Қоғам • 13 Ақпан, 2024

1930 жыл: Қазақ тілін үйренгендерге 10% үстеме

255 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мына қызықты қараңыз, кезінде «Совминка» атанған Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханаға жолымыз түскенде, емдеу мекемесінің өзіндік мұрағаты іспетті қабырғаларда тізілген архив материалдарының ішіндегі сирек суреттер мен мына бір дерек көзімізге оттай басылды: «Қазақ автономиялық КСР Совнаркомының 1930 жылғы сәуірдегі Қаулысына сәйкес, 1930 жылы тамыз айында амбулаторияда қазақ тілі курсы ашылды. Жұмыс уақыты есебінен сабаққа қатысу міндетті деп есептелді. Бұйрықта былай деп жазылды: «Кешігу немесе сабаққа жүрдім-бардым қарау Қазақ КСР-інің еңбек туралы заңдар кодексі бойынша және ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес, осыдан туындайтын салдарлары бар жұмысқа деген салақтық ретінде қарастырылды. Әр курс бір сағаттан өткізілді.

1930 жыл: Қазақ тілін үйренгендерге 10% үстеме

Суретте: Кеше және бүгін. Фотолар «Ор­та­лық клиникалық аурухана» АҚ мұрағатынан алынды

Қазақ тілін білетіндер материалдық тұрғыда құлшындырылды. Осылайша, амбулаториялық медстатистика бұйрығымен Барсукова мен акушер Тюменеваларға қазақ тілін білгені үшін айлықтарына ай сайын 10% үстеме қосылды. Тіл үйрету жетік жүргізілгендіктен, амбулаторияның ең алғашқы медбикелерінің бірі М.И.Крачевская 86 жасында емделуге келгендермен қазақша сөйлесіп, ана тілдерінде қарсы алды».

Содан бері де ғасырға жуық уақыт аққан судай, зыр етіп өте шығыпты. Отыз жылдық журналистік жолымызда мемлекеттік тілдің тағдыры, күйі көз алдымызда екенін несіне баяндай берейік. Ана тілінің мүшкіл халін тек қағаз жүзінде қалдырып отырған ұйымдар мен мекемелер мыңдап саналатынын айтып отырудың өзі артық. Дегенмен мемлекеттік тілді ақиқатында тірі ұстауға ұмтылған осындай тарихи, үлгілі ұжымдар да бар.

сми

Бүгінде Ұлттық госпитальға айналып жатқан Орталық клиникалық ауруханаға барған сайын, есіктен кіргеннен әрбір медициналық қызметкерден бастап, қарайтын дәрігеріңе дейін мемлекеттік тілде қарсы алғанда, бұл басшының бұйрығын бұлжытпай орындайтын ұжым ұстанымы ма, әлде намыс пен жауапкершілік пе деп ойланған кездеріміз болыпты.

Айтқандай, біз ілгеріде ОКА басшылары қазақ тілін үйрететін курстарға мән беретіні, па­циенттерін қазақ тілінде қарсы алатыны туралы мақала әзірлеген екенбіз. Демек ана тіліміздің мә­селесі медициналық мекеменің ұдайы назарында болса, онда «Орталық клиникалық аурухана» АҚ президенті, медицина ғылымдарының докторы Асхат Браловтың да игі ықпалы бар екенін атап өту ләзім. Әйтпесе, күн сайын мыңдаған пациентті қабылдап, кешенді медициналық сараптамалар жүргізіп, жағдайы ауыр науқастарды аяғынан тұрғызып келе жатқан аурухананың басқа шаруасы да шаш-етектен және бұл тіл білмеуге сылтау болып көрген емес.

Ендеше, бұл жолы «Орталық клиникалық аурухана» АҚ қазақ тілі оқытушысы, филология ғы­лымдарының кандидаты Айгүл Өтеннің 12 жылдан бері атқарып жатқан тірлігі туралы айтамыз. Өйткені тоқсан жылдан астам тарихы бар ауруханада қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйрету мәселесі әу бастан ретке келтірілген, дәрігерлер­дің қазақ тілін меңгеруіне барлық мүмкіндік жасал­ған.

Қазақ тілі кабинеттері толық компьютерлік-лингофондық техникамен, тақта және стендтермен жабдықталған. Ауруханада қазақ тілін шын мәнінде қолданудың нақты амалдары жүзеге асырылып, барша көрнекі құрал, анықтамалық пен қабырғаға ілінетін ақпараттық нұсқау қазақ тілінде сауатты жазылған. Жарнамалық тақталар, аурухана ғимараттары мен бөлімшелерінің, ем жүргізе­тін бөлмелердің көрсеткіштері мен сілтемелері бірыңғай тілдік жүйеге келтірілген.

