Халық • 14 Ақпан, 2024

Татулыққа сызат түспесе игі

185 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміз зайырлы мемлекет ретінде қазақ жеріндегі түрлі этностардың еркін өмір сүріп, ділі мен дәстүрін, тілі мен дінін сақтауға еш шектеу қойған емес. Солай бола тұра, объективті жеңіл түсініктерін желіге салып, қоғамдық пікір туғызатын, сол арқылы татулыққа сызат түсіруді көздейтін теріс пиғылдардың әрекеті ара-тұра бой көрсетіп қалады.

Татулыққа сызат түспесе игі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әсіресе, кейінгі уақытта Қазақ­стан мен Ресей қарым-қатына­сына сына қаққысы келетіндер «орыс тілі­не қысым көрсетіле бастады» деген негізсіз желеуді алға ұстайтын бол­ған. Этносаралық татулық – қылдай нәзік мәселе. Сондықтан көршілес ел­дер­дің достығына нұқсан келтіретін жымысқы әрекеттерге жол беруге бол­майды. Қоғам бұл мәселеге зерделі көзқарас, терең пайыммен қарағаны абзал.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл ба­ғытта этностар достығын дәнекер­лейтін маңызды жобаларды қолға алған. Өзге ұлт өкілдері арасында кең сұранысқа ие болған «Үйде сөй­ле» жобасының негізін қалаушы Александра Мыскина түймедейді түйе­­дей етіп, халықтар достығына күйе жақ­­қысы келетіндерді сынға алды.

– Әлем күн сайын өзгеріп келеді. Ақ­параттық майдан қыза түскен. Осы­ны пайдаланып, қазақ-орыс дос­ты­ғын сынайтындар, әлдеқашан қа­лып­тасқан игі ұстанымдарды аяқ­ас­ты еткісі келетіндер пайда бола бастады. Қақтығыс тудыратын технологтер тіл тақырыбын өшпенділік тудырудың ең жылдам және тиімді әдістерінің бірі ретінде пайдаланады, көпұлтты елдерде бұл мінсіз жұмыс істейді. Қазақстан-Ресей қа­рым-қатынасы мәселесінің үнемі күн тәрті­бінен түспей, кімнің айтқанына қарай достық немесе дау-дамайға айналуының басты себебі – біздің геосаяси ұстанымымыз. Ресей біздің ең жақын көршіміз болды, солай болады да. Әлем картасын ғасырлар бойы, біздің арғы аталарымыз бен олардың арғы аталары жасаған және біздің Ресей Федерациясымен шекаралас болуымыз бекер емес. Сондықтан қазақ-орыс достығын сынау әбестік. Біз басқа құрлыққа көшпейміз, Ресей де көшпейді. Жақын көршімен тығыз қарым-қатынас жасай беруіміз керек. Дипломатия қазақтың қай кезде де мықты тұсы болған, дауды сөзбен шешу өнері бұл өлкеде ғасырлар бойы қалыптасқан үрдіс. Сөз бен әділ­діктің күші – талай жанжалдың түйі­нін тарқатқан Майқы билерден жал­ғасқан мектеп. Біз бұл дәстүрді жалғастырамыз. Қазақтар ежелден көршіні алыс туыстан да жақын санаған, бұл қағида қазіргі геосаясатта да қол­да­нылады. Арандатушылық дәнегін егіп жатқандар менталитетімізді біл­ме­гендіктен, ақпараттық қоқыспен далаға от жағуға болады деп ойлайды. Біле-білгенге бұл ұсақ-түйек мә­селе емес. Мұндай уақытша аран­да­тушылықтар дала даналығының алдында дәрменсіз екеніне сенімдімін. ҚХА бастамасымен қазақ тілін үйрену бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіліп келеді, этнос өкілдерінің саны күннен-күнге көбейе бастады. Біз қазақ тілін туған жерді сүйгеніміз, құрметтегеніміз үшін үйренеміз. Ал орыс тілі елімізде теперіш көріп жатыр деген сөз мүлде қисынға келмейді, онымен қалаған адам, қалағанынша сөйлеп жүр, – дейді ҚХА мүшесі А.Мыскина.

