Үкімет • 15 Ақпан, 2024

Азаматтық алу жеңілдейді

71 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төр­ағалығымен Пала­таның жалпы отырысы өтті. Жиын барысын­да бірқатар құжат қабыл­данды. Атап айтқанда, олардың қатарында ха­лықтың көші-қон саласын реттейтін заң жобасы бар.

Азаматтық алу жеңілдейді

Ең әуелі депутаттар «Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жо­басын қарады. Аталған мә­селеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.

«Еуразиялық экономикалық одақтың 97-бабында оған мүше мемлекеттердің ғылыми дәре­желері әр тараптың ұлттың заңнамасына сәйкес танылады деп көзделген. Дегенмен Еу­разиялық экономикалық одақ­тың негізгі қағидаты – төрт бостандық. Соның ішін­де тауарлар, қызметтер, жұ­мыс күші мен капитал алмасу. Осы орайда жұмыс кү­ші­нің бостандығы осындай баптармен сәл шектеледі. Сон­дықтан келісімнің 6-бабында көзделген жағдайды қос­пағанда, ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды ұлттық тану рәсімдерін жүргізбей-ақ та­нуды ұсынады», деді С.Нұр­бек.

Аталған келісімге 2023 жыл­ғы 8 маусымда Сочиде қол қойылған. Құжат одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дәрежелерін олардың аумағындағы еңбек көші-қоны шеңберінде тануды көздейді.

Құжатта бірқатар мәселе қарастырылған. Мәселен, ЕАЭО-ға мүше елдердің аума­ғында еңбек қызметін жүзеге асырған жағдайда ғылыми дәрежелерді (философия докторы (PhD), бейіні бойынша докторы, ғылым кандидаты және ғылым докторы) растаусыз танылады. Сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтары жұмыс істейтін мемлекетте белгіленген академиялық дәрежесі бойынша үстемеақы алуға өтініш берген жағдайда ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды танудың ұлттық рәсімдері қолданылады.

Ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың түпнұсқалығын тексерудің объективті тетік­терін құру және қатысушы ел­дер арасында ақпарат алмасу көзделген. Түпнұсқалықты тексеру үшін мүдделі ұйымдар басқа мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салуға құқылы. Қазіргі таңда ЕАЭО-ға мүше елдер осы ке­лісімді ратификациялау бойын­ша ішкі рәсімдерді жүргізіп жатыр.

Бұдан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны сала­сындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады.

Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы бірінші оқылымда 2022 жылдың сәуірінде ма­құлданған болатын. Құжатта кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сот­талған шетелдіктердің Қазақ­станға келуін, сондай-ақ ел аза­маттығын алуын шектеу ұсы­нылады.

Сонымен қатар экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге елге кіруге тыйым салынады. Тө­тенше жағдай кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттар жарамды болады. Түзетулерде төтенше жағдайлар кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі бол­маған жағдайда пайдалану мәселесі реттеледі. Мұндай құ­жаттар қолдану мерзіміне қара­мастан жарамды деп танылады.

Бұдан бөлек, түзетулерді екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар «қандас» мәртебесін беру тәртібін же­тілдіруге бағытталған жаңа норма әзірледі. Енді «қандас» мәр­тебесін және Қазақстан азаматтығын алу үшін өті­ніш білдірген адамдардың ұлты қазақ екенін анықтау тәр­тібі жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың құзыретіне кіреді.

Сонымен қатар қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына этностық қазақтардың жеке отбасы мүшелері, қандастардың жесірлері және олардың ортақ балалары енгізіледі. Азаматтық алудың оңайлатылған тәртібін қолдана алатын адамдар санаты кеңейтілді. Енді елімізде заңды түрде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы аза­маттарының жесірлері тұру мерзіміне қарамастан оңайла­тылған (тіркеу) тәртіппен Қа­зақстан азаматтығын ала алады. Сондай-ақ бұл қатарға халықаралық шарттар негізінде оңайлатылған тәртіппен Қа­зақстан азаматтығын алуға құқығы бар адамдар да кіреді.

Заң аясында көшіп-қону­шылар ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлерді Үкімет айқындаған қабылдаушы өңір­лерден конкурссыз ала алады. Олар бес жылға дейінгі мер­зімге және иеліктен шығару құқығынсыз уақытша қысқа- мер­зімді өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы негізінде беріледі.

Бұл ретте жер учаскелерінің көлемі ең аз мөлшерден аспауы керек. Ал шаруашылық серік­тестігінің жарғылық ка­пи­талына салым ретінде ие­ліктен шығару және беру құ­қықтары көзделмейді. Өңірден көшкен кезде жер пайдалану құқығы тоқтатылады. Мұндай аймақтарда 5 жылдан астам тұрып, өз міндеттерін тиісінше орындаған қоныс ауда­ру­шы­лардың жаңа мерзімге шарт жасасуға басқаларға қарағанда басым құқығы болады.

Заң жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ерікті көшуге қаты­сушыларға қоныс аудару үшін төленетін мемлекеттік субси­дияларды қорғау нормасы белгіленді. Банктер мен қаржы ұйымдарының алдындағы не­сиелік міндеттемелері бойын­ша алымдардан тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шы­ғыстарды өтеу енгізіледі.