Егер кеудесінде жаны бар адам айналасымен араласпай тұра алмайды десек, осы қарым-қатынас шынайы ілтипат, тіл арқылы жүзеге асады. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту барысында ұжым алдындағы басты міндет – тіл үйретудің ең қолайлы тәсілдері мен қағидаттарын таңдап алу. Себебі мемлекеттік тілді үйрету үдерісін тиімді ұйымдастырудың бір өзегі осыған саяды.

«Тіл үйретудің амал-тәсілдерін ұтымды, нәти­желі пайдалану әрбір оқытушының іскерлігіне байланысты. Біз де өз тәжірбиемізде, өзге ұлт өкілдерін оқытуда мемлекеттік тілді оқытудың оңтайлы, қарапайым жолдарын ұсынамыз. Сонымен бірге жұмыс барысында кездесетін, медицина саласындағы қызметіне байланысты мәтіндермен жұмыс істейміз. Мысалы, мекемеде қазақша үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері көп. Әрбір дәрігердің өз бейініне байланысты мәтіндермен жұмыс істеу – қызықты, әрі тиімді. Біріншіден, олар өздері де білмейтін жаңа сөздермен, жаңа баламалармен танысып, осы мәтіндер арқылы тіл үйренеді. Әсіресе дәрігерлерге өз бейініне байланысты мәтіндерді оқытқан кезде, мұның тиімді тұсы – сөздікпен жұмыс, яғни тыңдаушы қызметкерлер әр салаға, атқарып жүрген бейініне байланысты термин сөздердің аудармаларымен қоса танысады. Қазақ тілі сабақтарында қолданылатын мәтін ғылыми тұрғыдан сұрыпталған, өңделген болуға тиіс, ол тыңдаушының психофизиологиялық ерекшелігіне бейімделіп алынады. Мен өз сабағымда қажетті мәтінді таңдап алған соң, онымен жүргізілетін жұмыстарды кезеңдерге бөлемін: мәтінмен жұмыстың алдындағы кезең, мәтінмен жұмыс кезеңі, мәтін соңындағы жұмыс кезеңі. Мәтінге дейінгі кезеңде мәтіналды жаттығулар беріліп, әртүрлі құрылымдық тіркесті меңгерту көзделеді. Мәтінмен жұмыс кезеңінде мазмұнын түсіну, айту, сұраққа жауап беру, негізгі ойды анықтау жұмыстары атқарылады. Соңғы кезеңде мәтінге түсініктеме беруді үйретуге бағытталған жұмыстар, сөз тіркестерімен жұмыс жүргізіледі, мәтінді грамматикалық тақырыппен байланыстыру мақсатында сөз тіркестерін талдауға көңіл бөлінеді. Қазақ тіліндегі терминдерді есте сақтау мақсатында сол терминдер көмегімен сөйлем құраймыз», дейді Айгүл Жақсылыққызы.

Қысқасы, осы сияқты ауқымды ұмтылыстың арқасында тыңдаушылар тілді меңгеруге мүмкіндік алып отырған жайы бар.

Тағы бір көңілге шуақ ұялататын оңды тірлік – ұмыт қалмаған қоғамдық жұмыстар. ОКА хакім Абайдың туған күніне орай ҚР ПІБ МО басшысы А.Цойдан челленджді қабылдап алып, Президент Іс Басқармасының қолдауымен «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат!» тақырыбында «ОКА» АҚ Әкімшілік басқару қызметі мен бөлімшелер арасында байқау өткізіпті. Эссе жазу, мәнерлеп оқу, ұлттық аспапта ән орындаудан тұратын конкурсқа 60 шақты дәрігер қатысып, өнерлі, үздік деп танылған қызметкерлер ҚР ПІБ басшысы және «ОКА» АҚ президентінің Алғысхаттарымен марапатталғанын айта кетуге болады.

Ал қазақ тілі курсына қайта оралатын болсақ, 2023 жылы бастауыш топта 59, жалғастырушы топта 41 медицина қызметкері сабаққа тұрақты қатысқан. Нәтижесінде былтырғы 15–19 мамыр аралығындағы «ҚазТест» жүйесінің диагностикалық тестілеуінен «ОКА» АҚ-ның 99 қызметкері ойдағыдай өтіпті.

Сол сияқты «ОКА» АҚ кітапхана қоры Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және ономастика бөлімі «Қазақша – орысша, орысша – қазақша терминологиялық сөздігінің» 30 томдығымен толықты.

Егер тізе берсең, ғасырға жуық аралықта небір ұлттық тұлғаларымызды емдеп, шипа дарытқан байырғы емдеу мекемесінде тілге қатысты оңды бас­тамалар баршылық. Ең бастысы, шынайы ықылас пен ниет болсын.

 

АЛМАТЫ