Қоғам • 25 Ақпан, 2024

Отандық жүк тасымалдаушылар одағы қолдау күтеді

173 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Халықаралық автомобильмен тасымалдаушылар одағы (ҚазАТО) баспасөз мәжілісін өткізіп, жаңа Үкіметке өз үндерін жеткізуге ұмтылып отыр.

Отандық жүк тасымалдаушылар одағы қолдау күтеді

Фото: Ашық дереккөз

БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында ҚазАТО басшысы Мақсат Сақтағанов Үкімет пен ҚР Көлік министрлігі экономиканың осы саладағы қалыптасып отырған жағдайды реттеуге ықпалын жүргізіп,  автотасымалдаушылардың басындағы ахуалға құлақ түріп,  шаралар қабылдайтынына сенім білдіре келе: «Біз жаңа үкіметтің біз көтеріп отырған мәселелерге назар аударып, отандық халықаралық тасымалдаушыларға көмек көрсететіне үміт артамыз», деді.

Сонымен баспасөз мәслихатында бес мәселе көтерілді. Біріншіден, ұлттық автомобильмен тасымалдаушылар осыдан алдын қолданыста болған қазақстандық тасымалдаушылар үшін де, шетелдік тасымалдаушылар үшін де ауыстырып тіркеуге және ауыстырып тиеуге  тыйым салу туралы норманың жойылуын қолдамайтындықтарын білдірді. Олардың уәжі бойынша, ҚР Көлік министрінің ауыстырып тіркеуге/ауыстырып тиеуге рұқсат беру туралы бұйрыққа қол қоюы – жүк тасымалдары көлемінің азаюына әкеп соқтырмақ.

Автотасымалдаушылар осы түйткілді шешу үшін ҚР Көлік министрінің 2024 жылғы 9 ақпандағы № 61 бұйрығының күшін жою ұсынады.

Екіншіден, шетелдік рұқсат бланкілерін жасанды түрде, қолдан тапшы жасап,  кейіннен сатылып жатыр, дейді ҚазАТО өкілдері.

Отандық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат бланкілерін алуды шектеу арқылы жасанды түрде рұқсат бланкілерінің тапшылығы, жетіспеушілігі жасалып, сол арқылы бланкілерге сұраныс арттырылады.

Үшіншіден, тұлғаларға беру мақсатында шетелдік рұқсат бланкілерін алған тұлғаларды жауапқа тарту – 150 АЕК көлемінде айыппұл салу, халықаралық автомобильмен тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігі мен карточкаларының күшін жою ұсынылды.

Ал жоғарыдағыдай заңсыздықтарға жол берген автокөлік құралдарына рұқсат беру карточкаларының бермеу үшін оларды VIN кодтары бойынша қара тізімге енгізіп, 1 жылға дейін рұқсат беру карточкаларын алуына тыйым салу  ұсынылды.

Журналистермен өткен жиында негізгі халықаралық көлік дәліздерінде орналасқан автомобиль жолдарының жағдайы қанағаттанғысыз, нашар екендігі де айтылмай қалған жоқ. Өйткені, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ сеніп тапсырылған міндеттерін тиісті деңгейде орындамай отыр. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметінің ашық, айқын болуы мақсатында, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдарының жағдайы жөніндегі мәселелерді шешу үшін ҚР Бас Прокуратурасы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Қаржы министрлігі, «Атамекен» ҰКП және ҚР Халықаралық автомобильмен тасымалдаушылар одағының (ҚазАТО) өкілдері қатысатын Жұмыс тобын құру ұсынылды.

Халықаралық автотасымалдаушылар ЕВРО-5 экологиялық қауіпсіздік класына сәйкес келмейтін көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге қатысты төмендегідей тұжырымдарын алға тартып отыр.

Яғни, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктің көлік құралының фотосуреті арқылы немесе көзбен шолу арқылы берілуіне тыйым салу; Еуро-2 экологиялық класына жататын көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тыйым салу ұсынылды.

Мәселен, ҚР ҚМ МКК қызметкерлері шетелдік тасымалдаушыларда Қазақстан Республикасының аумағына халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруы кезінде рұқсат бланкілері болмаған жағдайда, оларды автомобиль көлігі туралы ҚР заңнамасында көзделген әкімшілік жауапкершілікке тартады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 573-бабының 1-тармағына сәйкес, автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiне – 200, заңды тұлғаларға 500 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Халықаралық автомобильмен тасымалдаулар саласындағы саясатты жетілдіру жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулер қабылданса, мемлекеттік кірістер органдарының өкілеттігіне шетелдік жүк тасымалдаушылардың автокөлік құралдарына арналған шетелдік рұқсат бланкілерінің болу-болмауын тексеру мен бақылау қызметі кіретін болады.