Отбасы • 12 Ақпан, 2024

Елу бес балалы отбасы

3372 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең көпбалалы отбасы Қостанай облысының Лисаков қаласында тұрады. Рустам Шукуров пен Муаззама Мансурованың 55 баласы бар. Ерлі-зайып­тылардың 2 ұл, 1 қызы өз кіндігінен тараған, қалған 52 баланы жетімдер үйінен асырап алған. Отбасында 11 ұлттың өкілі өсіп жат­са, балалардың алды бүгінде студент, 36 бала мектепте білім алып жүр. Ал ең кенжесі – үште.

Елу бес балалы отбасы

Суретті түсірген Тұрар ҚАЗАНҒАПОВ

Отасқандарына отыз жыл­ға таяп қалған Рустам мен Музза­ма­ның өздері де көпбалалы отбасы­нан шыққан. Сондықтан бала тәр­бие­сінде жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін екеуі де жақсы біледі. Бүгін­де туған балалары – Юлдаш пен Шер­зод ержетіп, жеке отау құрып, үлкен азамат болды. Екі ағасына еркелеп өскен Шакирасы да бойжетіп келеді.

– Қызым Шакира кішкентай кезін­де менімен ойнайтын еш­кім жоқ, ішім пысты дегенді жиі айтатын. Өзім алты құрсақ көтер­дім, үш нәрестем шетінеп кетті. Қызым­ның әлгі сөздері көпке дейін кө­ңілден кетпей, мазалай берді. Ақы­ры отағасы екеуміз ақылда­са келе, балалар үйінен бала асы­рап алуды ұйғардық. Әу баста бір-екі бала асырап алып, сонымен шек­­тел­гіміз келген. Бірақ бала­лар үйі­не келіп, кішкентай бөбек­терді кө­ріп, тілдесіп көрген соң, жеті ба­ланы бірдей асырап алдық. Кейін оларға тағы қосылды. Аллаға шүкір, балаларымның барына тәубе деймін. Ешқашан жаным қиналып, шаршап, ренжіген емеспін, – дейді Муззама.

Көпбалалы отбасы бұған дейін әмбебап сауда орталығын ұстапты. Одан кейін көтерме бағамен көкөніс, жеміс-жидек сатуға көшкен. Жеміс-жидектің көбі Шукуровтар отбасының өз бақ­шасында өседі. Сондықтан бұл үйдің тоңазытқышы да үнемі түрлі жеміс-жидекке толып тұра­ды­. Мұның сыртында, үлкен ұлда­рының ұсақ мал, ірі қара өсіретін жеке фермасы бар.

семья

Шукуровтар отбасы бұрын 5 қабатты үйдің екінші қабатын түгелдей сатып алыпты. Қазір бүкіл бала-шағасымен сол үйде тұрып жатыр. Үйлері бір көрген адамға кәдімгі балалар интернатына ұқсайды. Ұзын дәліз, оның екі жағында балалар жататын бөлмелер орналасқан. Ұзын дәлізге үлкен бөлме жалғасып жатыр. Алпысқа жуық мүшесі бар отбасы кешкілік төрт көзі түгел осы бөлмеге жиналып, әңгіме-дүкен құрады, балалар мектепте не біліп, не көргенін, үй тапсырмасын қалай орындағанын, оған қай ағасы көмектескенін, жалпы сабақ үлгерімін айтады. Одан кейін бәрі қосылып теледидар тамашалайды.

Ал ас дайындайтын бөлме кішігірім қоғамдық тамақтану орны тәрізді. Сөреде тізілген ыдыстан көз сүрінеді, бірнеше қабатты сөренің бір бөлігі азық-түлікке толып тұр. Бұл үй азық-түліктің қай түрі болмасын көтерме бағамен қап-қап қып алады. Өйткені бала көп болған соң, азық-түлік те тез бітеді. Мысалы, осыдан бір-екі күн бұрын ғана алынған 15 қап картоп бір айға ғана жетеді. Балалардың күнделікті тамағын отанасы мен бойжетіп қалған қыздары дайындайды. Таңнан кешке дейін үй шаруасынан босамайтын Муззама арасында балаларының әрқайсысымен бір ауық жеке сөйлесіп, аналық ақыл-кеңесін беріп, еркелетіп қоюға да уақыт табады.

