Халық • 29 Ақпан, 2024

Тоғызқұмалақ тәлімгері

61 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңір спортының қалыптасу, даму бастауында жүріп, Қос­та­най­да алғашқы спорт нысандарының салынуына ұйтқы болған ардагер спортшы, ұлағатты ұстаз Дмитрий Поляковтың қазақ хал­қының даладай кең пейіліне, ұлттық спортына деген сүйіспеншілігі ерекше. Биыл тоқсанның бесеуіне аяқ басқан Дмитрий Степанович – тоғызқұмалақтан Қазақстанның тұңғыш спорт шебері, республиканың тоғыз дүркін чемпио­­­ны, көптеген спорт шебері мен Қазақстан чемпиондарын тәрбиелеп шығарған жоғары санаттағы жаттықтырушы.

Тоғызқұмалақ тәлімгері

Дмитрий Степановичтің әке-шешесі қазақ даласына ертеректе Харьковтың маңайынан қоныс аударып келген шаруа кісілер екен. Әкесі көп жыл кеңшар бас­қарған. Ресеймен іргелес отыр­ғандықтан шекараның арғы бетіндегі ағайындары көшіріп алмақ болып қанша үгіттесе де, бұл жердің топырағы жақсы, хал­қы қайырымды деп қоз­ғал­май қойыпты. Дмитрий атай­дың өзі 1929 жылы Павло­дар облысындағы Қаратай елді ме­кенінде дүниеге келген. Бала­лық шағын сұрапыл со­ғыс жылдарына ұрлатқан бала Дмитрий бұғанасы бекімей жатып ерте есейеді.

«Соғыс басталған жылы мен 12 жасқа толмаған баламын. Әкелеріміз майданға кетті. Ауылда ер азамат қалмады. Олардың орнын әйелдер мен біз сияқты бала-шаға басты. Осылайша, ауыр еңбекке ара­лас­тық. Қазақ, украин, орыс, белорус балалары 10-15 жасымызда өгізге соқа жегіп, жер жырттық, егін жинадық, масақ тердік, 60 шақырым жердегі қамбаға бидай тасыдық. Шөп шауып, мая тұр­ғыздық. Аш-тоғымызды біл­мей, таң құзынан кеш батқан­ша тыным таппай кеңшар жұ­мысында жүреміз. Балалар бригадасын Зәкір дейтін ақсақал басқаратын. Жарықтық жамау-жамау ескі дорбасының түбінен құрт, талқан, көжесін алып шы­ғып бәрімізге жеткізіп бөліп беріп, өзі бір шетте кемсеңдеп жылап отырушы еді. Алты ұлы соғысқа кеткен деп естігенбіз. Алтауы да оралмады. Әлі күнге дейін сол Зәкір қария берген көк құрттың қышқыл дәмі таңдайымнан кетпейді. Таяуда аяңдап басып үйдің жанындағы музейге барып қайттым. Бір бұрышта тұрған ескіден қалған соқа, тырмақ, қамытты өгіз арба көзіме оттай басылды. Кетік ернеулі ағаш тостағанмен көже ұсынып тұрған Зәкір атайдың әжім басқан мейірімді жүзі көз алдыма келіп, көңілім босап кетті», дейді көпті көрген қария.

Дмитрий атайдың адами болмысына, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен тәрбиесіне, салт-дәстүріне деген ерекше құр­метіне сүйсінбеске болмайды. «Осы қазақтардың жеті атасына дейін жатқа білетініне таңмын. Өте бір қайран қалар­лық керемет дүние ғой. Мен мысалы, әрі кетсе екінші атамды ғана білемін. Одан арғы­лары кімдер, қандай адамдар болған? Ол жағы жұмбақ. Қазақтың отбасылық тәрбиесі де ғажайып институт. Менің пәтерім үшін­ші қабатта. Анда-санда таза ауаға шығып, үйге жақын болған­дықтан, орталық саябақта серуендеп келемін. Көршіміз – қазақ. Кейде төмен түсіп бара жатып, сол үйдің кішкентай баласымен жолымыз тоқайласып қалады. Мұндайда әлгі балақай таяғымды алып, қолтығымнан демеп, жүгіріп барып есікті ашып аулаға дейін шығарып салады. Қаршадай ғана бала мұны қайдан біледі? Демек, ата-анасынан көрген ғой», дейді қария.

