Ғылым • 11 Ақпан, 2024

Қазақстанда қанша ғалым әйел бар?

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын 11 ақпан  Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні ретінде атап өтіледі. Осынау атаулы күнге  орай Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау жолдап, елімізде қанша ғалым әйел бар екенін айтты, деп жазады Egemen.kz  министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда қанша ғалым әйел бар?

Фото: baq.kz

«Ғылымның жұдырықтай жұрнағын ұстаған ғалым әйелдер еліміздегі жоғары оқу орындарында, ғылым институттарында, зерттеу алаңдарында үздіксіз еңбек етіп келеді. Бұл мереке 2015 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясының бекітуімен аталып өтуде. Айшықты мейрамның баршамыз үшін орны бөлек екені ақиқат. Өйткені, нәзік жандылардың адамзат алдындағы жауапкершілігі жоғары. Ұлтты ұшпаққа шығарып, ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар әйелдер қауымына әлем қарыздар десем, артық айтпағаным болар.

Қазақстанда 22 456 ғалым болса, оның 9 691-і әйелдер қауымы. Бұл – әлбетте үлкен жетістік. Тарихымызға зер салар болсақ, қаншама ғалым әйел-аналар ел тарихына, ұлт мүддесіне қызмет еткенін аңғару қиын емес. Бір ғана мысал, Қазақтың тұңғыш әйел дәрігері – Аққағаз Досжанова. Ол 1893 жылы Торғай облысы Ақтөбе уезі Бөрті болысында туған. А.Досжанова оқуын бiтiрген соң медицина мамандығы бойынша гинекология және педиатрия саласында қызмет еткен. Сонымен қатар халқымыздан шыққан тұңғыш геолог әйел-ғалым – Патшайым Тәжібаева.

П.Тәжібаеваның геология ғылымының ішіндегі іргелі сала литологияның негізін қалаған қазақ қызы. Міне, біздің өткеніміз осындай тұлғалармен жарқын әрі үлгі боларлықтай. Кешегі Аққағаз, Патшайымдай тұлғалардың ізбасары ретінде Күнсұлу Дальтонқызын атап өтпеске болмас. К.Дальтонқызы Covid-19 қарсы отандық QazVac вакцинасын жасап шығарып, отандық медицинаға қомақты үлес қосқан ғалым», деді министр.

Жақында  Күнсұлу Закарья әлемнің үздік ғалымдары қатарына еніп, Қазақстан ғылымының салмағын арттыра түсті.