Қоғам • 06 Наурыз, 2024

Қазақстанда тұтынушылық несиелердің мөлшерлемесі азаюы мүмкін

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Олжас Құспеков тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда тұтынушылық несиелердің мөлшерлемесі азаюы мүмкін

«Депутаттар өткен жылдың 20 қазанында халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесі бойынша өткен Парламентік тыңдауда тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін төмендету туралы мәселе көтерді. Казіргі уақытта мөлшерлеме деңгейі уәкілетті органның, яғни Агенттіктің нормативтік қаулысында белгіленеді. Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық кредиттер бойынша қолданыстаты мөлшерлемесі - 56%. Микрокредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме шамамен 311%-ды, ал тиімді мөлшерлеме 1300 %-ды құрайды. Мөлшерлемені азайту халықтың шамадан тыс кредит алуының төмендеуіне ықпал ететін факторлардың бірі болар еді», деді Олжас Құспеков.

Осы ретте ол Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапаққызынан қаралып жатқан заң жобасында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін азайту қаншалықты көзделгенін сұрады. Осы мәселе бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың да пікірін білгісі келетінін жеткізді.

«Мәжілістің жұмыс топтары аясында бұл мәселе депутаттар тарапынан көтерілді. Өздеріңіз атап өткендей, бүгінгі күні тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме Агенттіктің нормативтік қаулысымен белгіленеді. Жалпы, бұл мәселе бойынша депутаттар ортақ шешімге келді. Ұлттық банк пен АРРДФ-мен бірлесіп, олардың бірлескен бұйрықтары арқылы олардың мөлшерлемелері бойынша тұтынушылық несиелер стандартын белгілеу ұсынылды. Екінші деңгейлі банктердің мөлшерлемелерін 56%-дан 42%-ға, ал микроқаржы ұйымдарының мөлшерлемелерін 56%-дан 50%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бүгінде бұл ұсынысты Үкімет қорытындылап жатыр», деп жауап берді Ү.Шапақ.

Оның жауабын Мәдина Әбілқасымова толықтыра түсті.

«Біз бұл мәселені жұмыс тобында талқыладық, заң жобасы қабылданғаннан кейін Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп шешім қабылдайды», деді ол.