Заң жобасындағы тағы бір ерекшелік – еңбекші көшіп-қонушыларға бір айдан он екі айға дейінгі кез келген мерзімге жұмысқа рұқсат алу мүм­кіндігі беріледі. Қазір мұн­дай рұқсат бір, екі, үш немесе он екі айдан кем болмауы қажет мерзімге беріледі. Бұл ретте жұмыс істеуге берілетін рұқсаттың мерзімін ұзарту да бір, екі немесе үш ай болуы мүмкін. Сонымен қатар енді жұмыс істеуге рұқсатты мерзімі біткенге дейін елден шықпай-ақ ең көбі үш айға ұзартуға болады.

Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы же­тілдіру бойынша заңда қыл­мыстық-атқару жүйесі мекеме­леріндегі бейнебақылау құ­рылғыларын қасақана бұз­ғаны үшін қылмыстық жауапкер­шілік көзделген. Осыған орай заңның мазмұны тек көші-қон саласындағы ғана емес, басқа да салалардағы заңнаманы қам­тығандықтан, атауы да өз­гертілді.

Бұл қылмыс үшін жаза енгізу ұсынылады: сотталғандарға – негізгі өтеу мерзіміне қо­сымша екі жылға дейін, қыз­меткерлерге – 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айып­пұл, 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Мәди Тәкиевтің өкілеттігін мер­зімінен бұрын тоқтату мәсе­лесі қаралды. Өткен аптада ол жаңартылған Үкімет құ­рамында Қаржы министрі қыз­метіне тағайындалды. Ал Мә­жілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып Татьяна Савельева сайланды.

Айтуар Қошмамбетов Мәжі­ліс депутаттарының қатарына қосылды. Ол – «Respublica» партиясы фракциясының өкілі. Мәжіліс депутаты ретінде ол ант қабылдап, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болып сайланды.

Сондай-ақ Мәжіліс коми­теттері бірқатар заң жобасын жұмысқа алды. Олардың қа­тарында Су кодексінің жобасы мен су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ілеспе түзетулер, Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау туралы заң жобасы, «Жануарларға жа­уапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы бар.

Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық са­уалдарын жолдады. Ерлан Саиров Премьер-министр Ол­жас Бектеновтен экономика мен инфрақұрылымды дамыту салаларында бәсекелестік үшін тең жағдай жасауды сұрады.

«Президент Тоқаев Үкімет­тің кеңейтілген отыры­сына «Экономикаға жаңа импульс беру үшін Үкімет кәсіп­кер­лермен терең әріптестік ор­­натуы қажет», деп атап өтті. Бұл өте маңызды. Се­бебі кә­сіпкерлік таңдаулы азамат­тар­дың еншісі болмауы керек. Яғни ұлттық бизнес жеке дара адамдардың қолында емес, жаппай халықтың игі­лігінде болуға тиіс. Адал әрі әділетті ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жет­ті», деді Е.Саиров.

Депутаттың пікірінше, ел­де әлі күнге дейін бизнес­те, жер байлығын игеруде де мо­нополия бар. Бұған дәлел ре­тінде негізгі экономикалық көр­­сеткіштер 10 компанияның ен­шісінде, ал ірі салық төлей­тін­дердің саны одан да аз еке­нін атап өтті.

«Ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, теміржолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болды. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен «мүмкіндіктер теңсіздігіне» ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек. Мұндай құбылыс елі­міздің экономикалық ты­ныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматқа өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік бермейді», деді Е.Саиров.

Қайрат Балабиев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында жекеменшік мектептер мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, жекеменшік мектептер мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж.

«Елімізде бала саны артып, үш ауысымда оқитын мектептер көбейген кезде Үкімет кә­сіпкерлерге ұсыныс жасап, жекеменшік мектептер салуға шақырды. Осыған байланысты 2004-2010 жылдары жекеменшік мектептер жаппай ашылып, оқу орындарының тапшылығын шешуге оң әсер етті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 7 611 білім ұясының 707-сі – жеке­меншік. Оқушылар саны 245 мыңнан астам және олар­дың тең жартысы – бастауы­ш сынып оқушысы. Бүгінде мек­тептердегі орын тапшылығы өзекті мәселеге айналып, 270 мыңнан астам орын жетіспей отыр. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданбаса, бұл көрсеткіш алдағы үш жылда 4 есеге артуы мүмкін», деді Қ.Балабиев.

Осы орайда депутат жеке­меншік мектептерге Үкімет та­рапынан жеткілікті көңіл бө­лініп отырмағанын атап өтті. Соның салдарынан мемлекеттік пен жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібінде ай­тарлықтай айырмашылық орын алып отыр. «Мемлекет есебінен жекеменшік мектептерде тегін білім алатын аз қамтылған отбасы балаларына берілетін әлеуметтік көмек, ыстық тамақ, мектеп формасымен қамту, оқу құралдары мен оқулықтар сатып алу қарастырылмаған. Сол себептен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары орын жетіспеуінен жай мектептен жекеменшікке ауыстырылса, мемлекеттен берілетін көмек­тен құр қалады», деді Қ.Бала­биев.