Экология • 09 Ақпан, 2024

Аққу, балық һәм киік... Тіршілік иелерін тірідей қырған не?

57 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бір-екі жан-жануардың жазым болуы жалпы табиғи жағдай екені түсінікті. Тіпті ондай шығынның өзі жерде жатпайды. Табиғаттың өз «дала санитары» бар. Бір өлек­се бірнеше жануардың қорегіне айналады. Ал саны жүз емес, мыңнан асса, бұл – шетін мәселе. Бұл ретте Маң­ғыстау өңіріндегі мыңдап қы­рыл­ған аққудың және басқа да дала тағыларының неден өліп жатқаны туралы зерт­теуші маманнан сұрап көрдік.

Аққу, балық һәм киік... Тіршілік иелерін тірідей қырған не?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

2023 жылғы желтоқсан айынан бастап Ақтау қаласының маңындағы Қаракөлде мыңнан аса аққудың өлексесі табылды. Дәлірек, биылғы қаңтардың 18-іне дейін 1 018 құстың өлексесі тіркелді. Оның 45-і Қарақия ауданынан табылған. Қаракөл – негізінен жасанды көл. Бұл – қыс мезгілінде жан-жақтан ұшып келетін сан түр­лі құстың қыстайтын меке­ні. Алайда биыл онда қыс қолайлы болмаған сыңайлы. Өйткені мыңдап қырылған аққудың жағдайы ондағы жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызып, қоғамда қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде әртүрлі болжамдар айтылды.

Бұған қатысты құзырлы орындар тек жағдайдың тексеріліп жат­қанын ресми мәлімдегенімен, қорытынды нәтижесін жариялаған жоқ. Жалпы, солай болып келеді. Былтыр да Каспийде итбалықтар мен бекіре тектес балықтардың қырылғаны айтылды, тексеріліп жатқаны жазылды, бірақ нәтижесі жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Өркениетті әрі ашық қо­ғамда экологияға қатысты кез кел­ген келеңсіз жағдай кәсіби маман­дардың зерттеуінен кейін қоры­тындысы ашық айтылуға тиіс. Әйт­песе, қоғамда түрлі қауесет тарап, жұрт дүрлігісіп қалатыны бар.

Осыған орай ветеринария ғы­лым­дарының кандидаты, доцент Әділқасым Жақыпбаевтан жағ­дай­дың жай-жапсарын сұрап көрдік. 55 жыл тәжірибесі бар зерттеуші маман аққулардың жап­пай қырылу себебін құс тұмауы неме­се көлге құйылатын қалдық судан улану емес екеніне сенімді. Оқиға орын ал­ғаннан кейін Астанадағы Ұлттық ветеринария орталығы аққулар­дың неден өлгенін білу мақсатын­да Маңғыстауға барып, бәрін қыра­ғы зерттеген. Оның құрамында Әділ­қасым Жақыпбаев ақсақал да бар. Зерттеуші маман аққулардың жап­пай қырылуына байланысты оқи­ға­лардың хронологиясын егжей-тег­жей тексеріп шыққанын айтады.

«Барған соң бірден өлген аққу­лардың салмағын өлшеп көрдік. Әдетте аналық аққудың сал­мағы 5,5 келіден жоғары, аталық аққу­дың салмағы 8-9-ға дейін барады, ал бір жасар аққу 4,5 келі немесе одан жоғары болады. Алайда өлген аққулардың салмағы 4 келі 200 грамм шамасында шықты. Көбі  осы мөлшерде. Одан кейін аутопсия жасап (жарып) көрдік. Денесінде бір майы жоқ болып шықты. Қара еті ғана қалған. Тіпті жүрек майы да түгесілген. Бұл екі жайт – ашы­ғып өлудің белгілері. Сөйтіп, аққу­лардың аштықтан қырылған деген тұжырымға келдім», дейді маман.

Алайда бұған дейін орнитологтер мен экологтер бұл жағдайға құс тұмауынан болды деген тұжырым жасаған еді.

«Тұмауы бар құстар табылған. Ол көп емес. Мәселен, H5N1 типті құс тұмауынан аққулар жаппай өлуі мүмкін емес. Мұндай белгілер біраз аққудан шықты. Ол жерде аққудан да басқа құстар бар, егер құс тұмауы болса, басқа құстар да қырылатын еді ғой. Сондықтан аққулар аштық­тан өлді деуіме тағы да мынандай дәйектерім бар. Мәселен, желтоқсан мен қаңтар айларындағы температура көрсеткіштерінің күн­тізбесіне қарасаңыз, мұндай кез­де Қаракөлдің таяз жағалауы қа­быр­шықтанып қа­тып қалады. Ал өл­ген аққулардың көбі – бір жа­сар аққулар. Ол көлдің терең жері­нен балдыр алып жей алмайды. Үл­кен аққу­лардың мойыны 1 метр тереңдікке дейін жетіп, балдыр алып жей береді. Жас аққу­лардың оған мойны жетпейді», дейді зерттеуші.

Осы ретте біз ғалымнан «Ақ­қулар­дың бұлай қырыла беруін тоқтатуға бола ма?» деген сұрақты көлденең тарттық. Оған да жауабы дайын болып шықты.

