Руханият • 12 Ақпан, 2024

Қалам – қасиет

233 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаратушы кеудеңе құйып берген ізгілік нұрын орынды іске жұмсау – бақытты адамның тірлігі. Жұмыр жердің беті жұғымды болып, ақсақалдыққа аяқ басқан шағыңда артыңа қарасаң, жүрген жолыңда тазалық ізі сайрап жатса, бақыт емей немене? Ғазиз ғұмырдың қуатты да шуақты шағын арнаған өмірлік мамандығын жақсы көріп, соған жан-жүрегімен адал болған адам бұл кепті шүбәсіз сезінетін болар. Өмір бойы ұлт баспасөзінің туын көтеріп, жасы жетпістің бесеуіне келсе де, қолынан қаламы түспеген ардагер журналист, қабырғалы қаламгер Дәулет Сейсенұлының өмір белестеріне шолу жасағанда осындай ойға қаламыз.

Қалам – қасиет

Әр мамандықтың өзіне тән артық­шылығы мен ауыртпалығы бар. Тілшінің тіршілігі де үнемі қыз-қыз қайнап жататын зауыт жұмысының қарбаласына ұқсайды. Көз майыңды тауыса жазған мақалаң бүгін жарық көріп, кезегін күтіп келесісі тұрады. Қоғам тынысын сезіну, жазған-сызғаныңа жауапкершілікпен қарау – өз алдына бөлек дүние. Жазуға көңіл соқпаған қайсыбір сәтте алдыңғы толқын ағалардың ой-қайратынан қуат алып, жұмысқа шабыттана кі­рісетін сәттер аз емес. Мұндайда ата басылымның ардагерлері редакцияға бас сұғып, жастарға жігер беріп жатады. Ширек ғасыр бойы «Егеменнің» Семей өңіріндегі тілшісі болған Дәу­лет аға – Сейсенұлы газетіміздің Алма­ты бөлімшесіне жиі атбасын бұ­рып, ізбасар-әріптестеріне үлгі өнеге көрсетіп жүретін жанның бірі.

Семей облысының Абай ауданына қарасты Саржал ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз қаламы қарымды журналист болуды бала кезден мақсат етсе керек. Аядай ауылдың мәдени жа­ңалықтары 11-12 жастағы бала Дәулеттің қаламы арқылы аймақтық, республикалық газет-журналдарда жарияланған.Ұлт тарихында есімі алтын әріппен әдіптелетін «Қарадан шығып хан атанған» Құнанбайдың қолтығынан демеген Доғал би, Алаш арыстары Халел Ғаббасов, Ах­метжан Қозыбағаров секілді тұл­ғаларды түлеткен Саржал ауылы қолына қалам ұстаған қаршадай баланы арман арқалатып Алматыға аттандырған. Алғашқы әңгімелері 19 жасында Оралхан Бөкей, Тыным­бай Нұрмағамбетов, Смағұл Елу­байлармен бірге «Бәйшешек» атты жас жазушылардың жинағына енген ол өмір жолын журналистикамен ұштастыруды қолай көрген. Тауман Амандосовтың алғауымен КазГУ-дың журналистика факультетіне қа­былданып, Баққожа Мұқай, Шө­мішбай Сариев, Смағұл Елубай, Сұл­танәлі Балғабаев, Аманжол Ар­ғынгелдин, Жақау Дәу­ренбеков, Жо­ламан Бошалақов, Гүл­жауһар Сейіт­­жанова секілді дарынды замандастарымен бірге білім алды. Тілші өмірінің қатпар сырына бойлаған Дәулет аға журналистік жолда талай тағдырға араша болған азамат. Туған топырағын айтқанда тебіреніп кететін дала перзентінің көңілінде қасиет пен қасіреттің өрнегі қатар өріледі.

«Мен туған ауыл Саржал поли­гонының іргесі. Туған жердің кеудесін тілгілеген сойқан сынақтарды көзі­мізбен көріп өстік. Әкем Сейсен ферма меңгерушісі болды. Анам Қапура өмірге 4 ұл, 4 қыз әкелген алтын алқалы ардақты ана болатын. Атқа мінген офицерлер ауыл халқына бәлен сағатта жарылыс болады деп ескертіп жататын. Оның қасіретті зардабы аз болған жоқ. Мұны көзімізбен көріп тұрып, қолға қалам алмау мүмкін емес еді», деп толғанады ол.

Дәулет ағаның өлке тарихын қа­сіретпен айғыздаған полигон залалы туралы «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» деп аталған деректі кітабы – қаралы кезеңнің картинасын қаз-қалпында бере білген тарихи маңызы зор еңбек. Семей облыстық «Семей таңы» га­зетінде қызмет атқарған жылдарында да өлкенің тыныс-тіршілігі, ай­мақтан шыққан алып тұлғалар туралы ай­шықты дүниелер қаламынан тыс қалмаған. Республикалық «Со­циалистік Қазақстан» газетінде жалғасқан журналистік жолы кейін де ел басылымы «Егеменде» қайта өріс тапқан. Сол екі аралықта Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар», ел­аралық «Заман-Қазақстан» газет­терінде, республикалық «Ақиқат» жур­налындағы қолтаңбасы да уа­қыт шежіресінде қалған жемісті жыл­­дардың еншісінде. Осы орайда біздің әріптес кейіпкеріміз қазақ журналистикасының қаранарлары Ырысхан Мұсаұлы, Балғабек Қы­дыр­бекұлы, Қалтай Мұхаметжанов, Кәкім­жан Қазыбаев, Камал Смайылов сынды ұстаздарының есімін ілти­патпен еске алады.

