Аймақтар • 15 Ақпан, 2024

Қысқы санақ жүргізіліп жатыр

158 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде аң-құстарды қысқы есепке алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тау-тасты кезіп, санақ жұмысын жүргізу үшін 248 мемлекеттік инспектор, сондай-ақ жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің 5 маманы жұмылдырылды.

Қысқы санақ жүргізіліп жатыр

Аң санау жұмыстары жылдың қай мезгілі болмасын, оңай емес. Қамаудағы мал сияқты бас-басымен санап алмайды. Алтайдың жыңғыл-жыңғылын, сай-саласын атпен, болмаса жаяу аралап, ізімен санайды. Елік-марал үйірімен кездессе, суретке түсіріп, тіркеп алады. Фототұзақтың көмегіне де жүгінеді. Бірақ ол құрылғы аң біткенді түсіріп үлгермесі анық.

– Ұлттық парк аумағындағы аң-құстарды жыл сайын тізімдеп, санын шығарып отырамыз. Сонымен қатар тұяқты жануарларды азықтандыру жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз. Себебі қар жылдағыдан қалың, – дейді жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің басшысы Ерік Қасымов.

Алтайда қыс ұзақ әрі қатал. Қатал қыста түз тағысы жүрген соқпақпен соңдарына түсе із санап жүрген инспекторлардың еңбегі еңбек-ақ. Қысқы санақ есептеріне қарасақ, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 120 бұлан, 400 бастай марал, 2 200 мөлшерінде елік бар екен.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық парк аумағында аңның қай түрі болмасын, аулауға қатаң тыйым салынған. Сондықтан да шығар, қасқыр көбейген. Ауыл маңын торуылдап жүретін ит-құс малшылардың мазасын қашырғаны да және рас. Малмен жан баққан ауыл тұрғындарының айтуынша, одан құтылудың жалғыз жолы бар: заң аясында аңшыларға қасқыр атуға рұқсат беру қажет.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы