Қоғам • 22 Ақпан, 2024

Елімізде еңбекке қабілетті азаматтардың 20%-ында проблемалық несие бар

87 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбекке қабілетті жастағы Қазақстан азаматтарының 20%-дан астамы несие төлеу мерзімін 90 күннен астам уақыт кешіктіріп отыр. Бұл «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасы аясында жүргізілген зерттеуде анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде еңбекке қабілетті азаматтардың 20%-ында проблемалық несие бар

Өткен жылы бұл жоба еліміздің 65 мың тұрғынына қаржылық тәртіп негіздерін үйретіп қана қоймай, қаржылық әдеттерін қайта қарауға көмектесті, сонымен бірге халықтың қаржылық жағдайы туралы маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік берді.

Деректерге сәйкес, банктер мен басқа да қаржы ұйымдарына қарыз адамдар саны 1,7 миллионнан 2 миллионға дейін жетеді. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен жеңілдетілген несиелеу азаматтарға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Бірақ олардың көпшілігі табысын немесе кепілдігін растай алмағандықтан оны пайдалана алмайды, тиісінше бұл оларды қаржы институттары үшін «сенімсіз» етеді.

«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев аталған мәселе көлеңкелі экономика көлемінің ұлғаюына әкелетінін айтты. Өйткені адамдар жұмыс берушілерден жалақысын «конвертте» беруді сұрайды.

«Жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары қатысушыларға көптеген мүмкіндіктер ашады. Бірақ қолдау құралдарын пайдаланудың шарты – табыс пен зейнетақы аударымдарын немесе кепілдікті растау. Ауқымды жоба халықтың едәуір бөлігі қаржы институттары тұрғысынан «сенімсіз» тізімде болуына байланысты бұл мүмкіндіктен айырылғанын көрсетті. Сондықтан олар жұмыс берушілерден жалақысын «конвертте» сұрауға мәжбүр. Осылайша көлеңкелі экономиканың онсыз да үлкен көлемі артып келеді», деп атап өтті Э.Жұмағазиев.

Партия «Ауыл аманаты» жобасының қазіргі тетігін кеңейтуді, сондай-ақ 12 ай бойы қаржы институттары алдындағы кредиттік міндеттемелерді тұрақты жабатын азаматтарға жеңілдікпен кредиттеу бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік беруді ұсынды.

«Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қаржылық сауаттылықты арттыру жобасының маңыздылығы айтылды. Бірақ біз әрі қарай жүруіміз керек, өйткені түпкі мақсат – халық табысын арттыру және сол арқылы өмір сүру сапасын жақсарту. Сондықтан осы міндеттерге қол жеткізу үшін Үкіметпен және жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, «AMANAT» партиясы қажетті дағдыларды оқытуды, сондай-ақ қайтарымды гранттар, өндірістік жабдықтар лизингі сияқты құралдарды енгізу жолымен жобаны кеңейтуді ұсынады. Бұл 1 миллионнан астам Қазақстан азаматын экономикалық айналымға қайтаруға мүмкіндік береді. Теңдестірілген және батыл шешім қажет, ол сайып келгенде, тұтас экономикаға оң серпін береді», деді ол.