Білім • 19 Ақпан, 2024

Студенттің чат-боты

82 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Колледж студенті «Umit» чат-ботын жасады. Чат-бот қала тұрғындарын әлеумет­тік жағынан қолдау бағытында қолға алынған. Көмекші құралдың қолданылу аясын кеңейтіп, болашақта ел көлемінде нарыққа шығару жоспарланып отыр.

Студенттің чат-боты

Қосымшаның «Umit» аталуы да бекер емес екен, себебі бұл негізгі заңнамалық көздерден алынған құрылымдық ақпаратқа сүйене әзірленген әлеуметтік маңызы бар көмекші құрал болмақ. Оны жасаған Бақыт Еділқызы Абай облысының Р.Байсейітов атындағы Семей экономикалық-қаржы колледжінің 3-курсында оқиды. Оның чат-боты арқылы әлеуметтік бағдарламаларды іздеуге және таңдауға, сондай-ақ құжаттарды толтыру барысында көмек пен туындаған мәселелер бойынша кеңес алуға болады. Бұған қоса қосымша маңызды күндер мен мерзімдер туралы еске салып отырады.

Автор өзінің қосымша жасаудағы ойын: «Осындай озық әзірлемелердің нәти­жесінде біздің облыс әлеуметтік қызмет­тер көрсетуде алдыңғы қатарда болға­нын қалаймыз. Цифрлық ғасырдың қажет­ті­лік­теріне сәйкес келетін жаңа дең­гей­ге шығуға болады. Ең басты мақсат – мұндай қызметтерді мұқтаж адамдарға шынымен қолжетімді ету. Біз бұл игі іске өз үлесімізді қосуға дайынбыз», деп түсіндіреді.

Жасампаз студент бірінші кезеңде нейрондық желі үшін оқыту моделін алған. Содан соң әлеуметтік қолдау, еңбек және салық қатынастары мәселелерін реттейтін осындай іргелі заңнамалық көздерден алынған құрылымдық ақпарат топтастырды. Екінші кезеңде пайдаланушыларға ұсынылатын ақпараттың толықтығы, өзектілігі мен пайдасын байқау мақсатында бот шығарған шешімдердің дұрыстығын талдап, әртүрлі жағдайдағы мысалды жасанды интеллект моделінде тексеріп көрген. Umit чат-ботын әзірлеу үшін жасанды интеллект технологияларына негізделген визуалды прототиптеу мүмкіндігі бар (no-code approach) арнайы чат-бот конс­трукторы пайдаланылды. Бұл платформа табиғи, кәдімгі қолданыстағы тілді тиімді өңдеуге арналған машиналық үйретудің озық алгоритмдерімен жабдықталған. Студенттер, мұғалімдер мен жұмысшылар, тіпті басқа колледждер арасында тестілеу мен эксперименттер жүргізілді. Бұл іс жүзінде бот интерфейсінің тиімділігін бағалауға, оның жауаптары мақсатты аудитория үшін қаншалықты түсінікті және пайдалы екенін түсінуге, тестілеудегі типтік сұрақтар мен мәселелерді анықтауға мүмкіндік берді.

Жоба жетекшісі, жоғарыда аталған колледждің оқытушысы Артур Искаков болашақта электрондық үкімет порталдары, банктер, жұмыспен қамту қызметтері және т.б. сияқты мемлекеттік және ком­мерциялық сервистер арқылы интеграциялау жоспарланғанын жеткізді. Олар Қазақстанның барлық өңірін қамту, содан кейін жергілікті заңнаманың ерекшеліктерін ескеріп, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдердің нарығына шығуды көздеп отыр. Сондай-ақ ІOS/Android платформасының артықшылықтарын пайдалана отырып, кеңейтілген функционалдығы бар «Umit» мобильді қосымшасын іске қосуға да еңбектеніп жатыр.