«Қазақстанды мекендейтін этнос­тар­дың тіл еркіндігінің сақталуы мен олардың тіл саясатына қатысты кенже қалып жатқан тұстары бар ма?» деген сауалды «Қазақша сөйлейтін клуб» қоғамдық жобасының белсенді мүшесі Ольга Спиринаға жолдадық.

«Бірді-екілі жекелеген адамдардың пікірі қоғамдық ойды білдірмейді. Кім екені белгісіз, бейтаныс адамның пікіріне бола қорытынды жасай алмаймыз. Жеке өз басым мұндай жағ­дайлардың куәсі болған емеспін. Мені де, ортамды да орыс тілінің кесірінен ешкім қыспаққа алған емес. Мен ғаламтор бетіндегі бейнелерді кез­дейсоқ көрдім және мұны теріс пи­ғылдардың жымысқы әрекеті деп бағаладым. Арандатушылар қай кезде де болған және бола береді де. Олардың артында тұрақтылықты шайқау, абыржу туғызу секілді белгілі бір мақсат­тар­дың тұрғанын ұмытпауымыз керек. Арандатушылардың жетегіне еретін болсақ, біз үшін ең қымбат құндылықтан айырылып қалуымыз мүмкін. Бейбітшілік, бірлік, этностар­­дың өзара сыйластығы мен достығы – тұрақты және дамып келе жатқан Қазақстанның негізгі тіректерінің бірі. Оны сақтауға бар күш-жігерін салу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Қолымыздағы игіліктің жойылуы­на жол бермейік! Бұл тек арандатушылар мен олардың артында тұрғандарға ғана тиімді. Ал тіл мәселесіне қатысты айтарым, әрбір азамат мемлекеттік тілге құр­мет­­пен қарауға тиіс. Мен «Қазақша сөй­лей­тін клуб» қоғамдық жобасына қатысамын. Бұл – тегін сөйлесу клубы. Кездесулерімізде қазақ тілін ойын түрінде үйренеміз. Сабақтардың тұжы­рым­дамасы мен бағдарламасын өзім құрастырдым. Бұрын клуб оты­рыс­­тары жүйелі түрде өткізілсе, қазір тек сұраныс бойынша. Мен ұйым­дар­ға сабақтар жүргіземін», дейді О.Спирина.

Сарапшы қазақ тіліндегі аула клуб­­тарына қызығушылық артып келе жатқанын, ҚХА-ның жастар қанаты еліміздегі достық пен бірлікті нығайту үшін басқа да бірнеше бастаманы қолға алғанын жеткізді.

ҚХА – 30 жылдан бері ел тұрғын­да­рын ынтымаққа ұйыстыруда ма­ңызды рөл атқарып келе жатқан бірегей ұйым. Ассамблея мүшесі Алина Кан «Сөйле» деп аталған аула клубында азаматтарға қазақ тілін үйретумен айналысып келеді. Бірнеше тілді еркін меңгерген ол мемлекеттік тілге құрмет көрсету  әрбір азаматтың пайым-парасатынан хабар береді деп есептейді.

«Қазақстанда қазақ тілі – мемле­кет­тік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қа­тынас тілі. Қазақстан – 120-дан астам этнос өкілдері тұратын мемлекет. Бір-бірімізбен қазақша да, орысша да сөйлесеміз. Басқа факторлармен қатар, біз ТМД елдерімен орыс тілі арқылы кең ауқымды қарым-қатынас жасайтынымыз анық. Қазіргі уақытта мен – «Алина Канс тіл мек­­те­бі» онлайн мектебінің негізін қа­лаушы әрі дәріскерімін. Қазақ тілі­нен сабақ беремін. Одан бөлек қо­ғам­дық жұмыстармен айналысып, өзге этнос өкілдері арасында қазақ тілінің қанат жаюына көп үлес қосып келемін. Сонымен қатар «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жас­тар қанатының жанындағы «Сөйле» әңгімелесу клубында замандастарыма қазақ тілін тегін үйретемін. Әлеуметтік желілерде қазақ тілінде танымдық бейнероликтер жүргіземін. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту бағытында қыруар іс атқарып келеді. Жыл сайын жүздеген этномәдени іс-шара өткізіледі, олар­ға белсене қатысып жүрген азамат ре­тінде ҚХА ел бірлігінің көрсеткіші екенін айтқым келеді, дейді А.Кан.

 

АЛМАТЫ