Құқық • 08 Ақпан, 2024

Тұтынушылар талабы ескерілмеген

43 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Заң талаптарын дұрыс білмеген тұтынушылар сауда-саттық кезінде түрлі келеңсіздікке тап болып жатады. Тиісінше тұты­нушы құқығын ескермей, сау­дасын адал жүргізбеген кәсіп­керлер де қылмыстық жауап­кершілікке тартылатынын ұмыт­пағаны жөн. Алматы қа­ласы бойынша Сауда және тұты­нушылар құқығын қорғау депар­таментінің мамандары аза­маттарды мұндай мәселеге тап бол­мас үшін өз құқығын егжей-тегжей зерделеуге ша­қырды.

Тұтынушылар талабы ескерілмеген

Кез келген тауарды сатып алмас бұрын сатушының міндеттерін, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын өн­діріп алу, залалды өтеу мәселесіне қатысты заң тармақтарын мұқият ескеріп барып, шарт жасасқан абзал. Шартта көрсетілген тармақтардың бірі бұзылған жағдайда, кейінгі әре­кеттер сот тәртібімен қаралады. Биз­нес мекемелер мен кәсіпорындар өз­дері орнатқан қағидаларды алға тарта отырып, тұтынушылар құқығын аяқасты ететін сәттер аз емес. Олар халық­тың заңнан хабарсыздығын жиі пайдаланады.

«Тұрақсыздық айыбын өнді­ріп алу­ға, шығындарды өтеуге және шарт­та көрсетілген немесе шарттың құ­ра­­мында болмаған басқа да тармақ­тар­ға қатысты барлық мәселе тек сот тәртібімен шешіледі. Бүгінгі таңда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 190-бабы, бірінші тарма­ғы және алаяқтық туралы Қылмыс­тық кодекстің 190-бабы бар екенін атап өткім келеді. Яғни екі бап та ішкі істер органдарының құзыретіне жатады», дейді Алматы қаласы бойын­ша сауда және тұты­нушылардың құ­қықтарын қорғау департаменті бас­шысының орынбасары Нұрлан Әбдиев.

Елімізде тұтынушылар шағы­мын қараудың 3 сатылы тетігі бар. Бі­рін­ші кезеңде тұтынушы сатушы­ға сот­қа дейінгі шағымға ресми түр­де жү­гі­ніп, тауардың немесе қыз­меттің кем­шіліктерін көрсетуге тиіс. Оған ұна­маған жайт немесе тауар­дағы қан­дай да бір ақау туралы бар­лық та­лап көрсетілуі міндетті. Де­ген­мен мұ­ның нақты формасы жоқ. Ша­ғым­да сатушы ұйымның атауы, чек­тен алынған мәліметтер, та­уар­дың не себепті көңіліңізден шық­паға­­нын, неліктен қайтарғыңыз келе­тінін баян­дауға тиіссіз. Бұдан әрі жү­гінетін адамның (тұтынушының) дерек­тері көрсетіледі. Айтпақшы, дәл қа­зіргі уақытта Мәжіліс тұтыну­шы­лар­дың құқықтарын қорғау туралы қол­да­ныстағы заңға өзгерістер енгі­зі­летін заң жобасын қарастырып жатыр.

«Сотқа дейінгі талап еркін нысан­да жасалады, жоғарғы жағында сату­шының атауы көрсетіледі. Егер бұл ЖШС немесе ЖК деректері болса, бұдан әрі шағыммен жүгінетін тұты­нушының өзі көрсетіледі. Онда тауар­ туралы барлық ақпаратты жазған жөн. Шағым сатушыға екі данада қол­ма-қол беріледі, олардың біреуінде ша­ғымның данасын алғаны туралы қол қойылуы керек. Екінші нұсқа – пошта немесе курьерлік қызмет ар­қылы тапсырыс хат. Үшінші әдіс – са­тушының ресми сайтына жолдана­тын жолдама. Осы шағымды жі­бер­ген­нен кейін күнтізбелік он күн ішінде ад­ре­сат сізге ресми түрде жа­уап бе­ріп, ша­ғымда көрсетілген талаптарды жоюға тиіс», дейді мамандар.