Дәулет Сейсенұлының өміріндегі ерекше бір айшықты сәт деп оның ел басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты акциясына айналған «Ұлылыққа тағзым» жаяу жорық экспедициясының белсенді мүшесі болғанын айта кеткен жөн. Бұл жаяу жорық «Егеменнің» ардагері Ма­мадияр Жақыптың бастамасымен хакім Абайдың 150 жылдығында басталған. Семейден шыққан жаяу жүргіншілер Жидебайға дейін бес жарым күнде жеткен. Кейіннен осы акция ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне енген Жамбыл, Әуезов, Сәтбаев, Мүсірепов, Махамбет, Шәкәрім, Сүйінбай, Түр­кістанның 1500 жылдығы, Семей атом полигонының жабылуының 20 жылдығында жалғасын тапты. Дәулет Сейсенұлының ықпалымен соның төртеуі Абай елінде өткізілді. Еліміздің шығысы мен батысы, оңтүстігі мен солтүстігін тұтасымен қам­­тыған бұл сапардың жалпы қа­шық­тығы 1 600 шақырымды құраған. Сапар барысында оған қатысушылар жолдағы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ұлылардың өмірі мен шы­ғармашылығын насихаттағаны ғажап-ақ...

Жиыны он сапарда жаяу жорық экспедициясының тұрақты мүшелері Мамадияр Жақып, Балтабек Ер­сәлім­ұлы, Зейнолла Серікқалиев, Дәу­лет Сейсенұлымен бірге Өмірзақ Айтбаев, Ерлан Сыдықов сынды академиктер, көрнекті жазушы Мар­хабат Байғұт, Бүркітбай Ай­дарханов, Балташ Әлиев секілді полковниктер бұлармен бірер сапарда бірге болыпты. Дәулет аға әр жылдарда осы сапарлардың бәріне қолдау білдірген «Егеменнің» басшылары Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Аб­драхманов есімдерін атай келіп, оларға алғыс сезімін білдіре кетуді де ұмытпады.

Ұлылар елінің тумасы тарихи тұлғалардың өмір тынысын қала­мына арқау етуден сырт қалған жоқ. Ай­та­лық, оның «Шәкәрім» деп аталатын деректі кітабы дала да­нышпанының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында алдымен Ас­танадағы «Фолиант» баспасынан «Нар­тұлға», бұдан соң Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарық көрді.

Д.Сейсенұлы бүгінде он шақты деректі кітаптың, жеті драмалық пьесаның авторы. Оның пьесаларының бірінде Абай мен Шәкәрімнің («Абай-Шәкәрім»), яғни ұстаз бен шәкірттің арасындағы сыйластық – жасы үлкен ағаның ініге қамқорлығы, жеке басының үлгі-өнегесі, іні тарапынан аға өсиетіне адалдығы сөз болса, ал «Мұхтардың мұраты» деп аталатын келесі пьесасында атынан көрініп тұрғандай, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» хакім ақын­ның өмір жолын ашып көрсету за­манымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің басты мақсат-мұраты болғанын айғақтайды. Сондай-ақ ол «Маэстро», «Махаббат вальсі» деп аталатын пьесаларында басынан сан қилы тағдырды өткерген атақты скрипкашы Әйткеш Толғанбаев пен «вальс королі» атанған белгілі композитор Бекен Жамақаев туралы драма тілімен баяндайды. 2018 жылы оның халқымыздың сүйікті перзенті, жанжақты талант иесі Жә­нібек Кәрменов туралы деректі кітабы жоғарыда аталған «Фолиант» бас­пасынан жарық көріп, ал «Жәнібек ән салады...» атты драма-реквиемі Семейдегі Абай атындағы сазды-драма театрында қойылды.

Хакім Абайдың 175 жылдығында журналист-жазушының көрнекті абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұ­хамедханов туралы «Ер қазақ» деп аталатын көлемді деректі кітабы жа­рық көрді. М.Әуезовтің Қайым Мұхамедханов және Қабылбек Шырақбаев сынды қос шәкірті туралы «Қайсар Қайым» және «Теміртау трагедиясы» деп аталатын қаламгердің екі пьесасы да – сахнаға сұранып тұрған дүниелер. Қаламгер Д.Сейсенұлы – мемлекеттік, салалық орден-медальдармен марапатталған тұлға. Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азаматы.

– Қалам – қасиет. Оның киесін кетіріп, тұнығын лайлауға болмайды. Мен, ең алдымен, журналиспін. Осы киелі ма­мандықтың арқасында қазақтың салқар даласын тегіс шарладық, атымыз төрге озды. Тау тұлғалармен дидарласып, пікірлестік. Кезі келгенде қо­ғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға тілші ретінде, азамат ретінде үн қостық. Қаламмен табыстырған тағдырыма ризамын. Адам, ең алдымен, мамандық таңдауда қателеспегені жөн, – дейді Дәулет Сейсенұлы.

 

АЛМАТЫ