Аймақтар • 03 Наурыз, 2024

Жанға сая орталық

35 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қол­дау көрсету керек екенін міндеттеген. Бұл ретте өңірлерде психо­нев­рологиялық аурумен ауыра­тындарды бейімдеуге бағытталған орта­лықтар ашу маңызды. Аталған жайт облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тұрғындармен кездесуінде де жиі көтеріледі. Енді, міне, Жетісу облысында алғаш рет психоневрологиялық аурулармен ауыратындарға қызмет көрсететін күндізгі бөлімше ашылды.

Жанға сая орталық

«Жыл басында мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыс аясында психоневрологиялық ауру­лары бар 18 жастан асқан адамдарға жар­т­ылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін «Жан шуақ – Жетісу» қоғамдық бірлестігімен 3 жыл­ға келісімшарт жасалды. Мақсатымыз мүге­дектігі бар жандарды әлеуметтендіру және қоғамға, тәуелсіз өмірге бейімдеу еді. Осыған орай жобаны жүзеге асыруға облы­с­тық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Қолданысқа берілген бөлімше 18 жастан 35 жасқа дейінгі мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде», дейді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.

Орталықтағы емдік дене шынықтыру залы велотренажер, жүгіру жолы құрыл­ғы­ларымен бірге үстел теннисі, гантель, гир, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, гим­нас­­ти­калық доп, тігін машинасы, тоқуға арнал­ған жиынтықтар, жаттығуға арнал­ған жгут, мас­саж креслосы, мәде­ни іс-шаралар өткізуге арнал­ған музы­ка­лық аппаратура, маркер тақ­та­сымен жаб­дықталған. Медициналық көмек көр­сетуге және арнайы әлеуметтік қызмет көр­се­тетін мамандарға арналған кабинеттер заманауи құрал-жабдықпен толыққан.

«30 орынға арналған бөлімшеге 18 қызметкер жұмысқа алынды. Оның ішінде психолог, дефектолог, мұғалім, жаттықтырушы, әлеуметтік қызметкер бар. Қызмет алушыларға тұрмыстық, меди­ци­налық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқық саласы бойынша қызмет көрсетіледі. Оларды тасы­малдау үшін 16 орынды автокөлік жалға алынды. Алдағы уақытта ауланы қор­шап, жазғы демалыс орындары мен бассейн құрылысын салуды жоспарлап отырмыз», дейді «Жан шуақ – Жетісу» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлназ Тілеу­берлинова.

Шынында, психоневрологиялық аурумен ауыратын жастарды үйде қараудың өзі отбасы мүшелеріне салмақ түсіреді. Бұған қоса олардың өмір сүру сапасы, қоғам өміріне қатысуы да қиын болары анық. Қаншама ата-ана мамандығы болса да ауру балаларды қараймыз деп жұмысқа шыға алмай үйде отырғанын есептей беріңіз. Аталған бөлімше ата-аналардың сол қиындығын жеңілдетеді.

«Ата-ана ретінде алғысым шексіз. Бала қараумен үйде отырғаныма 15 жылдан асты. Олардың жүрегі таза, көңілі пәк болғанымен ортаға бейімделуі қиын. Көп нәрседен бас тартуға тура келеді. Мамандығым мұғалім, бірақ бала қараумен жұмыс істей алмадым. Қазір зейнеткермін, жұмыс өтілім болмағандықтан зейнетақым да мардымсыз. Қазір қаншама жас ата-ана мен секілді күй кешіп жүр. Сондықтан осындай орталықтар көбірек ашылса, олардың да өз қалауымен жұмыс істеуіне мүмкіндік болар еді», дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Ләззат Арыстанова.

 

Жетісу облысы