Былтыр 9 айда еліміз­дің он өңі­рінде ЖОО базасында жұ­мыс істеп тұрған «Тұ­ты­нушылардың ұлт­тық лигасы» 9 954 сатып алушыға 2 млрд­ 458 млн теңгені қайтаруға кө­мек­­тескен. Ал Алматыда құқығы бұ­зыл­ған тұ­тынушыларға шамамен 190 млн теңге қайтарылған. Өзі­ңіз­ді жосықсыз сатушылардан қорғау үшін келісімшартты дұрыс жасау өте маңызды. Мысалы, өнім жаса­ла­тын материалдың артикулін жа­зып, интернеттегі пікірлерді зерттеудің артықтығы жоқ.

«Сатушылар тұтынушыларға то­лық құқығы бар нәрседен жөн-жосық­сыз бас тартады. Пошта арқылы тапсырыс берген тауар­дың орнына басқасы келуі, өнім сапасы жарнамадағы­ға сай болмауы – тұтынушылар көп зардап шегетін мәселе. Тауарларды онлайн сатып алу кезінде дүкен туралы ақпарат­ты мұқият зерттеңіз. Егер ірі және танымал компанияның сайтымен тапсырыс беретін болсаңыз, өз браузеріңізден ресурстың мекен­жайын дұрыс жазғаныңызға көз жет­­кізіңіз. Қажет болған жағдайда дүкен әкімшілерінен заңды тұлға туралы ақпарат беруді, оны салық ор­ган­дарының жалпыға қолжетімді дерек­қорлары мен заңды тұлғалар­дың тізімін қолдана отырып тексе­ру­ді талап етіңіз. Кең таралған құқық бұзушылықтар тізіміне қызмет көр­сету, жұмыстарды орындау және мерзімдер туралы шарттың орындал­мауы кіріп отыр. Мысалы, тапсырыс берілген жиһазды уақытында бер­мейді немесе жөндеу жұмыстарын аяқ­тамайды. Егер сіз тапсырыс берген жиһазды уақтылы жеткізбеген болса, онда жеткізу мерзімі аяқталған кезден бастап тұтынушы төлеген құннан кешіктірілген әр күн үшін 1% өсімпұл ала бастайды. Егер бір жыл бойы осы жиһазды жеткізбесе, онда сатушы 300 пайыздан астам өсімпұл төлеуі керек және бұл оны келісілген кездегі оның сапасы мен жауапкершілігінен босатпайды. Сондай-ақ ұялы байланыс қызметтеріне, интернеттің сапасына, операторлардың тариф­тер­ді біржақты түрде өзгертетініне және өздерінің бұл туралы мүлдем хабар­сыздығына, тұтынушылар­ға қажет емес қызметтерді қоймай ұсы­­натынына жиі шағым түседі. «Тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау туралы» заңның 24-бабы бо­йынша, бізде өз еркімізбен таңдау мүм­кіндігі бар, ешкім бізге қажет емес нәрсені таңуға құқылы емес», дей­ді «Ұлттық тұтынушылар лига­сы» республикалық қоғамдық бір­лес­тігі­нің президенті Светлана Романовская.

Атаулы мерекелер қарсаңында көп­теген ірі дүкенде жаппай сатылым науқаны басталатыны мәлім. Осындай кезде тұтынушылар құ­қын қорғаушылар азаматтарды әрбір сауда-саттық келі­сімінде мұқият бо­луға шақырады.

«Тұтынушылар тауарды сатып алғаннан кейін екі апта ішінде оны кері қайтаруға қалай құқылы болса, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 14-бабы негізінде несиеден де екі апта ішінде бас тартуға құқылы. Мұндайда тек осы екі апта ішіндегі пайызын тө­лейді. Егер несиеге алған тауар көңіл­ден шықпай жатса, осыны естен шы­ғармаған дұрыс. Екіншіден, азамат­тардың тауарды қайдан алып жат­қанын түсінгені де өте маңызды. Се­бебі алаяқтық әрекеттер жиі кездеседі. Тауардың қазір қанша тұратынын және «жеңілдіктер жұмасында» қан­шаға сатылатынын білген жөн», дейді С.Романовская.

Сауда және тұтынушылар құқын қор­ғау департаменті қызметіндегі басым бағыттардың бірі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуге қатысты делдалдық схе­маларды тергеп-тексеру жөніндегі комис­сия отырысын үйлестіру. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша бұл ба­ғытта 43 отырыс өткізіліп, 175 заң бұзу­ фактісі анықталған. Со­ны­мен бірге сауда саласындағы заң­­на­мада шикілік танытқан кәсіпкер­лер­ге қатысты 163 әкімшілік хаттама толтырылған.

 

АЛМАТЫ