Қоғам • 07 Наурыз, 2024

Сақтандыру 80 пайызға артты

34 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл, яғни 2024 жылдың алғашқы екі айында отандастарымыз жер сілкінісі және басқа да апатты жағдайлардан кейін 855 жылжымайтын мүлікті сақтандырған. Мәселен, былтыр дәл осы аралықта 482 нысан ғана сақтандырылса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 77,3 пайызға өсіп отыр. Алайда жекелеген азаматтардың мүліктерін сақтандыру деңгейі бүкіл елде әлі де баяу жүріп жатыр.

Сақтандыру 80 пайызға артты

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың аяғында Қазақстанда барлығы 2,52 миллион жылжымайтын мүлік нысаны, оның ішінде 307,9 мың көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Оның 170,28 мыңы Алматы қаласында болса, 267,1 мыңы Алматы облысында – еліміз­дің жер сілкінісіне ең қауіпті аймақ­тарында орналасқан.

Ең қызығы, сақтандырылған тұр­ғын үйлер саны жағынан Астана қала­сы көш бастап тұр. Жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4 пайыз, яғни елорданың үлесінде, ал Алматы қаласының үлесі небәрі – 14,85 пайыз.

«Қазіргі таңда Қазақстанда бар­лық жылжымайтын мүліктің 2 пайыз­дан азы сақтандырылған. Еліміз­­­дің 40%-ға жуығы сейсмикалық ай­­мақ­та орналасқанымен, азаматтар сақ­тан­дырудың маңыздылығы­на әлі де мән бермейді. Қаңтардағы Алма­ты­дағы жер сілкінісі көпші­лікті полис сатып алу туралы ойла­нуға мәжбүрле­генімен, біздің байланыс орталығына хабарласқандар­дың 6-7%-ы ғана ке­ліп, мүлкін сақ­тандырды», дейді «Ев­разия» СК басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жантөреев.

Сонымен қатар, бизнес жылжымайтын мүлікті апатты тәуекелдерден қорғауға аса жауапкершілікпен қа­рай­ды. Қаңтар-ақпан айларында заң­ды тұлғалар арасында апаттық тәуе­кел­дерден мүлікті сақтандыру шарт­тарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өскен. 2023 жылдың екі айында заңды тұлғалардың өндіріп ал­ған жар­наларының мөлшері жеке тұлға­лар­дың келісімшарттары бойынша жиналған сыйақылардан 740 есе асып түсті, 2024 жылдың екі айында алшақ­тық 593 есеге дейін азайғанымен, өте жоғары деңгейде қалып отыр.

«Алматыдағы кейінгі уақыт­та болған жер сілкіністері сақтан­дыруға деген мүдделестікті арттырды, алайда бұл өсімге біз база төмендігінің есе­бінен қол жеткізіп отырмыз. Тұрғын ­үйлердің басым бөлігі ипотекалық несиелеу аясында сақтандырылған. Жалпы, ерікті түрде мүліктік сақтан­дырудың артуы, үйреншікті дағдыға айналу деңгейі өте төмен. Алматыда немесе басқа да ірі елді мекендерде қуатты жер сілкінісі болған жағдайда мемлекетке, оның бюджеті мен қорымызға орасан зор салмақ түсетіні белгілі», дейді сақтандыру компаниясының өкілі. Әдетте, жылжымайтын мүлікті сақ­тандыру келісімшарты 12 айға жасалатынын еске сала кетейік.

 

АЛМАТЫ