Қоғам • 15 Ақпан, 2024

Мамандар: «Дүлей дүмпу болмайды»

69 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаңтардың соңғы аптасында болған бес балдық жер сілкінісі алматылықтарды айтарлықтай алаңдатты. Содан бері қала мен қала аумағындағы жер үйлерге сұраныс артып, тұрғын үй кешендерінің жоғарғы қабатындағы тұрғындардан маза қашқан. Бұған бірден-бір себеп – желіде желдей ескен алып-қашпа ақпараттар. Азаматтарды үрейге бой алдырмауға шақырған мамандар Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы комиссиясының соңғы деректері бойынша Алматыда сейсмикалық жағдай тұрақты екенін хабарлады.

Мамандар: «Дүлей дүмпу болмайды»

Өңірлік коммуникациялар алаңын­да журналистермен жүздескен ғылы­ми орталық директоры Дәулет Сәр­сен­баев, «айғайға айтақ қосып», тұр­­­ғындардың тынышын қашырған же­лі­дегі сәуегейлердің сөзіне сенбеуге шақырды. Құрамына ғылыми орта­лық­тың жетекші мамандары енген Сейс­микалық ахуалды бағалау жөнін­дегі комиссия, шаһардағы қауіпті аймақтар бойынша жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізіп, жағдайды барынша бақылауда ұстап отыр.

«Біздің мамандардың қорытын­ды­сын, бірнеше ғылыми бағыттың деректерін, жер қыртысындағы 200-ге жуық «жойқын» үдерістерді зерттей келе, Алматы сейсмикалық белсенді ауданының аумағында 5.5 және одан да көп магнитудасы бар жер сілкінісі болмайды деген болжамға келіп отырмыз. Әрине, таяуда Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған жер сілкінісінің сейсмикалық толқындары Қазақстан аумағында сезіліп, ха­лық арасында дүрбелең туғызды, кейінгі жер сіл­кі­ні­сінен кейін оның қайталануы мүмкін бе деген мәселе жұртшылықты қатты алаңдатады. Егер Савельев мырза сияқты пайымдайтын болсақ, онда ай сайын жер сілкінісі болады деп «болжанады» және бұл сәйкес келуі де мүмкін. Айтпақшы, ол 15 қаңтарда Алматы қаласының аумағында сейсмикалық апатты 12 балл деп болжағанын еске салғым келеді. Шын мәнінде, 7 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда Қытайда Ал­матыдан 260 шақырым жерде бол­ды. Ал алматылықтар сол күні 5 балдық жер сілкінісін сезді», дейді Д.Сәрсенбаев.

Сейсмикалық зерттеу қорытынды­лары гидродинамикалық, гидро­хи­мия­лық, геофизикалық, деформа­циялық үдерістерді және биологиялық бақылауларды талдай отырып жүзеге асады. Әрбір деректер кешені осы негізге сүйене отырып жасалады. Са­рап­шылар, оңтүстік пен оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағы да жер сіл­кі­нісі қаупі жоғары аймақта екенін еске салды. Алматы қаласы тау бөктерінде орналасқандықтан, сейсмикалық-шарт­ты үдерістердің қосымша қауіп­тілік факторы басым.

«Азаматтар жер сілкінісі мен басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі ереже­лер­ді нақты білуі керек. Мәселен, Жа­понияда жер сілкіну қалыпты құ­былысқа айналған. Қанша дүмпу болса да, іс жүзінде зардап шеккендер тіркелмейді. Тағы да еске түсі­рейік – Алматыда жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер болды ма? Жоқ, адамдар дүрбелеңнен зардап шекті. Ал ол қайдан пайда болды? Жағдайды түсінбеу салдарынан, әртүрлі жалған хабарламалар мен мем­лекеттік органдар тарапынан ақпа­рат­тың жеткіліксіздігі салдарынан. Бұл бағытта жұмыс істеу керек», дейді Д.Сәрсенбаев.

Сарапшылар Алматының 9-10 бал­дық сейсмикалық қауіпті аймақта орналас­қанын жоққа шығармайды. Төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етудің маңызы зор. Сол себепті әр­бір азамат қауіпсіздік ережелеріне қа­тысты қарапайым қағидаларды қа­перде ұстағаны абзал. Құтқару қыз­­метінің өкілдері, жер сілкінісі кезінде отбасылық немесе ұжымдық қа­уіп­сіздікке қатысты мынадай іс-қи­мыл­дарды ескеруге шақырды.

Жерасты дүмпулері кезінде әрекет ету үшін үйіңіздегі ең қауіпсіз жер­лерді алдын ала анықтау қажет. Мұндай орындарға күрделі ішкі қа­быр­ғалардың саңылаулары, ішкі қа­бырғалардан пайда болған бұрыштар, жақтау арқалық­тарының асты жатады. Ғимарат­тан шығудың ең қысқа жолын тауып, қауіпсіз орынды алдын ала бел­­гі­леңіз және жер сілкінісінен кейін отбасыңыздың жиналу орнын анық­таңыз. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев қабылдануы қа­жет шаралар туралы айта отырып, биік үйлерде тұратын алматылықтар білуге тиіс ережелерді атады.

«Дүрбелеңге түспеңіз, сабыр сақ­таңыз, жерасты дүмпулері кезін­де жеделсаты мен баспалдақты пайда­лан­баңыз, жер сілкініп жатқан уақыт өткенше үйде күтіңіз, жиһаздан, те­ре­­­зелерден, жарықшамдардан алыс­­таңыз, жасырынатын орын та­быңыз (жүк көтергіш, капитал, ішкі қа­бырғалардың бұрышы), ғимараттан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – жерасты дүмпулері тоқтағаннан ке­йін), суды, газды, электр қуатын өші­ріңіз, алдын ала дайындалған «дабыл чемоданын» алыңыз, ғимарат­тан эвакуациялану кезінде электр же­лі­лерінен, ғимараттардан, ағаш­тар­дан аулақ бо­лыңыз, жер сілкіні­сінің қайталануы мүмкін екенін ескеріңіз, балаларға, қарт­тарға, мүм­кін­дігі шек­теу­лі жан­дарға көмек көр­сетіңіз», дейді маман.

Алматыда зардап шеккендерге қызмет көрсететін 384 қабылдау пункті жұмыс істейді. Олар негізінен мектеп, балабақша, колледж, жоғары оқу орындары сынды білім беру ұйымдарында орналасқан. Азаматтар «Баршаның назарына!» сигналын естігеннен кейін, қолжетімді хабарландыру құрал­дарын, «дабыл чемоданындағы» қа­былдағышты қосып, алынған нұс­қаулар бойынша әрекет етуге тиіс. Мамандар жер сіл­кінісінің қайталама факторла­ры­нан қорғану мақсатында үй-жай­лардың (бөлмелердің) қабыр­ға­ла­ры­на ауқымды жиһаздарды бекіту жұ­мыстарын жүргізуді ұсынды.

 

АЛМАТЫ