Дәстүр • 11 Ақпан, 2024

Соллаль мен Наурыз мейрамдарының айырмашылығы неде?

67 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ай күнтізбесі бойынша келетін биылғы Шығыс Жаңа жылы –Соллаль мерекесі 10 ақпанға тура келеді, дәл осы күні жасыл ағаш айдаһар жылы күшіне мінсе, бізде наурыз айында нағыз ұлу жылы басталады. Егер елімізде Жаңа жылды үш рет қатарынан қарсы алатын ұлт болса, ол – Қазақстан корейлері. Біріншісі – кәдімгі григориан күнтізбесіндегі жаңа жыл, екіншісі – Соллаль, үшінші – Наурыз.

Соллаль мен Наурыз мейрамдарының айырмашылығы неде?

Осылайша, биыл да өздерін қалжыңдағанда «төртінші жүз» деп таныстыратын Қазақстан корейлер қауымдастығы Алматыда ауқымды мереке ұйымдастырып, Шығыс Жаңа жылын айта-айта жүрерліктей атап өтті. Респуб­лика сарайында өткен мейрамға екі мыңнан астам қонақ, бірнеше жүздеген өнер майталмандарын жинады. ЮНЕСКО-ның мате­риалдық емес мәдени мұра­лар тізіміне енген корей ұлт­тық әні «Ариранның» 60 шақты нұс­қасы, 3 600-дей түрі болса, соның бір ғана вариациясын төрт бірдей – «Родина», Би­дангиль, «Эдельвейс», «Ра­дуга» хор ансамбльдері орындаса, «НамСон» халықтық би ан­самблі, «НамСон» балалар хоры, «Хассак» этнофольклорлық ансамблі, «Саран», «Бидульги» ансамбльдері, «Namson family» корей өнері студиясы, «Инсам» шоу-тобы мен Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры көрермендеріне тамаша көңіл-күй дарытқан нағыз думанға бөледі.

Айтқандай, Алматыдағы Ко­рей музыкалық комедия театр­ы Қазақстанда да ғана емес, әлем­дегі ең алғашқы этникалық және Корей түбегінен тыс жердегі жалғыз мемлекеттік әрі ерекше тағдырлы театр екендігін айта кету керек.

Ал екі мың жылдық тарихы бар Соллаль мейрамына қайта оралатын болсақ, ол ең басты әрі қоғамдық маңызды мереке ретінде 1989 жылы ғана ресми тір­келгендіктен, Кореяның өзінде соңғы 15-20 жылда ауқымды деңгейде тойлана бастаған. Деген­мен корей халқының үлкендері Ай күнтізбесі бойынша келетін жаңа жылын ұмыттырмау үшін от­басында дәріптеп, дәстүр жо­ралғыларын жасап отырған деседі.

Ықылым замандарда Соллаль мейрамы бірнеше апта қатарынан тойланып, оның алғашқы және соңғы күні аса маңызды бол­ған­дықтан, жастар биік қыраттарға, төбеге жүгіріп шығып, кім бірінші толған Айды көрсе – сол адам жыл бойы бақытқа кенеледі деген ырым бар. Ал қазіргі заманауи Корея бұл мейрамды үш күн қатарынан тойлайды және отбасылық мереке болғандықтан, әрбір адам туған үйіне, әке-шешесіне асығады. Әдет-ғұрып бойынша алдымен чхаре – өткен-кеткен ата-бабаларды еске алу рәсіміне арналған дас­тарқан жайылады. Екінші рәсім – себэ. Үлкендер мереке күні таңертең міндетті түрде кішкентай балаларға себэдон таратқан кезде ересектер бетін оңтүстікке, ханбоки (ұлттық киім) киген бала-шаға солтүстікке қарап тұрады. Балалар жасына қарай, үлкенінен бастап иіліп сәлем беріп, ата-әжелері бата, ризашылық ретінде ақша таратады. Осыдан кейін ғана үй іші үшінші рәсімге оралып, аруақтарға жайылған дастархан басына жиналып, дүниеден өткен кісілерден денсаулық, отбасының амандығын сұрап, дәмнен ауыз тиеді. Соллаль мерекесін қысқаша сипаттағанда осындай. Әйтпесе, бұл мерекеде шамандар мен көріпкелдер сәуегейлік жасап, астықтың тү­сіміне, тағы басқа да болжамдар жасайтыны, басқа да ұлттық ойын­дар туралы қызықты баяндай беруге болады.

Алматыдағы мерекеге ора­латын болсақ, алдымен үлкен кон­церт Қазақстан Респуб­ли­касының Әнұранымен басталып, дүрк етіп көтерілген отандас­тарымызға Қазақстан корейлері қауым­дас­тығының төрағасы, белгілі кәсіп­кер Юрий Шин жүрекжарды ле­бізін арнады.

Юрий Германович: «Жаңа жыл – өткенге есеп беріп, алдағы күндерге жоспар құратын уақыт қана емес, қоштасқан жылда бізге қолдау білдірген, көмектескен, баршамыздың ортақ үйіміз – Қазақстанның көркеюіне, Ко­рейлер қауымдастығының дамуына үлес қосқан әрбір адамға алғыс айтатын күн!», дей келе, корей тілі мен дәстүрін ұмыттырмай, жал­ғастырып келе жатқан қан­дастарына тағзым етті.

Қазақстан корейлері қауым­дастының жетекшісі біздің қоғам­дық және саяси өміріміздің тұрақтылығына еңбек сіңіріп отырған жандарға, мұғалімдерге, ғалымдарға, дәрігерлерге, полиция, авиация қызметкерлеріне, өнер иелеріне, спортшыларға, өнді­рістегілерге, волонтерлерге, ең соңында, келешегімізді сеніп тапсыратын жастарға дейін алғысын аяған жоқ.

– Біздің әрқайсымыз қазақ­стандықпыз, бойымызда жетіс­тіктерімен бірге кемшіліктері де бар қарапайым адамдармыз. Бір шаңырақтың астында туған әрқайсымыздың Қазақстан азаматы атануға құқығымыз бар. Біз бәрін бірдей құрметтеп, әрбір отандасы­мызды бағалауымыз керек. Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз және біртұтаспыз. Сіз бен біз үшін, балаларымыздың, еліміздің жарқын болашағы үшін елімізді сүйіп, оның әр қаласына, әр ауы­лына сенейік. Ауызбіршіліктің күшімен еліміздің абыройын асқақтата берейік. Өйткені біз ұлы жауынгерлердің ұрпағымыз! Ұлы дала, Ұлы ел, Ұлы Қазақстан, Соллаль мерекесі құтты болсын! – деді Юрий Шин.

Құттықтаулар легін Оңтүстік Кореяның Алматыдағы кон­сул­дығының Бас консулы Пак Нэчхон жалғастырды. Салтанатты оқиға аясында «НамСон» корей би ансамбліне Мәдениет және ақпарат министрлігінің пәрменімен «Халықтық» (үлгілі) көркемөнерпаздар ұжымы атағы беріліп, мәртебелі сыйлық ансамбль жетекшісі Марина Кимге тапсырылды.

Құттықтаулар сахнаны ер­тегідей әлемге алмас­тырған, бүкіл музыкалық техноло­гия­лардың табысын тоғыстырған ғаламат концертке ұласты.

 

АЛМАТЫ