Аймақтар • 20 Ақпан, 2024

Жетісуда газ турбина стансасы салынады

57 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісуды толық газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Әсіресе облыс орталығынан алыста орналасқан ауыл­дарды жылумен қамту маңызды. Осы ретте Талдықорған қаласында электр және жылу энергиясын өндіруді ұлғайту мақсатында газтурбина стансасын салу жоспарланып отыр. Оған жеке инвестор 37 млрд теңге қаражатын құймақшы.

Жетісуда газ турбина стансасы салынады

Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Аталған мәселеге қатысты облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов инвестор компанияның өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында ол елімізде, соның ішінде Жетісу өңірінде экономиканың елеулі дамуының нәтижесінде электр және жылу энергиясына деген қажеттілік өсіп келе жатқанын жеткізді. Соған байланысты «Басқуат Энерго» ЖШС ұсынған бұл маңызды жоба облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапқан. Жоба туралы кеңінен таныстыру үшін облыс әкімінің орынбасары алғашқы сөзді «Басқуат Энерго» ЖШС директоры Арман Отарбаевқа берді. Серіктестік басшысының айтуынша, Талды­қорғанда газтурбиналық станса салу межеленген. Жоба үш кезеңнен тұрады, яғни 2024-2025 жылдары іске асырылмақ.

«Құрылысқа қажетті жер учас­кесі бар, қазір геологиялық-гео­­де­зия­лық жұмыстар жүр­гі­зіліп жатыр. Зерттеу жұ­мыс­тары аяқталған соң, наурыз айы­ның басында бірінші кезеңнің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың мамыр-қазан айларында жобаның алғашқы кезеңі аяқталуға тиіс. Ал маусым-қазан айларында екінші кезеңнің құрылысын да қоса жүргіземіз. 2024-2025 жылғы жылыту маусымына үлгеріп, бастапқы меже – 25 Гкал жылу энергиясын өндіруге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Жоба 2025 жылдың қазан айына дейін толық аяқталады деп жоспарланған», деді А.Отарбаев.

Талдықорған қаласы әкімі­нің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов өз сөзінде осы жобаға байланысты әкімдікте бірнеше отырыс өткізілгенін, соның нәтижесінде құрылысқа қажетті жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесінің оң шешілгенін, «Басқуат Энерго» ЖШС-ның «Басқуат» бас қазандығымен өзара бірігіп жұмыс істеу туралы келісім жасалғанын қысқаша баян­дады. Сол сияқты облыстық энергетика және тұрғын үй ком­му­налдық шаруашылығы бас­қармасының басшысы Айдос Бекетаев «Басқуат Энерго» ЖШС-ның жобасына және Текелі қала­сы мен Ескелді ауданының табиғи газға қажеттілігін тиісті көлемде қамтамасыз ету үшін «Талдықорған» АГРС-ның қуа­тын 200 мың км 3/сағат­қа жеткізу қажет­тігі туын­дай­тын­дық­тан, аталған АГРС-ке жаң­ғыр­­ту жұ­мыс­­тарын жүргізуді ұсынды.

Жалпы экономиканың, со­ның ішінде өндіріс пен құры­лыс сияқты негізгі сала­лардың қарқынды өсуіне байланысты энергияға деген сұра­ныстың артуы, энергетика нысан­да­рын­дағы жабдықтардың тозуы, резервтік сыйымдылық қорының шектеулігі бұл салаға едәуір көлемде инвестиция салуды қажет етіп отырғандықтан, газтур­биналық станса салу жоб­а­сы­ның Жетісу өңірі үшін маңызы зор. Атап өтсек, «Басқуат Энерго» ЖШС жаңа нысан салу барысында 3 газ-поршенді турбина, екі газ турбинасын, 4 кәдеге жаратушы қазандық орнатады. Жобаны іске асыру негізінде жалпы көлемі 80 МВт электр энергиясын, 100 Гкал жылу энергиясын өндіру көзделген. Бұл өз кезегінде Талдықорғанды жылу энергиясымен қамтып отырған «Басқуат» қазандығының қолданыстағы жылу беру жүйесінің қуатын арттыруға үлкен ықпал етпек. Жобаның құны – 37 млрд теңге.

Жылу дегеннен шығады, күні кеше Ескелді ауданына қарас­ты Алдабергенов ауылына газ құбырын тарту жұмыс­та­ры аяқталып, елді мекенге көгілдір отын берілді. Газ қосу рәсіміне арналған салтанатты шараға Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов, облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық бас­қар­ма басшысының орынбасары Данияр Ысқақов, мердігер компания өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы өз сөзінде тұрғындарды құттықтап, қазіргі таңда халықтың бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселелеріне, соның ішінде табиғи газбен қамту мәселесіне басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ескелді ауданында 33 елді мекен бар, оның 21-і газдандыруға жатады. Бүгінде ауданда Алдабергенов ауылын қоса алғанда 5 елді мекен газдандырылған. Оларда жалпы саны 6 200-ге жуық абонент бар. Келесі кезекте Бақтыбай ауылын газға қосу жоспарланған.

Қазір ауданның 11 ауылында газ тарту жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Бұл елді мекендерді газ­ға­ қосу жыл соңына дейін ке­зең-кезеңімен іске асырылады. Соны­мен қатар 3 елді мекенді газдан­ды­рудың жобалық-смета­лық құ­жат­тамасы әзірленіп жатыр. Соның нәтижесінде 2025 жыл­дың соңына дейін ауданның 41 мың тұр­ғыны бар 21 елді мекені табиғи газға қол жеткізеді.

4 мыңнан аса тұрғыны бар Алда­берген ауылына тартылған газ же­лі­лерінің ұзындығы – 107 км.­ Жоба­­ның құны – 756,5 млн теңге. Газ құ­бы­рының құрылысын «Ком­­пания ГазСтрой» ЖШС жүр­гізді.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліме­тін­ше, 2023 жылы жалпы сомасы 22,9 млрд теңгеге газ тарату желілерін салудың 22 жобасы іске асырылып, соның нәтижесінде ­­1061 км газ желілері тартылған. Соның ішінде 11 жоба бойынша жұмыстар аяқталып, газ берілді, ал 11 жоба 2024 жылға ауыспалы. Бұған қоса биыл облыстың тағы 22 елді мекенінде газдандыру жұмыстары басталды. Жалпы, облыс көлемінде бүгінде 319 мың адам газға қол жеткізді, яғни халықтың газбен қамтылу деңгейі – 45,6 пайыз.

 

Жетісу облысы