Қоғам • 22 Ақпан, 2024

Тасымалдау кезіндегі су шығыны 25%-ға дейін азаяды - министр

85 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада су технологиялары мен ресурстары бойынша I халықаралық «Global water» форумы өтіп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға Президент кеңесшісі Қанат Бозымбаев, Delivery Unit кеңсесінің су ресурстары блогының басшысы Арман Тұрлыбек, сондай-ақ бейінді мемлекеттік органдардың, бизнестің, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Австрия, Израиль, Финляндия, Франция және басқа мемлекеттердің су саласының жетекші сарапшылары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тасымалдау кезіндегі су шығыны 25%-ға дейін азаяды - министр

Фото: Министрліктің баспасөз қызметі

Қазақстан мен Орталық Азиядағы су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғау мәселелері талқыланған форумда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміздегі су саласын трансформациялау бағытында жүргізіліп жатқан негізгі жұмыстар туралы баяндап берді. Ведомство басшысы еліміздегі су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі негізгі құжат - жаңа Су кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленгенін атап өтті.

«Жаңа Су кодексінде су үнемдеу мәселесі маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, су үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйесін қарқынды енгізуге, сондай-ақ жерасты ауыз суларын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге басымдық беріліп отыр.  Су саласындағы бұзушылық үшін жауапкершілік заң деңгейінде қатаңдатылады. Сондай-ақ кодекске ауыз судың сапасын жақсартуға қойылатын талаптар енгізілді», деді Нұржан Нұржігітов.

Министр ауыл шаруашылығында су үнемдеу мәселесіне жеке тоқталды. Ведомство шаруаларды су үнемдеу технологияларын орнатуға ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп су үнемдеу жүйелерін орнату және сатып алу шығындарын субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Үкімет Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Маңызды құжат су қорғау құрылыстарын салу және реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу жөніндегі бірқатар шұғыл шараны іске асыруды көздейді. Министрлік кешенді жоспардың нәтижесінде ел экономикасын кепілді сумен қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және тасымалдау кезінде судың өнімсіз шығынын 25%-ға дейін азайтуға ниетті», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Нұржан Нұржігітов «Global water» форумы су саласындағы мәселелер бойынша тәжірибе, білім және идея алмасу, сондай-ақ түрлі мүдделі тараптар арасында серіктестік байланыстар мен ынтымақтастық орнату үшін бірегей алаңға айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ министрлік өкілдері форум аясында айтылған ұсыныстарды назарға алып, жұмыс барысында міндетті түрде зерделейтінін мәлімдеді.