Экология • 21 Ақпан, 2024

Экологияға тиімді жүйе

57 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары «Сколково» зерттеушілерімен бірлесіп, жасанды интеллект негізінде «электронды мұрын» жасауды қолға алды. Бұл көп функциялық құрылғыны экологиялық жағдайды бақылаудан бастап, өнімнің сапасын анықтауға немесе адам денсаулығын бақылау секілді түрлі салада қолдануға болады. Бір сөзбен айтқанда, отандық ғалымдар «электронды мұрын» желісін құрып, қаладағы қоршаған ортаны бақылау жүйесінің прототипін құрастыруды жоспарлап отыр.

Экологияға тиімді жүйе

Жасанды интеллектіге не­гіз­делген көпсалалы жобада ней­рондық желілер мен машина­лық оқыту алгоритмі қолданылады. Қазір ғалымдар «электронды мұрынға» көп тапсырма орындауды үйретуді бастады. Олар нейрондық желіні бір жүйеден екіншісіне ауыстыру моделін жасауды қолға алды. Бұл жоғары дәлдігі бар бірнеше жасанды иіс сезу жүйесін қысқа мерзімде үйретуге мүмкіндік береді.

«Жасанды иіс сезу жүйелері жоғары мамандандырылған салада қолданылады. Егер жүйені бір аспапта үйретсеңіз, дәл сол жүйені екінші құрылғыға пайдалана алмайсыз. Қазіргі электронды мұрын жүйелерінің әрқайсысын бір-бірінен бөлек ұзақ уақыт оқытып, сынақтан өткізіп, белгілі бір салада ғана қолданады. Бұл оның жаппай өндірісін қалыптастыруға жол бермейді. Біз оқыту әдістемесін әзірлеу және деректерді бір жүйе­ден екінші жүйеге жылдам тасымалдау жұмысымен айналысамыз. Бір «электронды мұрынды» зерттеу объектілеріне және түр­лі мақсатқа қолдану арқылы нәти­жеге қол жеткіздік. Жобаның қоры­тындысында бірнеше «мұрыннан» желі құруды жоспарлап отырмыз. Олар деректерді жүйеге жіберіп, сол арқылы қаланың экологиялық мониторингі жүйесінің прототипі жасалады», деп түсіндірді жо­ба же­текшісі, аталған жоғары оқу орнындағы «Ақпараттық қауіп­сіздік және криптология» ғылыми зерттеу институтының директоры Дина Сатыбалдина.

Сондай-ақ ғалымдар «электронды мұрын» көмегімен еліміздің түрлі аймағында топырақтың мұнай өнімімен ластану дәрежесін анықтады. Тәжірибе ретінде 8 кен орнынан мұнай алынды. Оның ба­рысында жасанды иіс сезу жүйе­сі 95 пайызға дәлдікпен құра­мы ұқ­сас мұнай түрін ажыратты. Ғалымдардың пікірінше, мұндай жылдам бағалау кейбір қымбат, ұзақ мерзімді зертханалық зерттеулерді ауыстыруға мүмкіндік береді.

«Біз пластмассалардың иісін анықтау үшін зерттеу жүргіздік. «Электронды мұрын» сарапшы адамдардың мұрындарына қарағанда сезімтал екені белгілі болды. Адамдар иісті анықтай алмағанда, біздің құрылғы оны жоғары дәлдікпен ажыратты. Демек бұл үдерісті толығымен автоматтандыруға болады», деді Д.Сатыбалдина.

Жасанды иіс сезудің газ-анали­тикалық жүйесі заттың химия­лық құрамын ажыратып жіктейді және дәл анықтайды. Сонымен қатар құрылғы көкөністер мен же­містердің үлкен көлемін сақ­тау үдерісін басқаруға және авто­маттандыруға көмектеседі.