Қоғам • 29 Ақпан, 2024

Алғыс айту – асыл қасиет

216 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде көктемнің алғашқы күнінде көктем мезгіліндегі айтулы мерекелердің бірі Алғыс айту мерекесі тойланады. Бұл мереке, мейірімділіктің бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен ыстық ықыласының жарқын символы. Ел бірлігін нығайтқан бұл мерекенің басты мақсаты ел аумағында тұратын 130-дан астам ұлт өкілдерін жақындастырып, бір-біріне деген құрметін арттыру. Еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне өз қонақжайлығын танытып қиын қыстау кезеңде иық тіреп сүйеу болған қазақ халқының интернационалдылығы көпке үлгі десек те артық етпес, деп жазады Egemen.kz.

Алғыс айту – асыл қасиет

Фото: автордан

Ал, бүгінде еліміздегі әрбір құрылымда да, ынтымақтастық пен бауырмалдылық қасиеттері  сақталған. Солардың бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімі. Еліміздің қорғаны бола білген Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде бүгінде өзге ұлт өкілдері Отан алдындағы борыштарын өтеуде. Атап айтар болсақ, қазақ, орыс, татар, әзербайжан, қырғыз, өзбек, ұйғыр ұлт өкілдері. Ел қорғаны бола білген бұл әскери бөлімде де алғыс айту күні ерекше аталып өтеді. Осы орайда біз  5517 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаздардың кімдерге алғыс айтатынын біліп келдік.

Ең алғашқы болып өзінің ыстық ілтипатын білдірген ұйғыр ұлтының өкілі 5517 әскери бөлімінің атқыштар ротасының сарбазы қатардағы Армединов Саид Савердинұлы 

- Барлығымыз білетіндей Қазақстан халқының асыға күтетін мерекелерінің бірі бұл алғыс айту күні. Тоғызыншы рет аталып өтіліп жатқан бұл мереке еліміз үшін жарқын мейрамдардың бірі болып есептеледі. Бұл күн қазақтардың ынтымақшылдылығы мен достастығының символы, қонақжайлылығының көрсеткіші десем артық айтқаным емес. Көктемнің жайма шуақ жылуымен тұспа тұс келген бұл мереке қарсаңында мен өз алғысымды әрқашан менің жанымда демеу беріп қолдап жүрген ата-анама, достарыма айтқым келеді. Қиын  уақытта тыңдап көмектесіп, қолдау мен қамқорлық көрсеткеніне шын жүректен алғыс айтамын. Әрдайым менің жағдайымды ойлап, ешбір жерде жалғыз тастамай осы күнге жеткізген ата-анама шын жүрегімнен өз алғысымды білдіремін.

аа

Кезекте «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің сарбазы, тәжік ұлтының өкілі қатардағы Туғалов Фарух Ғасыржанұлы  

- Осыдан тоғыз жыл бұрын елімізге жаңадан бір ерекше мереке пайда болған. Ол халқымыздың ынтымақ-бірлігін айғақтайтын ерекше күн − алғыс айту мерекесі. Жыл сайын 1 наурыз күні аталып өтетін бұл мейрам қиын қыстау кезеңдерде қуаныш пен қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айту күні. Алғыс айту - бұл адамның жүрегіне ерекше жылулық сыйлайтын керемет қасиет, адамгершіліктің жоғарғы көрсеткіші. Жыл сайын бұл мерекенің тарихы жаңа оқиғалармен толықтырылады. Сондықтан да уақыт өте келе бұл мереке халқымыздың асыға күтетін сүйікті мерекелерінің бірі болды. Бұл күні көптеген адамдар, ел тарихын есіне алып, тәуелсіздігімізді қасық қаны қалғанша бермеген ата-бабаларына алғыс айтады. Сонымен қатар адамдар бір-біріне, ата-аналарына, балаларына алғыс айтып жылы естеліктерін естеріне алып, бір шаңырақ аясында жиналып уақыт өткізеді. Мен де осы мереке қарсаңында өзімнің жылы лебіздерімді балалық шағымды бірге өткізген достарыма, сыныптастарыма айтқым келеді. 

аа

Келесі кезекте 5517 әскери бөлімінің атқыштар ротасының сарбазы ұйғыр ұлтының өкілі қатардағы  Камалов Юсуф Нұрланұлы

- 1 наурыз – Алғыс айту күні түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың үлгі өнегесіне айналды. Сондай-ақ бұл күн еліміздің тарихындағы елеулі күн болып есептелетіні бәрімізге мәлім. Себебі осындай айтулы мерекенің арқасында еліміздің бірлігі бекемденуі мен қатар тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымыз жаңа белеске жетеді. Бұл күн жақсылықты бағалауға, көптеген ұлт өкілдері арасында сыйластық пен татулықты арттырады. Ендеше мен, өзімнің Отан алдындағы борышымды өтеп жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен 5517 әскери бөлімінің жеке құрамына алғысымды білдіргім келеді. Менің жауынгерлік қызметімді артырып, Отан алдындағы борышымды өтеуге өз септігін тигізгендері үшін бар жақсылықты тілеймін. Еліміздегі тыныштық пен үндестікті, өзара сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүргендері үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді.

Осындай ізгі тілектердің арқасында, адамдар бір-біріне мейірімділік білдіріп, қадам жасаған сайын еліміздегі ынтымақтастық күшейе береді. Осылайша алғыс айту күні ел тарихында өзінің ерекше жылулығын қалдырып жүрген керемет мерекелердің бірі болады. Бізде бүгінгі жас сарбаздардың ізгі тілектерін қабыл алушы ата-ана, туған-туыс, достары қуанышты екеніне кәміл сенеміз. Осы орайда біз  «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрамы, ел тыныштығының қалқаны болып жүрген Ұлттық ұланның әрбір қызметкеріне өз алғысымызды айта отырып, отбасыларына бақыт, шаңырақтарына шаттық, ата-аналарына зор денсаулық, ел игілігі үшін атқарып отырған қызметтеріне табыс тілейміз.  

 

Манарбек Бақдәулет,

лейтенант

Орал қаласы