«Бұрын әр баламның туған күнін жеке атап өтуге тырысатынбыз. Қазір ай сайын 7-8 туған күннен келеді. Сондықтан әр айдың бір күнін таңдап алып, қосып тойлаймыз. Бір-бірімізге сыйлық жасап, тәтті тоқаш, бәліштер пісіреміз. Мен балаларымның әрқайсысының мінезін, асқа, киімге талғамын жақсы білемін. Әрқайсысы­ның ерекшелігі жайлы сағат­тап әңгімелеуге болады. Мен қашанда үйде, осылардың ортасындамын. Бәрінің көңілін та­уып, ешқайсысын назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Сиыр, қой, ешкі, тауық, үйрек ұстаймыз. Туған екі баламыз – соның басында. Басқалары да сол жаққа барғанды қызық көреді. Әрине, балалар көмектеспесе, осыншама шаруаны алып жүру қиын. Мысалы, бау-бақшаның бабын менен жақсы білетін бір-екі қызым бар. Тамақтанып болған соң, ыдыс-аяқты да қыздарымның өздері жуып тастайды. Бәлкім, біреулер бала асырап, содан табыс тауып отыр деп ойлайтын шығар. Мүлде олай емес. Балалар өздеріне тиесілі жәрдемақысын алады. Одан өзге мемлекеттен ештеңе дәметкен емеспіз. Өзіміздің жеке коттеджіміз, үлкен бақшамыз, жеріміз бар. Осы қаладағы ең бірінші супер­маркетті де біз аштық. Кейін оны сатып, оңтүстіктегі ағайын-бауырларымыздың бизнесіне қомақты қаржы құйдық. Қазір ай сайын содан үлес түсіп отырады. Бірақ біз бизнестен дәл осындай бақыт таба алған жоқпыз. Жетімдер үйіне барғанда жау­таң­дап тұрған жәудіркөздерді көріп, шыдап тұра алмадым. Олардың не кінәсі бар? Соларды бауырыңа басып, жүрегіне жылу ұялатқаннан артық бақыт бар ма? Сондықтан бұл – біздің жан қалауымыз. Мысалы, біреуге ақша бітсе, үй салар, бизнес ашар, қымбат көлік сатып алар немесе саяхаттап әлемді шарлап кетер. Әркімнің осындай өз қалауы, жаны рахаттанып атқаратын сүйікті ісі, кәсібі болады. Біздікі де осы сияқты, менің өмірімнің мәні мен сәнін арттырып, жаныма тыныштық беретін ең сүйікті ісім – бала тәрбиелеп өсіріп, солардың ел қатарына ілігіп, білікті маман, жақсы азамат болғанын көру», дейді көп­балалы ана.

Елу бес баланың әкесі Рустам Шукуров көбіне ұлдарымен бірге уақыт өткізуге тырысады. Спортқа баулып, ақыл-кеңесін айтады, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Шаруаның қыбын, істің көзін көрсетіп, еңбекке үйретеді. Әр баласының өзі армандап жүрген болашақ мамандығына дейін талқылап, өз ойын айтады.

«Бала кезімізде кейде өзі­міз­дің туған бауырларымызбен келісе алмай, тәжікелесіп қалу­шы едік қой. Мұндай жағдай біздің үйде де болып қалады. Сол кезде балаға дұрыс ақыл беріп, татуластырып, бұл сенің бауырың болады, оған сенен жақын ешкім жоқ деп түсіндіре білу керек. Бұл да менің міндетіме кіреді. Балалар көбіне арманшыл, қиялға ерік береді. Мен оларға алдымен өздеріңді асырайтын кәсіпті игеріңдер деймін. Биыл 8 балам тоғызыншы сыныпты бітірген соң колледжге барады. Бір балам психолог мамандығын таңдадым дейді. Мен оған алдымен сұранысқа ие, өзіңе де, өзгеге де керек мамандықты игер деп ақыл беріп едім, ойланып қалды», дейді Рустам.

Көпбалалы шаңырақта тұрып жатқан украин, неміс, поляк, сыған, белорус, корей, әзер­бай­жан, татар, тәжік ұлтының өкіл­дерімен қатар, Данил есімді қазақ­тың қаракөз баласы да әке мейірімі, ана шуағы дегеннің не екенін алғаш осы отбасына келген соң ғана сезінген.

«Мен балалар үйінде екін­ші сыныпта жүргенде тәрбие­ші­лерім: «Сені ата-анаң алып кетуге келді», деді. Мен өз ата-анам келген екен деп ойлап қалдым. Бірақ есік алдына шыққанымда мені бөтен кісілер күтіп алды. Ол кісілер мені осы үйге алып келді. Қазір екеуі де туған ата-анамдай болып кетті. Өз анам да мұндай жақсылық жасаған емес. Ата-анамыз бізге жақсы болыңдар, бір-біріңмен тату болыңдар деп отырады. Өзіміз де бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Кейде бір-бірімізді бір күн көрмей қалсақ, сағынып қаламыз. Ата-анамыздың біз үшін осыншама еңбек етіп жатқанын біз де жақсы түсінеміз. Айтқызбай-ақ көмектесуге тырысамыз. Кот­тед­жіміз бар, сол жерге барып көмектесеміз. Менің туған бауырым да бізбен бірге тұрып жатыр. Екеуіміз күреске барып жүрміз. Күн ұзақ әкеміздің қолы тимейді, жұмысы көп. Сондықтан үлкен ағамыздың айтуымен, бәріміз жабылып қолымыздан келетін шаруаны тындырып тастаймыз. Мұндайда әкеміз де қолғанаттарым менің деп маңдайымыздан иіскеп, қуанып қалады», дейді Данил.

13 жастағы Данилдің ендігі мақсаты – тоғызыншы сыныпты­ тә­­мам­даған соң колледж­ге оқу­ға түсіп, дәнекерлеу өне­рі­­нің қыр-сырын меңгеру. Ал көп­балалы ата-ана бала­ла­­ры­ның ешқайсысын алаламайды. Бәрін өз балаларындай кө­ріп, қанаттыға қақтырмай, тұм­сық­ты­ға шоқытпай мәпелеп бағып-қағып отыр.

«Бала тәрбиесінде ертеден қалыптасқан дәстүріміз бар ғой. Соны ғана ұстанамыз. Ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіру, қамыққанға қамқор, жабыққанға жанашыр болу. Бірінші кезекте осы құндылықтарды саналарына сіңіруге тырысамыз», дейді көпбалалы әке Рустам Шукуров.

 

Қостанай облысы,

Лисаков қаласы