Қоғам • 16 Ақпан, 2024

Алматыда биыл алғашқы үшем дүниеге келді

516 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталығында Ұлу жылының алғашқы үшемдері жарық дүниеге келді. Таяу күндері толғағы басталған келіншек перинаталдық орталыққа шұғыл түрде жеткізіліп, барлық қажетті аспаптық тексерулерден өткеннен кейін, кесарь тілігі жасалды.

Алматыда биыл алғашқы үшем дүниеге келді

Фото: Ашық дереккөз

Сәтті өткен кесарь операциясын өз ісінің майталмандары – хирургтер – Азамат Ержанов пен Бақыт Әбішева жүргізді. Осылайша, салмағы 2360 және 2420 грамм болатын екі ұл, 2050 грамм қыз бала дүниеге келді.

Ұлдардың бірі туылғаннан кейін жағдайға байланысты бір апта бойы реанимация бөлімінде неонатологтардың тәулік бойы бақылауында болып, барлық қажетті медициналық емдеу жүргізілді. Қалған екі нәрестенің жағдайы қалыпты болғандықтан, патология бөліміндегі анасының жанында болды.

Үшем тапқан ана медицина қызметкерлеріне алғысын жаудырып: «Жоғары кәсібиліктің, ерекше қамқорлық танытқандарыңыздың арқасында  үшеуін де аман-есен өмірге әкелдім. Барлық медицина қызметкеріне осындай  қиын да жауапты еңбегі үшін шын жүректен алғыс білдіргім келеді! Дәрігерлердің арқасында балаларым міне, менімен бірге, бүгін үйге  шыққалы отырмыз», дейді.