Саясат • 14 Ақпан, 2024

Президент Қазақ-қатар бірлескен комиссиясының жұмысын жандандыруды ұсынды

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Жиын барысында Қазақстан мен Қатар мемлекеттері арасындағы экономикалық байланыс пен жаңа жобалар талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қазақ-қатар бірлескен комиссиясының жұмысын жандандыруды ұсынды

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы серіктестікке тың серпін беру үшін жоғары деңгейдегі Қазақ-қатар бірлескен комиссиясының және Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыруды ұсынды. Қазақстан тарапы жақында ратификацияланған Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімнің екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенім білдіреді.

«Бүгін Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесу барысында мен алғашқы қадам ретінде екіжақты сауда көлемін жарты миллиард долларға дейін ұлғайтуды ұсындым. Біз Қатар нарығына машиналар, темір, болат, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да жоғары сапалы тауарларды жеткізе аламыз. Сонымен қатар Қазақстан ЖІӨ көлемі 2,6 триллион доллар болатын Еуразиялық экономикалық одақ нарығына жол аша алады. Біз Қытаймен шекаралас елміз. Бұл «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында сауда-саттық жүргізуге жақсы мүмкіндік», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің айтуынша, бүгінде визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20-ға жуық тікелей рейстің арқасында Қазақстан мен Қатар байланыстары бұрынғыдан да нығая түсті. Бұған қоса, еліміз өзінің көлік-логистикалық әлеуетін әртараптандырумен және кеңейтумен белсенді түрде айналысып жатыр.

«Каспий теңізіндегі ең ірі хабтардың бірі саналатын Ақтау порты, Астана және Алматы халықаралық әуежайлары, қарқынды дамып келе жатқан көптеген теміржол және автомобиль жолдары, сондай-ақ жоғары сапалы логистика тораптары мен хабтар ірі инфрақұрылымдық жобаларымыздың қатарына кіреді. Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытынан немесе Орта дәліздің дамуынан зор үміт күтеміз. Қатар компаниялары мен қаржы институттары осы саладағы бизнес пен инвестиция мүмкіндіктерін қарастыру арқылы қомақты пайда табады деп санаймыз. Бүгін біз жалпы инвестициялық құны 18 миллиард долларға жуық түрлі коммерциялық құжаттарға қол қоямыз. Бұл экономикалық ынтымақтастықты дамытуға батыл кіріскенімізді көрсетеді», деді Мемлекет басшысы.