1954 жылы комсомолдық жолдамамен Қостанайға келіп, біраз жыл облыстық спорт коми­тетінің төрағасы қызметін ат­қарған Дмитрий Поляков то­ғыз­құмалақты осы қызметте жү­ріп үйренгенін айтады. Кейін әріп­тестеріне де үйретеді. «Бұрын жұмыста түскі үзіліс ке­зінде шахмат ойнаушы едік, тоғызқұмалақ үйреніп алған соң оны мүлде ұмыттық», деп еске алады қария. 60-жылдардан кейін педагогика институтының дене тәрбиесі кафедрасын басқарған Дмитрий Степанович жоғары оқу орнының сол кез­дегі ректоры Қаби Ғазизов­тың рұқсатымен, оқу бағдарла­ма­сына тоғызқұмалақ пәнін енгізіп, студенттерін екі жыл бойы ұлттық спорт түріне бау­лиды. Ал 1992 жылы біржола жаттықтырушылық қызметке көшіп, кейінгі буын жастарға тоғызқұмалақ үйрете бастайды.

Қостанайда тоғызқұмалақтан Дмитрий Поляков атындағы облыстық турнир өтіп тұрады. Мұндай турнирлерге аты аңыз­ға айналған тоғызқұмалақ шебе­рінің өзі де қонақ ретінде қаты­сып, жас спортшылардың ойынын тамашалайды.

«Қостанай командасы рес­пуб­лика жарыстарында он жыл­дай ешкімге дес бермедік. Тоғызқұмалақтан еліміздегі тұң­ғыш спорт шебері атандым. Ұлттық ойынның осы өңірде өрістеуіне ұзақ жылдар бойы көп үлес қостым, мұны өзім де мақтан тұтам. Қостанайда Тоғызқұмалақ үйі салынса екен деп армандап, жобасын сы­зып, облыс басшыларына көрсетіп едім, ешқайсысы ерен санамады. Таяуда Шымкент қаласында Тоғызқұмалақ үйі са­лынды деп естіп қуанып қал­дым. Тоғызқұмалақты жал­пы­халықтық спорт түріне ай­налдырған дұрыс. Біздің кезі­мізде орыс, украин, татар, неміс ұлтының өкілдері ойнайтын. Қазір көбіне қазақтар ғана ойнайтын болып жүр. Жапонның дзюдосы да әу баста ұлттық спорт түрі болды ғой. Қазір әлемдегі бірден-бір ең әдемі, ең кең тараған күрес түрі болып саналады. Тоғызқұмалақ та өте тартымды спорттың түрі, дәріптеп, дамыта білсек әлеуеті дзюдодан еш кем емес. Ол үшін мектеп бағдарламасына жеке пән ретінде енгізген дұрыс. Өйткені денешынықтыру пәні баланың тәнін шыңдаса, тоғызқұмалақ ми қатпарында ұйықтап жатқан мың сан тамырларға жан бітіріп, оқушының ойлау өрісін жетіл­діруге жол ашады», дейді ардагер спортшы.

Ұзақ жасаудың сырын тоғыз­­құмалақпен байланыстыратын Дмитрий Степанович Алғыс күнінің мән-мағынасы тереңде екенін айтты. «Бұл күн – қилы кезеңдерде сан тарау тағдыр айдап әкеліп, қазақтың кең даласына тамыр жайып, баян­ды бақыт тапқан, ұрпағын өсі­ріп, жергілікті жұртпен біте қай­насып кеткен әр алуан ұлт өкі­лі­нің қазақ халқына шынайы алғыс айтатын, байтақ далаға тағзым ететін күні. Тарихы – ортақ, Ота­ны бір біртұтас халықтың бір­лі­гі берік, ынтымағы жарас­ты болуын тілейтін күн. Мен бақы­тымды қазақтың ортасы­нан, оның ұлттық спортынан тапқан жанмын. Аз-кем еңбе­гім еленіп, есімім дәріп­теліп жатса, ол – өзім өмір сүр­ген қо­ғамның, айналамдағы адам­ның жақсылығынан деп білемін. Балалық шағым ауыр болса да, кімнің қай ұлттың өкілі екенін білмейтін, түр-түсіне қарап ала­ламайтын аядай ғана ауыл­да өтті. Бұл күн – кіндік қа­ным тамған Қаратайыма, қар­ша­дай баланың аш өзегіне түсіп кетпесін деп таңдайыма көк құрт салып, өзі алты ұлы соғысқа кеткен аңызақ жолдан көз алмай кемсеңдеп отыратын Зәки қарияның рухына тағзым ететін күн», дейді Дмитрий Семенович.

 

Қостанай облысы