Қоғам • 28 Ақпан, 2024

Ұландықтар елорда тұрғындарына көмектесті

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордалық ұландықтар қырағылық танытып, Астана тұрғындарына көмектесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұландықтар елорда тұрғындарына көмектесті

Фото: Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі

Дәлірек айтар болсақ, 27 ақпанда сағат 20:20 шамасында «Сарыарқа» ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі патрульдік-бекеттік қызметті атқару кезінде Ұлттық ұланның әскери жасағына бір әйел өзінің баласын таба алмайтынын айтып, көмекке жүгінді.

Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Георгий Лебакин мен қатардағы жауынгерлер Бекболат Ескендір және Арсен Қази бұл оқиға туралы дереу патрульдік топ бастығына баяндап, жақын маңдағы жасақтарды хабардар етті.

Аз ғана уақыт ішінде әскери жасақтың көмегімен төрт жасар баланы тауып, оны анасына тапсырды. Қуанған ана ұландықтардың қызметіне сәттілік тілеп, олардың жедел әрі жауапты әрекеттері үшін алғыс білдіріп, бөлім командирінің атына алғыс хат жазды.

Екінші жағдай сол күні сағат 20:30 шамасында болды. Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Біржан Жақсылықов пен патрульдік қатардағы жауынгерлер Бақдәулет Асылхан мен Әлішер Махмет құрамындағы әскери жасақ патрульдеу бағытында «IPhone 14» маркалы смартфонды тапты. Бұл жағдай туралы байланыс құралдары арқылы әскери жасақ бастығына баяндалды.

– Біз іздеуді бастағаннан кейін телефонға смартфон иесінен қоңырау түсті. Кейін ол телефон табылған жерге келді. Әңгіме барысында біз смартфонның осы жас жігітке тиесілі екеніне көз жеткізіп, оны иесіне қайтардық, – дейді әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Біржан Жақсылықов.

Осыдан кейін жас жігіт сарбаздарға қырағы және адал қызмет еткені үшін алғыс айтты.