамуы бизнестің өрлеуіне мүмкіндік береді.

Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, айтылған проблеманың бәрі хаттамаларда көрініс табатынын және табысты әріптестік алдымен оларды шешу жолдарын іздестіруде құрылатынын жеткізді.

 

Жетісу облысы