«Мен бұған қатысты ұсыны­сымды Маңыстау облысының әкі­мі Н.Ноғаевқа жазған хатымда көр­сеттім. Әзірге хат әкімге жет­педі ме екен, жауап келмеді. Бұл мәсе­ле­ні қалай тыңғылықты шешуге бо­ла­тыны жөнінде сол хатта жа­зыл­ған. Қысқаша айтқанда, құс­тарға жем шашу керек. Өйткені жоғарыда нақты айттым, аққулар аш­тықтан өлген. Мәселен, ондай аяз қатты болған кезде көлдің шетін­дегі мұздарды жарып шықса да жет­кілікті, құстар өз жемін алып жейді. Ал қазір аяздың беті қайтты, бірақ олар әлсіреп қалғандықтан, әлденіп қатарға қосылып кеткенше жем шашып аман алып қалуға болады», дейді ол.

Аққулар Қызыл кітапқа енбе­ген жануарлардың қатарында. Ендеше оларға не себепті тегін жем шашу керек деген сұрақтың туындауы заңды. Бұған да зерттеуші маманның жауабы бар екен. Оның айтуынша, егер құстар көп қырылып, өлексе көбейсе, ол сол ортаны ластайды. Екіншіден, басқа жануарларға зияны тиюі кәдік, яғни одан түрлі ауру тарауы мүмкін. Сондықтан күн жылынып, көктем келгенше оларды аман сақтап қалу ең бірінші экологияны таза сақтау, одан соң табиғатқа деген жанашыр­лық болмақ.

Еріктілер тіпті жергілікті тұр­ғын­­дардың күшімен аққуларға жем тас­тауды ұйымдастыруға ты­рысқан. Алайда орнитологтер оларды нақты себебі әлі белгісіз, өйткені құс тұмау­ы­ның вирусы адамдарға да қауіпті болуы мүмкін деп тоқтатып қойған. Ма­ман мұның қате қадам екенін айтады.

9 қаңтарда экологтер «Rixos» қонақ­үйінен көлге қалдық су шы­ғарын­дыларын зерттеп жатқаны туралы ақпарат тарады. Расында, әлеу­меттік желіге тараған бейнеде қонақүйден шыққан судың Қаракөл көліне құйылып жатқанын көруге болады. Жергілікті жұртшылық қал­дық су аққулардың жаппай өлі­міне себеп болды деп болжайды. Сөйтіп, одан экологтер сынама алды. Алайда «Rixos» қонақүйі­нің бас менеджері Серік Исағалиев қонақүйден су тазартылған күйде Қаракөл көліне құйылатынын және бұл бұрын орталық кәріз жүйесіне қосылмай тұрғанда мақұлданға­нын алға тартады. Бұған қоса кеше «Қаракөл көліне қалдық су құятын құбыр тоқтатылды», деп мәлімдеді қонақүй әкімшілігі.

Маңғыстаудағы итбалықтар мен басқа да балық­тар­дың қырылу себебі неден бол­ғаны туралы да маманнан сұрап көр­дік. Оның айтуынша, ескі мұнай ұңғымаларының орнын кезінде дұ­рыс жаппағаннан болған.

«Былтыр итбалықтар мен бекіре тектес балықтар қырылды. Оларды да тексеруде болдым. Арнайы екі ба­лықты алып келіп орталықта зерт­теп көрдік. Нәтижесінде, балықтар­дың бойында мұнай қалдықтары бары анықталды. Оның себебі – ол жерде жүз жылдан бері мұнай қазылған. Сол мұнай ұңғымаларын бетонмен бітеу керек. Кейбір жер­лерде ол дұ­рыс жабылмаған. Мәсе­лен, итба­лықтар көктемде теңіз жағасына келеді. Сол кезде көл­дің жағасы майланып жатады. Балықтар содан уланған», дейді Ә.Жақыпбаев.

Зерттеуші бұдан енді балық­тарды қорғау қиын екенін айтады. Оның айтуынша, балықтарда еліміздегі басқа көлдерге жерсіндіру арқылы сақтап қалуға болады.

«Каспий теңізіндегі итбалық­тар­ды басқа көлдерге көшіруге болады. Мысалы, Арал теңізіне, Балқаш көліне немесе Сасықкөлге. Өйткені еліміздегі көлдер мен теңіздер – бір теңіздің түбі. Уақытша аман сақ­тау үшін майланып жататын жағалау­ларға мұнай секілді улы заттарды сорып алатын құрылғы орнатуға болады», дейді ол.

Естеріңізде болса, 2015 жылдары елімізде киіктер жаппай қы­рылғаны белгілі. Оның себебі әр­түрлі жұқпалы аурулардан болды деген болжам айтылған еді. Алайда маман бұл негізгі себеп емес екенін айтады.

«Киіктер қырылғанда оның неден өлгенін зерттеп, қорытынды жа­саған мамандардың бірі мен едім. Ол кезде киіктердің неден қырылғаны жөнінде дұрыс ақпарат таратылмады. Бірақ мен сол кезде де айттым. Оның бір­ден-бір себебі кене болатын», дейді ветеринария ғылымы.

Ғалымның болжауынша, қазіргі ауа райының жылы болуына байланысты биыл тағы да киіктер кенеден қырылуы мүмкін екенін айтады.